АБАЙ АУДАНДЫҚ СОТЫ АЖЫРАСУДЫ ҚАЛАЙ АЗАЙТТЫ?

 

Биыл Шымкенттегі Абай аудандық сотының жанынан құрылған «Отбасы кеңесі» тобының арқасында ажырасуға өтінім берген 150-ден астам жұп қайта татуласқан. Кеңес отбасылық өмірлеріне нүкте қоюды шешкен 412 отбасының мәселесін қараған.

 Нәтижесінде ажырасуға қадам басқан жұптардың 47 пайызы медиация әдісінің арқасында өз ойын өзгертіп, шаңырақтарын сақтап қалған.

Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен жиында қалалық Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Жандос Қалтаев баяндады.

Өз кезегінде Ж.Қалтаев қоғамдағы ажырасу көрсеткіштерінің азаюына ықпал беретін мұндай кеңес алғашында пилоттық жоба ретінде қолға алынғанын айтты. Және де аз уақытта тиімділігін көрсеткен мұндай кеңесті қаладағы өзге аудандарда да құру жоспарланып отырғанын хабарлады.

Сонымен қатар басқарма басшысы былтыр Шымкентте ата-ана қамқорлығынсыз қалған 108 бала баспанамен қамтылып, республика бойынша алғашқы үштікке енгенін атап өтті. Ал, биыл 48 жетім бала баспанамен қамтылған. Бүгінде Шымкентте балалар үйінің 46 тәрбиеленушісі жоғары және орта арнаулы оқу орындарында тегін білім алуда. Оның ішінде 30 бала мемлекеттік грант, 10 оқушы колледждің гранты, 2 жас оқу орнының ректорының грантына түссе, 4-уі басқарманың қаладағы жоғары оқу орындарымен жүргізілген келіссөздердің қорытындысымен берілген.

Биыл 64 бала 9-сыныпты, 57 бала 11-сыныпты аяқтаған. Қазіргі таңда басқарма олардың ұлттық біріңғай тестілеуге дайындық жұмыстарын бақылауға алған. Бүгінде балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің санын азайту мақсатында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар отбасыларға қорғаншылық, қамқоршылық, патронаттық тәрбиеге берілуде.

Бұл балалардың «үйдегідей» отбасында тәрбие алуына, отбасылық өмір мен нарықтық жағдайға бейімделе отырып, өмірлік жолын табуға оң септігін тигізбек.

Жиынды қорытындылаған Мұрат Дүйсенбекұлы: «Мемлекеттің негізгі тірегі – отбасы. Әрбір азамат отбасының құнын да, құндылығын да терең сезінуі тиіс. Оны сақтап қалу мен жетілдірудің мемлекет ұсынған мүмкіндіктерін пайдалана білуі қажет. Осы бағыттағы жұмыстарды кеңінен насихаттауды тапсырамын» — деді.