ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ САЛАСЫНДА ЖҮЙЕСІЗДІК БОЛМАУЫ КЕРЕК

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Шымкент қалалық жер қатынастары басқармасында сыбайлас жемқорлық әрекеттерін тудыратын бірнеше жағдайларды анықтаған. Мәселен, өткен жылы жер қатынастары басқармасы тарапынан көрсетілген 6370 мемлекеттік қызметтің барлығы мемлекеттік қызметкер мен азаматтардың тікелей байланысы арқылы жүзеге асқан. Тек 11 мемлекеттік қызмет электронды тәртіппен реттелген.

 

Бұл туралы «ANTIKOR.LIVE» жобасы аясында ұйымдастырылған онлайн- брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев мәлімдеді.

Өз кезегінде Талғар Серікбаев басқармада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратын факторлар осымен шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше басқарма мамандары мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерінің де талапқа сай болмауына жол берген.

Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес Шымкентте жер туралы ақпараттар ашық әрі қолжетімді болуы қажет. Алайда бұл заңнаманың сақталуын қалалық жер қатынастары басқармасы қамтамасыз етпеген. Бұл туралы Талғар Серікбаев:

– Бүгінде үшінші мегаполисте shymkent.genplan.kz электронды картасы бар. Бірақ бұл электронды картада азаматтардың расталған және пайдалы ақпараттар ала алмайтыны анықталған. Яғни, тиісті талдау жұмыстары электронды карта арқылы азаматтардың ақпарат ресурстарымен толыққанды қол жеткізілмейтінін көрсетті. Онда жер учаскелерін алған тұлғалардың тізімі, олардың нысаналы мақсаты, ауданы, орналасқан жері және тағы басқа да ақпараттар тұрақты негізде жаңартылмайды,-деді.

Бұдан бөлек агенттіктің Шымкенттегі департаменті жер қатынастары басқармасының жұмыстарына талдау жүргізу кезінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруда да елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтаған. Яғни, мемлекеттік сатып алу конкурстарын жүргізу кезінде басқармамен сатып алынатын тауарлар мен қызметтерге бағалар айтарлықтай жоғарылатылған. Кейбір лоттардың соммасы 50%-дан 80%-ға дейін көтерілген.

Осы жағдайлардың барлығын негізге ала отырып ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қалалық жер қатынастары бақармасына мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша кешенді шаралар қабылдау, сондай-ақ бизнес-процестерді жақсарту бағыты бойынша ұсыныстар берді.

Сондай-ақ, жер комиссиясының жұмысын онлайн-форматқа көшіру, арнайы геопорталды енгізе отырып жер туралы ақпараттың ашықтығы мен қол жетімділігін, мемлекеттік сатып алу кезінде бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін қамтамасыз етуді ескертті.

Өз кезегінде Талғар Серікбаев «Біз азаматтардың жер мәселелері бойынша шешімнің қалай қабылданатынын көруге және білуге тиіс деп санаймыз», – деді.