МАЛ ҰРЛЫҒЫМЕН КҮРЕСТЕ МАРДЫМДЫ ІСТЕР АТҚАРЫЛДЫ

Осы аптаның дүйсенбі-бейсенбі аралығында Шымкентте «Мал ұрысы» атты жедел -профилактикалық іс-шарасы өтті. Кең ауқымды іс-шара осы салада жасалатын қылмыстардың бетін ашуға барынша басымдық беру, сол бағыттағы жұмыстарды жетілдіру мен ұрланған малды жөнелтетін арнайы арналарды анықтау болып табылады. Яғни, мал ұрлығын жасауды жүйелі қылмысқа айналдырып алғандарды анықтап, олардың жолын кесу.

Шараның нәтижесі де көңілден шығады. Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы екі күнінде полицейлер қала аумағында орналасқан 48 сауда орталықтары, басқа да ет павильондары, мал сою бекеттері, мал және мал етін тасымалдаушы 35 автокөліктің құжаттарын тексерген. Үш мал ұрлығы дерегі ашылған.  Тәртіп сақшылары азаматтар қорадағы төрт түлігін қолды еткендер тез табылуы үшін, ұрлық туралы шағымды полицияға дер кезінде түсірудің көмегі көп екенін алға тартады.

Жалпы Қазақстанда соңғы жылдары мал ұрлығы белең алып келеді. Оған тосқауыл қою мақсатында мал ұрлығы биылдан бастап ауыр санаттағы қылмысқа жатқызылды. Бұған дейін ол орта санаттағы қылмыс болып есептелген. Соған сәйкес, енді мал ұрлығымен айналысқандар 7 жылдан бастап 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.

Өткен жылдың 11 айында елімізде мал ұрлығына қатысты 3400 дерек тіркелген. Тіркелген қылмыстар бойынша 1400-ден астам күдікті үсталған. 200-ден астам қылмыстық топ әшкере болған. Ал 2018 жылы 5636 мал ұрлығы тіркелген. Оның тек 43 пайызы ғана ашылған. Қылмыстардың ашылмау көрсеткішінің көптігін ішкі істер министрлігінің өкілдері орын алған жағдайға байланысты адамдар малды  өздері іздеп, арада бірнеше күн өткенде ғана полицияға шағымданатындығымен байланыстырады.

А. САТЫБАЛДЫ.