САЛТАНАТТЫ ТОЙХАНА ИЕЛЕРІ САЛЫҚ ТӨЛЕУДЕН ЖАЛТАРМАУЫ ТИІС
Осыдан бір ай бұрын Шымкент билігі пневманиямен ауырғандар санының күрт өсуінен ауруханада орын тапшылығы мәселесін шешу үшін қаладағы бірқатар мектептерден провизорлық орталықтар ашуды қолға алған.
Сол кезде жергілікті тұрғындар мектептердің уақытша емдеу орнына айналуына қарсылық танытқан. Олар жұқпалы індет іргесін кеңейтіп, айналадағы тұрғындарға да ауыз салуы мүмкін деп секем алған. Бірақ билік өкілдері санитарлық талаптардың барлығы сақталатынын айтып, айналадағыларға қауіп келмейді деп сендірді.
Сол кезде қоғамда «елімізде төтенше жағдай басталғаннан бастап қаңырап бос тұрған тойханаларды неге провизорлық орталыққа айналдырмасқа?» деген мағынадағы пікірлер айтылып жатты. Бұл талап орынды шығар. Бірақ тойханалар жекеменшік болып табылатындықтан артық талап қою да заңға томпақ келеді. Десе де тойхана иелері «Ғимарат бос тұрғанша ел игілігіне жарасын» десе атқарушы орган қой демесі мүмкін бе еді…
Бірақ той арқылы ісін өрге сүйреген қаланың кәсіпкерлері сол кезде ондай көмекке келмеді. Шамасы жақын күндері шектеулер алынып, той жасауға жол беріледі деген үміттің жетегінде жүрген болар. Алайда елдегі эпидемиологиялық ахуал күрделене түскендіктен, ел аумағында 5-шілдеден бастап екі апталық қатаң карантин енгізілгеннен соң барып, тойхана, мейрамхана иелері ғимараттарын провизорлық орталыққа айналдыруға дайын екендіктері туралы ұсыныстарын қала билігіне жеткізді.
Өз кезегінде қала әкімі Мұрат Әйтенов әзірге қосымша провизорлық орталықтарды ашудың қажеттілігі жоқ екенін, науқастарды емдеу үшін жеткілікті орын барын, егер індеттің таралуы өсіп, сырқат саны артқан жағдайда әкімдік мейрамханаларды, тойханаларды провизорлы стационар ретінде пайдаланатынын мәлімдеді.
Қазіргі таңда Шымкентте сыйымдылығы 250 адамнан асатын 100-ге жуық тойхана бар. Жалпы елімізде пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай, карантиндік шектеу шаралары тойханамен кәсібін өрге сүйреген кәсіпкерлердің ылдым-жылдым әрекеттерін әшкере етті. Ол қандай дейсіз бе?
Былтыр ақпан айында Шымкент қалалық кірістер департаменті тойхана иелерінің салықтан жалтаратынын, тіпті артық ақша шығармас үшін олар тиісті органдарға қол астында бірлі-жарым адам ғана жұмыс істейді деп есеп беріп, ел қазынасына түсер қаржыны өз қалталарында сақтап қалуға тырысатынын ашық мәлімдеген.
Бірақ мамыр айында елімізде төтенше жағдай алынған соң Шымкентте тойхана есебінен тұрақты түрде нәпақа тауып жүрген 6000 мыңнан астам адамның 90 пайызы жұмыссыз қалғаны жиі айтыла бастады. Осы қызметте жүрген бір топ азаматтар әкімдік маңайына келіп «Тойханалар ашылсын!» деп наразылықтарын айтқаны да белгілі. Осы жағдай тойхана иелерінің шылғи өтірікке бой алдырғанын ашып берді. Бұл тойханаларға қатысты салықтық есептерді қайта реттеу қажеттігін аңғартады.
Қазіргі таңда елімізде тойханалардың жұмыс істеуіне әлі рұқсат берілген жоқ. Бірақ індет ауыздықталған соң ертелі-кеш салтанатты сарайларда адамдар түрлі қуаныштарын атап өтетіні белгілі. Той – қазына. Құдай қазақты тойдан арылтпасын. Дегенмен де, тойхана иелері салықтарды төлеуге келгенде сараңдыққа бармауы қадағалануы тиіс сынды.
А. САТЫБАЛДЫ.