БЕЙБІТ ЖИЫН ӨТКІЗУГЕ БӨГЕТ КӨП ПЕ?
Осы аптаның айшықты оқиғасы – Парламенттің «ҚР Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заң жобасын мақұлдауы болды. Бір жылға жуық уақыт бойы қаралған заң жобасын Мәжіліс Сенат қарауына сәуір айында жіберген болатын. Енді өзгерістер мен толықтырулар енгізілген аталған заң мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.
Өткен аптада Сенат қоғамда қызу талқыға түскен заң жобасындағы алты бапқа қатысты Мәжіліске 16 ұсыныс жасаған. Мәжіліс ол ұсыныстардың барлығын қолдап, бірауыздан дауыс берген. Атап айтқанда, Сенат депутаттары төменгі палатаға азаматтардың митинг кезінде денсаулығын сақтауға арналған жеке қорғаныш құралдарын (медициналық бетперде) киіп жүруіне мүмкіндігі бар екенін көрсетуді ұсынған. Ал Мәжіліс қарауындағы заң жобасында митингке қатысушылар бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті немесе өзге де заттарды қолдануға болмайтыны көрсетілгенін айта кетейік.
Сонымен қатар, Сенат депутаттары бейбіт жиынға қатысып жатқан адамның заң бұзушылыққа жол беруі жиынның тоқтауына негіз болатыны туралы Мәжіліс мақұлдаған бапты, «қатысушы немесе қатысушылар тарапынан заң бұзушылық жойылса, митинг әрі қарай жалғаса береді» деп толықтырды. Бұдан бөлек, Сенаттың Мәжіліске жолдаған ұсынысында митинг орындарын көпшілікке көрінетін орталықтарда ұйымдастыру және митинг өткізетін орындардың санын үшке дейін жеткізу мәселесі де бар.
Өз кезегіне төменгі палата Сенаттың түзетулері Мәжіліс мақұлдаған «ҚР Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейтінін алға тартты.
Сенат жолдаған ұсыныстар бейбіт жиын өткізуге бөгет болатын кейбір жағдайлардың алдын алды десек те болады. Ал оның қалай жүзеге асатыны уақыт еншісіне қалдырғанымыз жөн секілді.
А. САТЫБАЛДЫ.