«ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ 20 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМДЫ ЕҢБЕКПЕН ҚАМТЫДЫ

Биыл Шымкентте «Еңбек» бағдарламасы аясында 24 367 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінге дейін 19 344 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 79,4 пайызға орындалған.

Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша — инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында 3 196 азаматты тегін кәсіби оқуға жолдау жоспарланған. Бүгінде нақты 2 000 адам қысқа мерзімге кәсіптік оқытуға жолданса, 1 196 адам техникалық және кәсіби білімі бар кадрлар даярлауға жіберілген. Олар үшін 1-қыркүйектен бастап оқу басталады.
Жалпы жиыны 3 396 тұрғынның кәсіпкерлік бастамасын ынталандыру межеленген. Бірақ бұл бағыттағы қолдауға 4 017 адам қамтылған. Яғни, жоспар артығымен орындалған. Оның ішінде 2 710 адам «Бастау бизнес» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздерге оқуға жолдама алса, 40 адамға шағын несие берілген. 1 267 азамат мемлекеттік грант иегері атанған.
Үшінші бағытта жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бойынша 17 775 адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарланған. Бүгінге дейін 13 327 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілді. Оның ішінде 6 768 азамат бос және жаңа жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан. 284 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 925 адам жастар практикасына, 4 351 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған.