КӘСІПКЕР МӘДЕНИЕТ ҮЙІН САЛУҒА КІРІСЕДІ

Шымкент қаласы, Абай ауданы, «Қазығұрт» елдімекенінде (бұрынғы Карл Маркс бөлігінде) жаңа Мәдениет үйі бой көтереді. Нысанның құрылысы үшін бюджеттен қаржы жұмсалмайды.

Мәдениет үйі ұлты түрік Нәсіп Асланұлы есімді кәсіпкердің демеушілігімен салынатын болады. Кәсіпкер бұл бастамасын 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай тарту етіп отыр.
Мәдениет үйінің қазығын қағу шарасына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасыры Шыңғыс Мұқан және Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов, қалалық мәслихаттың депутаттары Қуаныш Дәулеталиев пен Ғани Қанжігітұлы арнайы барды. Жалпы аумағы 0,15 га жерді қамтитын құрылыс нысанының жобасымен танысу кезінде қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан «Бір мемлекетте ұлт болып ұйысып тұрғаннан соң, қоян-қолтық араласып, бір-бірімізбен тату-тәтті болып, еліміздің дамуына өз үлесімізді қоса берейік. Бүгінгі бастамаларыңыз құтты болып, қаламыз көркейе берсін», — деді.
Шара барысында Мәдениет үйінің құрылысына атсалысып жатқан елдімекен тұрғындары Алғыс хаттармен марапатталды.
Қуанарлығы мәдениет ошағының қазығы қағылғанын көрген өзге ұлт өкілдері бұл бастамаға қызығушылық танытуда.
Шара барысында Өзбек мәдени орталығының жетекшісі Икрамжан Акрамұлы Шымкенттің «Қызылжар» елдімекеніне өзбек этносының атынан халық игілігі үшін Мәдениет үйін салып беретінін мәлімдеуі соның дәлелі.