ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ИГІЛІГІМЕН ҚАЛА ХАЛҚЫ ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ
Шымкентте 81 елді мекен бар. Биыл атқарылған жұмыстардың есебінен табиғи газбен қамтылған елді мекендердің қатарына «Алтынтөбе», «Бадам 195», «Достық», «Асар-2» және «Азат» тұрғын алабтары қосылады. Соның есебінен 11 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылып, қаладағы көгілдір отынға қолы жеткен тұрғындар көрсеткіші 93 пайызды құрайды
Айта кетейік қазіргі таңда Шымкенттің 8 тұрғын алабына газ құбырын тарту жұмыстары басталған. Оның ішінде бес елді мекенде құрылыс жұмыстары осы жылы толық аяқталады. Қазіргі таңда қаладағы 81 елді мекеннің 40-ы табиғи газбен қамтылса, 33-і жартылай, ал қалған 8 елді мекен тұрғындарының көгілдір отынға қолы жетпей отыр. Шымкенттің 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, 2023 жылы қалада газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жететін болады. Бұл мақсатта қалада №3 автоматты газ-реттегіш станциясының және 58 шақырымды құрайтын газ құбырының құрылысы салынуда.
Бұдан бөлек үшінші мегаполисте 81 елді мекеннің 65-і сапалы электр қуатымен қамтылған.
Биыл 10 тұрғын алабта электр желілерінің құрылысы пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 21 мыңнан астам адам сапалы электрмен қамтамасыз етіледі. Қамту көрсеткішін 97 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға республикалық және жергілікті бюджеттен 12 млрд. теңге қаржы қаралған.
Осы жылы қаладағы «Ақжар», «Жалын», «Достық», «Жаңаталап», «Қайнар бұлақ», «Солтүстік саяжай», «Ынтымақ», «Айкөл», «Игілік» және «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабтарында электр желісінің құрылысы жүргізіледі. Сонымен бірге қуаттылығы 220 кВ «Бозарық» қосалқы станциясы мен әрқайсысының қуаты 110 кВ болатын «Ақжар» және «1-М-1» қосалқы станциялары салынуда.
Қаланы үздіксіз электр энергиямен қамту мақсатында 2022-2025 жылдары 4 қосалқы станциясын салу жоспарланған. Оның ішінде 110 кВ «Ынтымақ», әрқайсысы 220 кВ «Қызылсу», «Южный» және «ВЛ» қосалқы станциясын салу мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қарастырылады. Осылайша, 2025 жылы қала тұрғындарын 100 пайыз сапалы электр қуатымен қамту көзделуде.
Шымкент қаласында осы жылғы жоспар бойынша 3 магистралды және 9 тұрғын алаптың ауыз су құбыры жүргізіледі. Бұл бағыттағы жұмыстарға 15,6 млрд. теңге көлемінде мемлекеттен қаржы қаралып отыр. Осының есебінен 26 мыңға жуық адам ауыз суға қосылып, көрсеткіш 98 пайызға жеткізіледі деп жоспарлануда.
Жыл басынан бері «Тұран», «Асар-2», «Солтүстік саяжай», «Ынтымақ-2» және «Жаңатұрлан», «Батыс» пен «Жаңаталап» шағын аудандарының ішкі ауыз су жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Құрылысы қызу жүріп жатқан нысандардың қатарында 4,48 шақырымды құрайтын «Көмешбұлақ», 9,37 шақырым және 10,61 шақырым болатын 3 магистралды суаққы да бар.