«BIRGEMIZ» ҚОРЫНАН БЕРІЛЕТІН ЖӘРДЕМ ЖАЛҒАСАДЫ

Еліміздегі жетекші «Nur Otan» партиясының төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың игі бастамасымен жүйелі жұмыс істеп келе жатқан «Birgemiz» қоғамдық қорына жиналған қаржы шымкенттіктерге де үлестірілді.

 

Әзірге нақты емі табылмай жатқан коронавирус індетіне орай төтенше жағдайда азаматтарға қиын қыстау кезінде көмек беру мақсатында құрылған қор есебінен мыңдаған шымкенттік азаматтарға 50 мың теңгеден көмек берілді. Атап айтқанда ағымдағы жылдың сәуір айының өзінде 21804 отбасыға аталған қор есебінен 50 мың теңгеден қаржы аударылды.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов талай отбасыларың тұрмыстық жағдайын әлсіретпеу мақсатында берілген бұл көмек алдағы мамыр айында да жалғасын табатынын мәлімдеді.

Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде Мақсұт Пернебайұлы мамыр айында қаржылай көмекті 19700 отбасыға беру жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы берілетін қаржылай көмек «Nur Otan» партиясының ұсынысына сәйкес ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасы негізінде қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен аудан әкімдіктері бірлесіп, әзірленген тізім негізінде жеті санат бойынша аса мұқтаж отбасыларға беріледі.