ШЫМКЕНТТЕ ҚЫЛМЫС САНЫ КЕМІГЕН БЕ ӘЛДЕ КӨБЕЙГЕН БЕ?

Бір жұма бұрын Шымкент қалалық Полиция Департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта онлайн-брифинг өткізді.

Үшінші мегаполистің бас полицейі төтенше жағдай кезінде қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарды айтып берді.

 

Түйіп айтқанда, қазіргі таңда қалада карантин режимінің сақталуы тәулік бойы тұрақты бақылауға алынған. Бұл үшін 2000-нан астам адам үш ауысыммен жұмыс істеуде. Олардың қатарында 1206 полиция қызметкері, №35748 әскери бөлімінің 196 сарбазы, 559 Ұлттық Ұлан сарбазы және 216 медицина маманы бар.

Қалада 195 полиция қызметкері жұмылдырылған 18 блок-бекет қойылған. Осы күнге дейін (24-сәуірге дейін) блок-бекеттерден жалпы 67367 автокөлік (47836 азамат) тексерілген. Оның ішінде қаладан шыққаны 12130 автокөлік (16289 азамат); қалаға кіргені 20803 (26962 азамат) автокөлік. Барлығы 2790 (4585 азамат) транзит тексеріліп өткізілген. Рұқсаты жоқ 31653 автокөлік өткізілмей, кері қайтарылған. Төтенше жағдай кезеңінде, қойылған шектеулер мен санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін 869 тұлғаға ӘҚБтК-нің 476-бабымен әкімшілік хаттама толтырылған. Оның 354-і бойынша мамандандырылған әкімшілік сотымен шешім қабылданып, 76 жәйт бойынша тұлғалар әкімшілік қамауға алынған. Сондай-ақ, 127 тұлғаға айыппұл салынған, 151 тұлғаға ескерту берілген. Төтенше жағдай кезеңінде 6 қылмыстық іс тіркелген.

Брифинг барысында қаланың бас полицейі Ералы Жұмаханбетов статистикалық деректерді де тілге тиек етті. Яғни ол, жыл басынан бері қала аумағында жалпы қылмыстың саны 17%-ға, төтенше жағдай кезінде 39%-ға төмендегенін алға тартты. Бірақ бұл пайыздық көрсеткіштерді түйіндеп тұрған санайғақтарды ашып айтпады.

Ералы Жұмаханбетовтың сөзіне сенсек, Шымкентте жыл басынан бері қылмыс саны мейлінше азайғанға ұқсайды. Бұл қуанарлық жағдай. Алайда сәуір айының бел ортасында еліміздің Статитиска комитеті 2020 жылғы І-тоқсанындағы Қазақстан Республикасындағы қылмыс жағдайы туралы деректерді жариялаған. Комитет келтірген дереккөздерде облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар бөлінісінде 10 мың тұрғынға шаққандағы ең жоғары қылмыс деңгейі Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында байқалатыны көрсетілген. Яғни, бұл көрсеткіште Шымкент алдыңғы үштіктен көрініп тұр.

Сонда Ералы Жұмаханбетов жаңылысып сөйлеп тұр ма әлде Статистика комитеті қателесіп отыр ма?