КЕНЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЖҮЙЕЛІ ӨТТІ

Шымкентте коронавируспен күрестен бөлек, қауіпсіздігімізге қатер төндіретін өзге де жағдайларға баса мән берілуде. Қалада ағымдағы жылдың 7-сәуірінен басталған Конго-Қырым қанды безгегі ауруларына қарсы залалсыздандыру жұмыстары сол сөзіміздің айғағы.

Сәуір айының соңында аяқталған кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары мегаполистегі 15 тұрғын алапқа қарасты 6 250 000 шаршы метр аумақты қамтыды. Залалсыздандыру жұмыстарын Түркістан облыстық дезинфекциялық орталығы орындаған.

Мамандар тиісті аумақтардың барлығын «Дельтапес» деп аталатын химиялық дәрімен өңдеген. Өз кезегінде олар бұл химиялық сұйықтықтың жануарларға еш зияны жоқ екенін баса айтты. Дегенмен де тазартылған аумақтарға бір аптаға дейін мал жаюға тыйым салынған.