ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ҚОҒАМНЫҢ САН ТҮРЛІ САЛАСЫ ҚАТАР ДАМЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысы, Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев ағымдағы жылдың 9 айында өңірде атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Аймақ басшысы әуелі ордабасылықтардың ортақ мақсат жолында жұмылып, атқарған жұмыстарының нәтижесінде ауданның тұрақты даму жолына түскенін атап өтті. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша аймақтың жалпы өңiрлiк өнiмi 81 млрд теңгенi құрап, өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға өскен. Жан басына шаққандағы кіріс 661 мың теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 33 пайызға артқан. Сан түрлі салада да серпіліс бар. Толығырақ тоқталайық…

 

2021 жылы аудан бюджеті 22 млрд 541 млн теңгеден 30 млрд 559 млн теңгеге артқан. Оның ішінде ауданның кірісі 1 млрд 807 млн теңгеден 3 млрд 39 млн теңгеге өсті. Жергілікті бюджетке түскен салықтар мен басқа да төлемдер 9 айдың қорытындысымен 2 млрд 139 млн теңгені құрап, жоспар 105%-ға артығымен орындалған. Бюджеттің шығыстар бөлігінде жоспарланған 23 млрд 731 млн теңге толықтай игерілді. Жоғары бюджеттен берілетін трансферттер ағымдағы жылдың 9 айында қосымша 6 млрд 448 млн теңгеге дейін ұлғайғанын да айта кету керек.
Аудан экономикасының жетекші бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Ордабасыда аталған саладағы жалпы өнімнің көлемі 9 айда 50 млрд 372 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 млрд 381 млн теңгеге дейін ұлғайған. Осылайша нақты көлем индексі 101 пайызды құрап отыр. Өңір мұнымен тоқтап қалмақ емес. Жыл қортындысымен өнім көлемін 63 млрд 500 млн теңгеге жеткізуді көздеуде. Өсімдік шаруашылығындағы оң өзгерістер де көптің көңілінен шықты. Мәселен, биыл өңірде 65 780 гектар жерді игеру жоспарланса, есепті кезеңде 66 365 гектарды құрап отыр. Игерілген аумаққа дәнді дақылдар, көкөністер мен бау-бақша өнімдері егілген. Осылайша жоспар 101 пайызға орындалып отыр.
Ауданда «Бір алқаптан екі рет өнім алу» жобасы да назардан тыс қалмаған. Ордабасыға қарасты 9 ауылдық округтегі 201 шаруа қожалық иесі 517 гектар жерге бірінші рет егілген дақылдан 10 мың 379 тонна өнім алды. Ал екінші рет себілген дақылдың өнім көлемі 3 мың 816 тоннаны құрады. Ауданда 21 гектар өндірістік, 41 гектар фермерлік, 25 гектар үй іргелік, жалпы 87 жылыжай бар. Биыл оның аумағын 15 гектарға ұлғайту жоспарланған болатын. Тоғыз айда 16 гектар жылыжай іске қосылған. Тамшылатып суару технологиясы аудандағы 2574 га жерге қолданылуда. Биыл бұл әдісті 600 га жерге арттыру жоспарланып, бүгінгі таңға 754 га аумақ су үнемдеу әдісіне көшкен. Ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алудың жылдық жоспары 105 бірлік болса, қазіргі таңда 109 бірлік техника алынып, тапсырма 104 пайызға орындалған.
Биыл қысқа 309 мың тонна мал азығы қажет болса, бүгінде 315 мың тонна жем шөп жиналып, межелі жоспар 102 пайызға орындалған. Бұдан бөлек, ордабасылықтар еліміздің батыс өңірінде қуаңшылық қыспағында қалған ағайынға «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып, 110 тонна мал азығын көмекке жіберді.
Мал шаруашылығы өнімдеріне келсек, 2021 жылдың 9 айында 17 мың тонна ет, 37 мың тонна сүт, 8 млн дана жұмыртқа өндіріліп, ірі қара мал басы 78 мың, қой-ешкі 446 мың, жылқы 29 мың, түйе 822, құс 366 мың бірлікті құрап отыр. Ауданда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал басын 550 басқа жеткізу жоспарланса, бүгінде мал бас саны 925-ге жетті. Ал «Алтын асық» бағдарламасы бойынша жоспар 2 150 болса, қазіргі таңда 2 410 басқа жеткен. «Құлан» бағдарламасы бойынша жоспар 277 бас болса, дәл қазіргі таңда жоспар 2 есеге артығымен орындалып отыр. Шағын мал бордақылау алаңдарын ашу 100 бірлікке жоспарланса, қазіргі таңда бордақылау алаңдарының саны 106-ға жеткен. 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар – 6 млрд 371 млн теңгені құрап, жоспар 124 пайызға артқан.
Аудандағы жалпы ортақ жайылым көлемі 8 679 гектарды құраса, биыл ортақ жайылым көлемін 5 000 гектарға ұлғайту жоспары жасалған. Бүгінгі таңға 4 829 гектар жер ортақ жайылымға қайтарылып, жалпы ауданы 13508 гектарға өсті.
Ордабасы ауданында өндіріс саласында жалпы 39 кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Құрылыс индустриясы саласында жалпы 532 адам жұмыспен қамтылып, 17 қыш зауыты және тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында – 6 карьер жұмыс жүргізуде. Есепті кезеңге осы кәсіпорындармен 1 млрд 599 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 353 млн тг, немесе 111 пайызға артып отыр.
Бұдан бөлек, 2021 жылдың желтоқсан айында «Индустриаландыру картасы» аясында 2 жоба іске қосылады. Соның бірі — Украина мен Италияның озық технологиясымен жабдықталған «BOKEI» қыш зауыты. Кәсіпкерлік нысанының инвестициялық құны — 2 млрд 600 млн теңге. Жергілікті 60 азаматты жұмыспен қамтуға қауқарлы. Аталған қыш зауытының қуаттылығы тәулігіне 120 000 дананы құрайды. Бірегей жоба Түркістан қаласындағы ғимараттарды отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етпек.
Келесі жоба — «Александровский сад» көкөніс сақтау қоймасы. Нысанның жалпы құны — 800 млн теңге. 15 адам жұмыспен қамтылады. Жоба осы жылдың наурыз айында мемлекеттік қабылдаудан өткен. Бұл қойма аудан шаруаларының жасыл өнімдерін сақтауға ыңғайлы орын болмақ.
Ауданға тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай өскен. Мәселен, есепті кезеңде ауданға 15 млрд 296 млн теңге инвестиция тартылған. Бұл 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 млрд 731 млн теңгеге көп. Оның ішінде бюджеттік инвестиция 4 млрд 208 млн теңге немесе 28% пайыз болса, бюджеттік емес инвестициялар көлемі 11 млрд 88 млн теңгені немесе 72% құрайды.
Аудан көлемінде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны — 11 338. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102 пайызды құрайды. Оның ішіндегі жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындардың саны — 10 954. Бұл жалпы тіркелген субъектілердің 99 пайызын құрайды. Осы құрылымдар бойынша 16 мың 669 адам жұмыспен қамтылған. Ағымдағы жылдың 9 айында 5 857 азамат өз кәсібінің қаражат айналымын ұлғайтуға шағын несие ұйымдары арқылы 7 млрд 358 млн теңге несие алған. Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының І бағыты бойынша «БЦК банк» арқылы сауда және қызмет көрсету саласындағы 75 жеке кәсіпкерлік мекеме қаражат айналымын ұлғайту үшін 316 млн 366 мың теңге кепілсіз несие алды. Осылайша Ордабасы облыстағы аудандар рейтингінде 3-орынға тұрақтаған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеңілдетілген қолжетімді несиені алу мақсатында 38 жоба ұсынылғанын да айта кету керек. Бүгінгі таңда 3 млрд 748 млн теңгеге 25 жоба Несие комитетінен мақұлданған. Көрсеткіш бойынша аудан облыста 3-орында тұр.
Туризм саласының даму қарқыны да жақсы. Атқарылған жұмыстарға келсек, қазақ ұлтының қалыптасу кезеңінде үш жүздің басы қосылған Ордабасы тауындағы «Ордабасы» Ұлттық тарихи-мәдени қорығы аумағынан Визит-орталықтың құрылысы басталды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында іргетасы қаланған «Ордабасы сапар» орталығының жобалық құны — 1 млрд 63 млн теңге. Халықаралық автожол бойында даңқты балуаны, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы ірі туристік кешен салынуда. Құрылысы келесі жылға өтпелі. Жалпы құны 1 млрд 375 мың теңгені құрайды.
Тағы бір айта кетерлігі, ауданға қарасты Амангелді ауылындағы «Amangeldi» емдеу сауықтыру орталығы медициналық туризмнің дамуына тың серпін беруде. Шипажайдың термалдық суы түрлі жел-тұз және тері ауруларына ем. Бүгінде «Amangeldi» шипажайына еліміздің барлық өңірінен ем алушылар көптеп келуде. Сонымен қатар аудан аумағындағы ежелгі орта ғасырлық Қараспан қалашығы орны, Аққойлыдағы Ишанбазар мешіті сынды тарихи орындар бар.
Өңірдегі инфрақұрылым саласында да ауыз толтырып айтар жаңалықтар жетерлік. Мәселен, ауданда 57 елді мекеннің 45-і ауыз сумен қамтылған. 2021 жылы Ұлттық қордан, республиқалық және облыстық бюджеттен 1 млрд 520 млн теңге қаралып, 6 елді мекенде ауыз су жүйесінің құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде, 2 елді мекенде құрылыс аяқталып, тұрғындарға таза ауыз су берілді. 4 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 3 елді мекені ағымдағы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі. 1 елді мекен 2022 жылға өтпелі. Бұдан бөлек, 2022 жылға жалпы құны 2 млрд 195 млн теңгені құрайтын 5 нысанның құжаттары қаржы қарастыру үшін тиісті министрлікке ұсынылды.
Аудан бойынша 57 елді мекеннің табиғи газбен қамтылғаны 5 елді мекен, яғни 17 пайызды құрайды. 2021 жылы аудан бойынша жалпы құны 12 млрд 69 млн теңге болатын 24 елді мекенге табиғи газ жүйесі жүргізілуде. Оның ішінде 2021 жылға 2 млрд 322 млн 972 мың теңгесі бөлінген, қалған 9 млрд 747 млн теңгесі 2022 жылға өтпелі. Сондай-ақ 2022 жылға жалпы құны 5 млрд 234 млн теңге болатын 7 нысанның құжаттары қаржы қарастыру үшін тиісті министрлікке ұсынылған. Жалпы құны 355 млн 840 мың теңге болатын 6 нысанның құжаттары қаржы қарастыру үшін облыстық бюджетке жіберілген. Сонымен қатар 15 елді мекенді табиғи газбен қамту үшін жоба дайындалуда.
Сапалы электр жарығымен қамту мәселесі де оң шешіліп келеді. Атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, жалпы Шұбарсу ауылын электрлендіру құрылысы 5 кезеңнен тұрады. Құны — 5 млрд 108 млн теңге. Ағымдағы жылы Ұлттық қордан 1 млрд 522 млн теңге қаралды. Оның ішінде, 1-кезең бойынша 80 пайыз жұмыс атқарылған. Ал 2-кезеңнің жұмыстары аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Желтоқсан айында тұрғындарға сапалы электр жарығы беріледі. Одан бөлек, облыстық бюджеттен жалпы құны 964 млн 581 мың теңгеге аудан көлемінде 25 елді мекеннің электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілді. 2021 жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан инвестициялық бағдарлама жобасымен 29 шақырым электр желілері мен 6 дана трансформаторларды жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 17 шақырым электр желілері мен 4 дана трансформатор орнатылды. Жұмыстар жалғасуда. 2021 жылы жергілікті бюджеттен жалпы құны 75 млн 288 мың теңгеге елді мекендердегі 13 шақырымға 414 дана көше жарықтандыру құралдары орнатылды.
Аудан бойынша 1 398 шақырым автокөлік жолдары бар. Ағымдағы жылы жалпы құны 4 млрд 324 млн теңгені құрайтын ұзындығы 202 шақырым 51 көшеге күрделі, орташа және тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Республикалық бюджеттен 938 млн 527 мың теңге қаржы қарастырылып, 32 шақырымды құрайтын 8 аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нысандар 2022 жылға өтпелі, жұмыстар толық аяқталғаннан кейін аудандық маңызы бар жолдардың қанағатты жағдайы 35 пайыздан 71 пайызға дейін артады. «Ауыл — ел бесігі» жобасы шеңберінде 1 млрд 331 млн теңге қаржы қарастырылып, 30 шақырымды құрайтын 26 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 26 жобаның 5 жобасы 2022 жылға өтпелі, 21 жобасы ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. Аудандық бюджет есебінен 271 млн 101 мың теңге қаржы қарастырылып, 62 шақырымды құрайтын 11 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 7 нысанға – тас төсеу, 4 нысанға – орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Нәтижесінде аудан көлеміндегі ішкі көшелердің қанағатты жағдайы 41 пайыздан 44 пайызға дейін артады. Сонымен қатар облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы арқылы 65 шақырымды құрайтын 3 облыстық маңызы бар автомобиль жолына 1 млрд 782 млн 700 мың теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нысандар 2022 жылға өтпелі. Жолдар пайдалануға берілгеннен кейін облыстық маңызы бар жолдардың қанағатты жағдайы 100 пайызға жетеді.
Білім саласына келсек, аудандағы 65 жалпы орта білім беру ұйымдарында 36 869 оқушы дәстүрлі форматта білім алуда. Жалпы 65 мектептің 45-і типтік, 20-сы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Апатты мектептер мен үш ауысымды мектептер жоқ. Ауданда құрылысы жүргізіліп жатқан 8 мектептің 1-уі ағымдағы жылы пайдалануға берілсе, 7 мектептің құрылыс жұмыстары 2022 жылы аяқталады. Облыстық бюджеттен қаралған 1 млрд 218 млн теңгеге 3 мектеп күрделі жөндеуден өткізілген.
Ауданда қазіргі таңда 56 балабақша жұмыс жұмыс істеп тұр. Оның 15-і мемлекеттік, 41-і жекеменшік. Жалпы тәрбиеленетін бала саны — 8 511. Оның ішінде жеке меншік балабақшада — 6 136 бала тәрбиеленуде.
Биыл Бөржар ауыл округіне қарасты Қайнар ауылынан 230 оқушы орынға арналған «Дулат» жекеменшік мектебі ашылды. 2022 жылы жеке инвесторлар есебінен Шұбарсу ауылынан 1200 және 600 орындық 2 жекеменшік мектептер ашу жоспарлануда. 2022 жылы облыстық бюджетке 2 мектеп құрылысы ұсынылды. Бұдан бөлек, 3 мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін салалық басқармаға тиісті бюджеттік өтінім ұсынылған.
Мәдениет саласында да серпіліс бар. Жалпы ауданның мәдени ошақтарында 725 мәдени іс-шара өткізілді. Ағымдағы жылы Шұбарсу, Берген елді мекендерінде жаңадан ауылдық мәдениет үйлері ашылды. Аудандағы үш өнер ұжымы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан «Халықтық» атақ, бір ұжым «Үлгілі» атағын қорғап шықты. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Тәуілсіздігінің 30 жылдығы мен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай ағымдағы жылдың тамыз айында Қ.Мұңайтпасұлы туралы спектаклдің тұсаукесері өтіп, облыс орталығында, Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмола ауылында сахналанды. Қ.Мұңайтпасұлы туралы үш тілде жазылған кітап пен деректі фильмінің түсаукесері алдағы желтоқсан айына жоспарланған.
Бүгінгі таңға аудан халқының 33 пайызы 227 спорт нысанында бұқаралық спорт түрімен тұрақты айналысады. Ордабасы аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің 2021 жылы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай осы жыл бойы 150 спорттық іс-шара жоспарланған. 9 айда 144 спорттық іс шара өткізіліп, оған 14 962 адам тартылды. Ағымдағы жылы бюджет есебінен 3 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп, Темірлан ауылындағы Амангелді жалпы орта мектебі жанынан 2 жабық қаңқалы кіші футбол алаңшасы қолданысқа берілсе, жыл соңына дейін «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасымен құны 336 млн теңгені құрайтын Төрткөл спорт кешені пайдалануға беріледі. Спортты дамыту мақсатында «Темірлан спорт клубы» ашылып, онда 8 түрлі секция жұмысын бастап, республика, облыс деңгейіндегі жарыстарға қатысуда. Жалпы аудан бойынша 3 спорт мектебі мен спорт клубындағы 237 топта 115 жаттықтырушы 2844 оқушыны жаттықтырып отыр.
Аудан бойынша 51 денсаулық сақтау мекемесі тұрғындарға қызмет көрсетуде. Ауданда 207 дәрiгер, 711 орта медицина қызметкерi жұмыс істейді. Бүгінгі таңда коронавирус індетіне қарсы егу жұмыстары бойынша І компонент 61 365 адамға егіліп, 98 пайызды құрады. ІІ компонент бойынша 58 160 адамға егіліп, 96 пайызды құрады. Ауданда есепті кезеңде 2 200 сәби дүниеге келген. Аудандық орталық аурухана, Төрткүл ауылдық емханасы күрделі жөндеуден өтуде.
Аудан халқының саны 122 388 адамды құрады. Оның iшiнде экономикалық тұрғыдан белсендi халық — 49 мың адам. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 23 346 адам. Жұмыссыздар саны 2 700 адамды, немесе жұмыссыздық деңгейi 5 пайызды құрады. Ал жастардың жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құрап отыр. Жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына» 3 561 адам қатыстырылған. Атап айтар болсақ,119 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 226 адам жастар практикасына, 514 адам қоғамдық жұмысқа, 60 адам қысқа мерзімдік оқытуға, бизнес-идея бойынша 200 адамға 583 400 теңге қайтарымсыз грант берілді. Сонымен қатар 32 адам шағын несиеге, 10 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 202 адам «Бастау бизнес» жобасымен оқытуға, 2 219 адам бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруға жұмылдырылды. 2021 жылдың 9 айында 3 904 жаңа жұмыс орыны ашылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру жоспары 146 адам болса, 105 азамат жұмысқа орналастырылды. «Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасы аясында 2149 отбасындағы 11 867 аз қамтамасыз етілген адамға барлығы 582 млн теңге төленсе, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларындағы 1-6 жасқа дейінгі 2184 балаға 84 млн теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік пакет тағайындалып, қамтамасыз етілді.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 2021 жылы 9 айда 5 млрд 897 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 128 пайызды құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі 21 738 шаршы метрге жетіп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 106 пайызды құрап отыр. Темірлан елді мекенінен әлеуметтік қызметкерлерге арналған әкімшілік ғимараты құрылысы жүргізілуде. Нысан желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Темірлан ауылында 70 га жерге инженерлік коммуналдық жүйесінің жобасы әзірленіп, республикалық бюджетке 2022 жылға қаржыландыруға ұсынылды. 2021 жылдың 9 айында жалпы 265 қылмыс тіркеліп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 11 пайызға азайған. Қылмыстың ашылуы 91 пайызды құрап отыр.
Бұдан бөлек, 2021 жылы Ордабасы ауданына қарасты 5 елді мекенге ұялы байланыс желісі орнатылды. 2022 жылы тағы да 5 елді мекен ұялы байланыспен қамтылады.
Міне, Ордабасы ауданында 9 ай ішінде атқарылған ауқымды істердің бір парасы осы. Ордабасы – Түркістан облысындағы қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі. Игі іс көптің тарапынан оң бағасын алып жатыр. Ала береді де деп сенеміз…

Руслан ПОЛАТБЕКҰЛЫ.