АТА КӘСІППЕН ІСІН АЛҒА ЖЫЛЖЫТТЫ

«Мал баққанға бітеді». Шымкенттік Жәнібек Арапбаев осы тәмсілді темірқазық етуінің арқасында ісі ілгері басқан шаруа иесі атанып жүр. Ол былтыр мемлекеттен берілген мүмкіндікті мүлт жібермеу үшін «Еңбек» бағдарламасының қатысушысы атанып, 555 650 теңге (200 АЕК) көлемінде грант алады. Мемлекеттен берілген қайтарымсыз грантқа ол 3 бас ірі қара алады. Мал бордақылауды қолға алған азамат бүгінде олардың санын көбейтіп, істің көзін таба алатынын айналасындағыларға көрсетіп отыр.

Ата-бабамыз мал бағуды ырыздық деп біліп, қорасын төрт түлікке толтырған. Және оны қастерлеп, үлкен күтім жасап, баптаған. Сәлемдескен кезде де мал-жанның амандығын сұрауының өзі де қорадағы төрт түлікке бей-жай қарамайтынын білдіртеді. Мал өсіруде мол береке бар екенін білген Жәнібек Арапбаев ата кәсіппен айналысқалы бері ырысы артып, табысы көбейгеніне тәубе етеді.
Бұған дейін оның отбасы көпбалалы отбасы ретінде атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Бірақ ай сайынғы әлеуметтік көмекті қанағат тұтып жүре беруді сын көріп, кәсіп ашуға тәуекел жасаған. Бұл қадамы оны сәттілікке бастағаны уақыттың өзі көрсетіп тұр.
Жалпы, былтыр «Еңбек» бағдарламасы аясында 4 828 адам мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантқа қол жеткізсе, «Бастау бизнес» жобасына 2 820 адам жолданған. Ал, биыл жыл басынан 600 адам қайтарымсыз қаржы алып, 1900 азамат «Бизнес бастау» оқу курсына жолдама алған.