ӘКІМДІК АРҚЫЛЫ 104 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРУДЕ

Бүгінгі таңда Шымкентте құрылыс басқармасы арқылы 104 инвестициялық жобаның құрылысы жүргізілуде. Қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметовтың сөзінше оның ішінде 58 жоба 78 тұрғын үйдің құрылысын қамтыса, 20 жоба инженерлік инфрқұрылым жұмыстарын құрайды.

Аталған жобалар аясында 13 білім беру нысаны бой көтеруде. Сонымен қатар, 3 нысанда абаттандыру жұмысы қолға алынған. Бұдан бөлек 2 мәдениет, 3 спорт нысаны бойынша да құрылыс қарқын алған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылық бағыты бойынша 3 жоба негізінде құрылыс жұмыстары жүруде. Және де 1 әкімшілік және 1 өрт сөндіру депосы салынуда.

Инвестициялық жобалар бойынша құрылысы жүріп жатқан 78 көпқабатты тұрғын үйдің 19-ы арендалық болса, 59-ы кредиттік үй. Аталған тұрғын үйлер құрылысына тартылған жұмысшылардың жалпы саны 2 мыңнан асады. Нәтижесінде, жыл соңына дейін 1144 отбасы арендалық баспанамен қамтылады.

Өз кезегінде қала әкімі Мұрат Әйтенов қашықтықтан өткізілген кезекті мәжілісте жауапты басқарма басшысы Ербол Ахметовке аталған құрылыс жұмыстарын ширатуды және дер кезінде аяқтауды тапсыруда.

Жалпы Шымкентте құрылыс жұмыстарын кестеден кешіктірмеу күн тәртібіне енгізілген негізгі мәселелердің бірі. Өткен аптада Шымкент қаласының әкімі тұрғын үй құрылысы нысандарын аралаған болатын. Сол кезде мердігер мекеме өкілдері қала басшылығының назарына елімізде жарияланған төтенше жағдайға орай өңірлерде енгізілген карантинге байланысты іргелес жатқан аудан, қалалардан бірқатар жұмысшылар келе алмай қалғанын, нәтижесінде жұмыс қолы жетпей жатқанын алға тартқан болатын. Өз кезегінде қала әкімі құрылысқа епті азаматарды жұмысқа шақыру қажеттігін айтқан. Соның негізінде Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы «Отау Строй», «АРТ Құрылыс», «Корпорация Ақ Ордасы», «Корпорация Сити Строй», «Корпорация Атамекен», «Югстройсервис-Н», «СМП Қызылорда», «ПМК-7К» , «Лидер НК», «Алем Строй», «Базис К», «Құрылыс Сервис — СК», «ТВИК» , «Шұғыла — 2002», «Орион», «Ынтымақ Бесарыс» және т.б. құрылыс компанияларына бетоншы, әрлеуші, дәнекерлеуші, қыш қалаушы, жұмысшылары қажеттігі туралы хабарландырулар берілуде.