Әйтенов елге есеп берді
бұл жолғы онлайн жүздесуде әкім жұртқа не айтты?
Биыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл. Осынау уақыт ішінде Шымкент алшаң басып, алға қарай дамыды. 1991 жылы қала халқының саны 400 мың адам болса, биыл тұрғындар саны миллионнан асты. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан 1991 жылы қалада 72 мектеп болса, қазір білім ұяларының саны 178, оқушылар саны 223 мыңды құрайды. Осы жылғы бюджет 463 млрд. теңгеден асса, отыз жыл бұрын қаланың қазынадағы қаржысы 1 млрд. болған. Қала аумағы да кеңейе түскен. Шаһардағы жол 832-ден, 3060 шақырымға жеткен. Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 63,9-дан, 74,4 жасқа ұзарған.
Мұндай салыстырмалы көрсеткішті Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов онлайн форматта тікелей эфир арқылы өткен есепті кездесуі кезінде келтірді. Қала басшысы 2020 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы және әлеуметтік экономикалық дамуы туралы баяндамасында қаланы дамытудың бес негізгі мақсатын атап өтті. Олар адами капиталды өсіру, инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, баспана мәселесін шешу мен халыққа қолайлы қала құру. Осы бағытта атқарылған тірліктермен жоспарланған жұмыстар туралы Мұрат Дүйсенбекұлы мынадай мәліметтер келтірді.
Инвестиция көлемі өсті
Былтыр Шымкентте өнеркәсіп өнімінің көлемі 654,2 млрд. теңгені құрады.
Өнеркәсіп саласында үлесі 86,5 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 566,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінде бірқатар салалардың өсу динамикасы байқалды. Атап айтқанда, фармацевтика өнеркәсібі 66,1%-ға, машина жасау 38,6%-ға, тамақ өнеркәсібі 18,1%-ға, өзге металл емес минералдық өнімдерді өндіру 10,3%-ға, металлургия 2,6%-ға өскен. 2020 жылы 37,7 млрд. теңгеге 1 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құрумен 22 жоба іске қосылды. Қалада жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2020 жылғы 69,9 мың бірлікті немесе 100,6% құрады.
2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 278,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, 2019 жылмен салыстырғанда 40,9% артты.
Қала аумағында 2020-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 1,4 трлн. теңгені құрайтын 157 инвестициялық жобаның базасы қалыптастырылып, 2020 жылы жалпы құны 88,8 млрд. теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба іске асырылды. 2000 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды.
Кәсіпкерлер қарызы кейінге шегерілді
Былтыр пандемияға байланысты қабылданған карантиндік шектеулерге байланысты табысынан айырылған азаматтарға қолдау көрсету туралы Президент тапсырмасына сәйкес Шымкентте бірінші кезеңде 285 мыңнан астам азаматқа, екінші кезеңде 143 мыңнан астам азаматқа 42 500 теңгеден біржолғы көмек берілді. Одан бөлек, 28 мыңнан астам азаматтың коммуналдық шығыны мемлекеттік бюджеттен өтелді. Шымкент қаласы бойынша 26 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі мүлік және табыс салықтарынан босатылды. 1 482 кәсіпкердің 13 млрд.теңге несие төлемдері кейінге шегерілді.
Індетпен күрескен медицина қызметкерлеріне де тиісті төлемдер қарастырылды.
Бюджет бүйірі екі есеге толықты
Тек бізді емес әлемді әуре сарсаңға салған пандемияға қарамастан Шымкент қаласы өткен жылды жақсы көрсеткіштермен қорытындылады. Қала бюджеті екі есеге жуық өсіп, шамамен 244 млрд. теңгеден 463 млрд. теңгеге жетті.
Сондай-ақ, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында барлығы 1 млн. шаршы метрді құрайтын 262 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 649,1 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы аяқталып, 5 787 отбасы баспаналы болу мүмкіндігіне ие болды. Шаһар басшысының мәлімдеуінше, өткен жылы салынған үйлер бойынша қала тарихында рекордты көрсеткішке қол жеткізілген. 2019 жылмен салыстырғанда 24 пайызға артық. Дегенмен миллион халқы бар қала үшін бұл өте аз. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов:
— Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жылына 3 миллион шаршы метр көлемінде тұрғын үй беріледі. Соның есебінен, Нұр-Сұлтан қаласының өзінде тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымына жылына 1 триллион инвестиция салынады. Оның қала экономикасына мультипликативті әсері орасан. Бұл қалаларда салынып жатқан үйлердің 80 пайыздан астамы коммерциялық үйлер болса, ал бізде 85 пайызы мемлекеттік үйлер. Мемлекеттік үйлер бюджеттің мүмкіндігіне тәуелді. Коммерциялық үйлер салатын компанияларды қолдамасақ, Шымкентте баспана мәселесін ешқашан шеше алмаймыз. Биыл 661 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Нәтижесінде 5 754 пәтер пайдалануға беріледі, — деді.
Бес жылда 85 мектеп бой көтереді
Айта кету керек, Шымкент қаласының артықшылығы – қала халқының қарқынды өсуі. Осы артықшылықты үлкен мүмкіндікке айналдыру үшін білім саласы басты назарда болу керек.
Қазіргі кезде Шымкентте 14 үш ауысымды, 1 апатты мектеп бар. Ал, 13 тұрғын алабында мектеп мүлде жоқ. Бұл мәселені шешу күн тәртібінде. Себебі, халық саны күн сайын көбейіп келеді. Мәселен, мектеп оқушыларының саны былтыр 20 889 балаға көбейген.
Білім саласының инфрақұрылымын шешу үшін былтыр 5 жылға жоспар жасалды. Осыған сәйкес Шымкентте 2025 жылға дейін 85 мектеп бой көтереді. Оның 33-і мемлекет есебінен, 12-сі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынса, қалған 40 мектеп жеке инвесторлар есебінен салынады. Биыл 13 мектептің құрылысы басталады. Нәтижесінде алдағы үш жылда Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешіледі.
Қосымша біліммен қамтылған оқушылар үлесін көбейту үшін бұрынғы «Фосфоршылар» сарайын жөнделіп, Жастар сарайы етіп қайта ашылады. Одан бөлек, жаңадан заманауи «Оқушылар» сарайының құрылысын бастау жоспарланған. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін оқушыларды қосымша біліммен қамту қазіргі 16 пайыздан 55 пайызға дейін жетпек.
Білім саласындағы үлкен мәселе – материалдық-техникалық база. Оқу кабинеттерінің небәрі 32 пайызы жабдықталған. Биыл мектептерді жабдықтауға 6 млрд. теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Соның нәтижесінде мектептер 259 арнайы пәндік кабинетпен жарақтандырылады.
Айта кетерлігі, былтыр жыл басында Шымкенттің 27 оқушысына бір компьютерден келсе, қазір 4 оқушыға бір компьютерден келеді. Бұл жұмыс биыл да жалғасады.
Сонымен бірге, биыл 28 мектептің ауласына спорт алаңдары салынады. Білім беру ұйымдарына 100 пайыз бейнебақылау орнатылады.
Қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 60 пайызға жетті
Былтыр үшінші мегаполисте жол құрылысына қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, қалада 417 шақырым жолға құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы саны 229 көше жөнделді. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 3 есеге артық. Сондай-ақ, 4 көпір жөнделіп, 4 көпір салынды. Нәтижесінде қаладағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 60 пайызға жетті.
Ал осы жылы 109 көше жөнделіп, жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесін 63 пайыздан асыру жоспарланған.
Ауыз су мәселесі түбегейлі шешіледі
Қала әкімі инфрақұрылым мәселіне де тоқталды. Өткен жылы қаланың 17 тұрғын алабы және 2 магистралды суаққының құрылысы аяқталып, 34 мыңға жуық адам сапалы ауыз сумен қамтылды. Нәтижесінде қала халқының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіш 95 пайыздан асты.
Қазіргі уақытта қаланың 81 тұрғын алабының 69-ы орталық ауыз су жүйесіне қосылған. Қалған 5 тұрғын алапқа тіршілік нәрі кестемен берілсе, 7 тұрғын алаптағы тұрғындар суды тасып ішуге мәжбүр. Осы мәселені шешу үшін бірқатар нысандарда құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде тұрғындардың сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 98 пайызға жетеді.
Қазіргі таңда қала тұрғындарының 95 пайызы сапалы жарыққа жарып отыр. Биыл 10 тұрғын алаптағы электр желілерінің құрылысы пайдалануға беріліп, 21 мыңнан астам адам сапалы электрмен қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде осы бағыттағы көрсеткіш 97 пайызға жетеді. Өткен жылдың қорытындысымен қала тұрғындарын табиғи газ жүйесімен қамту көрсеткіші 92,2 % жетті
Былтыр қалаға сапалы жылу беру үшін өткен жылы 15 нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атқарылған жұмыстардың есебінен тозығы жеткен жылу құбырларының үлесі 42%-дан 38%-ға төмендеді.
Үш индустриалды аймақ құрылады
Бүгінде қаладағы «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды аймақтардың жер учаскелері 100% жобаларға толған. Бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай дамыту мақсатында 306 гектар жерге жаңа «Жұлдыз» индустриалды аймағын құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жерде құрылыс, металлургия, фармацевтика мен жиһаз өнеркәсібі шоғырланады. Елуден аса кәсіпорын құрылады. Тағы бір өндірістік аймақ Шымкенттің батыс бөлігінде орналасатын аумағы 136 га жерді алатын заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылатыны. Осы бойынша 28 жоба іске асырылады. Сонымен қатар қаланың солтүстік бөлігінде «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, ауылшаруашылық өнімдерін дайындайтын бұл аймақтар Шымкентті агроөнім өңдейтін орталыққа айналдырмақ.
Қауіпсіздікке көп көңіл бөлінеді
Қала әкімі Мұрат Әйтенов өз есебінде Шымкент қауіпсіз қала болуы тиістігін атап өтті. Бұл мақсатта кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, былтыр Шымкентте 109 автокөлік, 550 бейнетіркегіш және 1802 компьютерлік техника алынды. Кешенді іс-шаралардың арқасында өткен жылы қалада 9 723 қылмыстық іс тіркеліп, көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 21 пайызға төмендеген.
Қалада қазір 2479 камера жұмыс істейді. Сонымен бірге биыл «Сергек» жүйесі енгізіліп, қосымша 3 740 камера қойылады. Оның 2240-ы көшелерге, бір жарым мыңы аулалар мен қоғамдық орындарға орнатылады.
Қала қауіпсіздігінде түнгі жарықтандыру да маңызды. Шымкенттегі орталық 747 көшенің 220 көшесі немесе 30 пайызында жарық бар. 2021-2023 жылдары 70 пайыз көшеге энергия үнемдейтін ЛЭД-шамдар қойылады.
6,5 миллион түп ағаш егіледі
Шымкентті бақ қалаға айналдыру нақты мақсат. Осы мақсатта былтыр 2021-2025 жылдар аралығында «Жасыл белдеу» қалыптастырудың жоспары бекітілген. Жоспар бойынша алты жарым 6,5 млн түп ағаш егілмек. Көшеттерді егу биыл күзде бастау алады. Соның нәтижесінде қаладағы ағаш қоры екі есеге артады. Бұл туралы Мұрат Дүйсенбекұлы:
— Қазір қалада жалпы аумағы 244 гектарды құрайтын 9 саябақ және 37 гектарлық 39 гүлзар мен аллея бар. Енді қалада 40 гектарға жуық жерге «Шым Ситиден» саябақ салу, сонымен бірге төрт гүлзар салу көзделіп отыр, — деді.
Сонымен бірге биыл Шымкентке ауаның ластануын қадағалайтын 26 құрылғы орнатылады. Сол құрылғы арқылы берілетін ақпаратты қала тұрғындары LED-экрандар, телеарналар және әлеуметтік желілер арқылы біліп отырады.
Айта кетейік, қазіргі таңда қалада 6 миллионға жуық жасыл желек бар.
Ана мен бала денсаулығы басты назарда
Былтыр үшінші мегаполисте 31 455 сәби дүниеге келген. Ана мен бала денсаулығын қорғау перзентхананың заман талабына сай болуымен тығыз байланысты. Қазіргі таңда қаладағы екі перзентханада күрделі жөндеу жұмысы жүруде. Бұл жұмыстар таяуда аяқталады. Жалпы, Шымкентте төрт перзентхана бар. Орынның тапшылығына байланысты №1 қалалық аурухананың жанынан бесінші перзентхана ашу жоспарланған. Бұдан бөлек, Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары дайындалу үстінде. Жоспарда бастапқы медициналық көмекке көп көңіл бөлінген.
iKomek-тің көмегі көп
Өткен жылдың еншісіндегі тағы бір жүзеге асқан ауқымды жоба 109 нөміріне қосылған iKomek байланыс орталығының іске қосылуы болды. Орталық Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде қолға алынды.
Орталық аптаның барлық күнінде, тәулік бойы тұрғынарн қоңырауына жауап береді. Орталық ашылғаннан бері халықтан 80 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның 96 пайызы орындалса, қалғаны әкімдік қарауында.
«Төлем» жүйесі табысты болды
Қаламызда 20 көлік компания 64 маршрутта, 1000 көлік құралдармен жолаушыларға қызмет көрсетуде.
Жолаушылары тасымалы қызметін жақсарту мақсатында қоғамдық көліктерде «Төлем» электрондық билеттендіру жүйесі енгізілді. Электрондық төлем жүйесі 2020 жылғы 15- қазаннан бастап іске қосылды. Бұл жүйе жол ақысын төлем карталары, қолма-қол, СМС, QR-код арқылы қабылдауға мүмкіндік береді. Жылдың қорытындысымен 150 мың төлем картасы сатылып, 3 млн. аса транзакция жасалды. Электрондық билеттендіру жүйесі қаржыларды көлеңкелі бизнестен шығару, қолма-қол ақшамен төлемдерді азайту, бюджетке салықтардың түсімдерін арттыруға мүмкіндік берді.
Шалғай елдімекендер интернет желісімен қамтылады
Былтыр қалада интернет сапасын арттыру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда 11 жерге базалық станциялар орнатылды. Оның ішінде, Алтынтөбе, Көкбұлақ, Солтүстік-Батыс және Достық (Солтүстік саяжай) тұрғын алаптарында базалық станциялар толық іске қосылды.
Сонымен қатар, Асар, Шымкент Сити және Ақтас-2, Тұран, Шымкент Сити-2 және Асар-2 шағын аудандарында базалық станциялар орнатылып, іске қосу үшін техникалық жұмыстар жүргізілуде.
Ал, Айкөл тұрғын алабына базалық станция орнату жөнінде Kcell байланыс операторы тарапынан тиісті келісімдер алынды. Қазіргі таңда, Kcell компаниясының орталық басқармасынан (Алматы қаласындағы) базалық станциялардың жеткізілуі күтілуде.
Қ.ҚАЛИЕВ.