СЕМІЗДІКПЕН КҮРЕС ТЕК СӨЗ КҮЙІНДЕ ҚАЛА БЕРЕ МЕ?
Кез келген мемлекеттің байлығы – халық. Сол халықтың саулығы аса маңызды мәселе. Себебі дені сау азаматтар ғана ел тірлігіне етене араласып, оның ілгері дамуына септесін болады. Сол басты байлық денсаулықтың сыр беруіне көп жағдайда тұтынатын тағамдарымыздың әсері көп екені белгілі. Яғни «ауру – астан» деген сөз текке айтылмаған. Тағамды талғамсыз тұтыну мен мөлшерден тыс көп жеу – ағзаға артық күш. Оның салдары көп жағдайда семіздікке апарады. Ал семіздік көптеген әлеуметтік және қауіпті аурулардың пайда болуына әкеп соқтырады. Сондықтан да көптеген мемлекеттер семіздікпен күресу үшін түрлі жобаларды қолға алып келеді.
Мысалы, жуырда адамдарды артық салмақтан арылуға шақыру үшін көрші Өзбекстан Республикасының Ферғана облысының басшысы тың бастама көтерді. Өз кезегінде Хайрулла Бозоров халық депутаттары облыстық кеңесінің сессиясында елде 30 мың адам қант диабетімен ауырғанын, мұның басты себебі дұрыс тамақтанбаудан екенін алға тарта отырып, енді салмағы шамадан тыс тұрғындар салмақ тастаса, сыйақы берілетінін мәлімдеді. Облыс басшысы «Салмақты тұрғындар бір жыл ішінде 5 келіден астам салмақ тастаса, оларға әр келі үшін 500 мың сумнан беріледі» деп мәлімдеді. Бұл АҚШ валютасына шаққанда 46 доллар болады. Тың конкурсқа қатысушылар арнайы әзірленген бағдарламаға тіркелуі тиістігін айтқан Хайрулла Бозоров «Күлкілі естілуі мүмкін, бірақ басқа амал жоқ. Бұны Ферғана тәжірибесі деп біліңіз» деп келтіреді.
Оның сөзінше, әлемдегі аурулардың 50-55 пайызы салауатты өмір салтының талапқа сай болмауынан, артық салмақ, дұрыс тамақтанбау, аз қозғалудан болады екен. Соңғы кездері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да артық салмақпен жүрген балалардың көбейгенін айтып дабыл қағып отыр.
Семіздік мәселесі Қазақстанды да айналып өтпейді. Қазіргі таңда елімізде әйелдердің 55,5%-ы және ерлердің 49,2%-ы артық салмақтың әлегін тартып жүр. 14 жасқа дейінгі әрбір жетінші бала семіздікке шалдыққан. Бұл алаңдатарлық статистиканы Қазақ тағамтану академиясы жариялаған.
Ал «Денсаулық» ұлттық қауымдастығы семіздікке шалдығу көрсеткішінің өсуіне тұрғындардың тамақты талғамсыз тұтыну әсерін тигізіп отырғанын алға тартады. «Денсаулық» ұлттық қауымдастығы мұны жою үшін дүкен сөрелеріндегі азық-түлік қаптамасында өнімнің денсаулыққа қаншалықты қауіпті екені туралы арнайы этикеттер жапсыру туралы бастама ұсынады. Бұл тұтынушылардың сатып алып жатқан тауарының салмаққа әсері мен өзге зиянын білуіне көмек болады. Аталған қауымдастық тұтынушыларға тамақ сатып алу кезінде саналы таңдау жасауға көмектесу үшін қаптамаға түрлі-түсті маркермен артық калорияның, тұздың қандай ауруларға соқтыратыны туралы ескерту жазып қоюды да алға тартады. Бұдан бөлек, сапасы денсаулықтың сыр беруіне жол бермейтін өнімдердің өтімділігін көтеру үшін қаптамаларға «құрамында қант жоқ», «экологиялық таза өнімдерден жасалған», «құрамында консерванттар жоқ», «денсаулыққа пайдалы» және т.б. қасиеттер туралы тұжырымдамалардың болуын заңнамалық деңгейде бекіту қажет деп санайды. Қауымдастық көтерген бастама сөзден іске көшсе, бұл елдегі семіздікпен күрес шараларының өз нәтижесін беруіне үлес қосуы әбден мүмкін.
Әлемдегі сыбайлас жемқорлығы аз жеті елдің бірі – Сингапурды құрушы әрі оның тұңғыш Премьер-Министрі Ли Куан Ю елде ақыл қабілеті орташа адамдар саны көп болса, тіпті бай табиғи ресурсқа ие мемлекет ешқашан алға жылжымайтынын, сол үшін де өз отандастарының көп оқып, ғылымды үйреніп, өнермен және спортпен айналысуына қол жеткізді. Сондықтан да ол Сингапур елінде артық салмағы бар жас өз салмағы нағыз Отан қорғаушысына лайықты болғанға дейін әскерде қызмет етуін жолға қойған. Мұндай тәртіп шектен шығу деп біреу сөгер, біреу құптар. Бірақ кім не десе де, бұдан Сингапур елі пайда көрмесе, зиянын тартып жатқан жоқ сияқты. Бүгінде Сингапурдың сыртқы мемлекеттен қарызы жоқ дамыған ел екені сол сөзіміздің дәлелі.
Айтпақшы, күнтізбедегі 15-қыркүйек әлемде семіздікпен күрес күні болып саналады. Адамдар семіздікпен күресуді тек бұл датада емес, жыл он екі ай жадынан шығармауы тиіс сияқты.