ТҰРҒЫНДАР ӨСЕРБАЕВ КЕЛГЕЛІ ОРДАБАСЫНЫҢ ОҢАЛА ТҮСКЕНІН АЙТТЫ

Былтыр Түркістан облысы, Ордабасы ауданының жалпы өнім көлемі 79 млрд. 200 млн. теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 11 млрд. 700 млн. теңгеге артық. Өндірілген өнім көлемі өнеркәсіп, ауылшаруашылық, құрылыс, тауар айналымы қызметін көрсету салаларын қамтыған. Ауданның бюджеттік түсімі 3 млрд. 501 млн. теңгені құрап, артығымен орындалған. Оның ішінде ауданның өзінің түсімдері 1 млрд. 347 млн. теңге болды.
Ордабасы ауданының әкімі Әліпбек Өсербаев 2019 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен биылға арналған міндеттері туралы халыққа берген есебін осындай оң көрсеткіштерді айтумен бастады.
Ауданда өндіріс саласының өркен жаюына барлық жағдайлар жасалған. Қазіргі таңда аумақта машина жасау, қыш шығару, фармацевтика, пластмасса мен тамақ өнеркәсібі және тағы басқа бағыттар бойынша 35 кәсіпорын жұмыс істейді. Былтыр аудандағы жалпы өнім көлемі көрсеткішінің 19 млрд. 251 млн. теңгесі осы кәсіпорындар үлесінде екен.
Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша Ордабасыда орындалып жатқан жұмыстар туралы Әліпбек Шәріпбекұлы:
– Бағдарлама аясында ауданда 41 млрд. 877 млн. теңге тұратын 20 жоба іске асқан. Бұл жобалар 1500-ден астам адамды жұмыспен қамтуды көздейді. Соның бірі өткен жылы іске қосылған пластмасса қалдықтарын өңдейтін зауыты. Жасыл технологиялар индустриясы бағытында жұмыс істейтін бұл жобаның құны 4 млрд. 650 млн. теңгені құрайды. Өз кезегінде зауыт 100-ден астам адамды жұмыспен қамтыды, — деді.
Сонымен қатар ол, Ордабасы ауданында мұнай өңдейтін зауыттың іске қосылатын күнінің ауылы алыс емес екенін хабарлады. Әкімнің сөзінше, алдағы уақытта Бадам ауылдық округі жанынан «Standart Petroleum Co» ЖШС мұнай өңдеу зауытының бірінші кезеңін іске қосу жоспарланған. Жылына 1 млн. тонна мұнай өңдейтін зауыт арқылы 400 адамды жұмыспен қамту межеленген.
Бұдан бөлек, ауданда жеміс пен көкөністерді сақтайтын, сыйымдылығы 1600 тонна болатын қойма салынбақ.
Құны 1 млрд. 500 млн. теңге болатын жоба аясында «Standard Resurses» ЖШС мұнай қалдықтарын өңдейтін зауытты іске қоспақ.
Қазіргі таңда ауданда газ сақтау бекетінің құрылысы басталған. Сыйымдылығы 10 мың текше метр газды құрайтын жобаның жалпы құны 150 млн. теңге. Өз кезегінде бұл жобалар жүзеге асса ауданның өндірісі өркен жайып, экономикалық жағдайында да серпіліс болмақ.
Қазіргі таңда аудандағы «Қазақ-Түрік» бірлескен индустриалды аймағында 6 жоба орналасқан. Оның 3-уі толық қуатта жұмыс атқарып келеді.
Аудан әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы 2018 жылы Ордабасыға тартылған инфестиция 14 млрд. 826 млн. теңге болса, былтыр бұл көрсеткіш 19 млрд. 217 млн. теңгеге жеткенін, оның 11 млрд. теңгеге жуығы инвесторлар есебінен екенін айтты.
Ауданда 31 мың гектардан астам суармалы жер бар. Олардың аумағы жыл сайын ұлғайып келеді. Десе де, егін науқаны қызған шағында су тапшылығы сезілетіні анық. Осыған сәйкес ауданда суды үнемдеп тұтыну технологиясының қолдану аясын кеңейту шаралары қолға алынады.
Аудан әкімі Әліпбек Өсербаев білім, денсаулық, әлеуметтік сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен шешімін күтіп отырған мәселелерге де тоқталды. Ол:
– Былтыр ауданда 5318 отбасы яғни, 30179 адамға 3 млрд. 270 млн. теңге АӘК берілген. Бұл аз ақша емес. Жоғарыда біздің ауданның бір жылдық бюджеті 1 млрд. 347 млн. теңге болғанын айтып өткенім соның мысалы. Бірақ, АӘК алған сол 5318 отбасының тек 1570-ке жуығы ғана мемлекет берген ақшадан нақты аяқтан тұрып кететін әрекеттерге қадам басты. Яғни, 882 азамат ірі қара мал алса, 600-ден астам адам қой алып шаруашылықпен шұғылдануға бет бұрған», — деді.
Осылайша ол аудан тұрғындарын мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, істің көзін таба білуге шақырды.
Сондай-ақ ол, шағын және орта бизнес субъектілеріне импорттық заттар өнімін алмастыратын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы негізінде, яғни, күнделікті өмірде кең қолданылатын бұйымдар өндіру бойынша мемлекеттік қолдауға ие болуға шақырды. Былтыр аталған бағдарлама аясында 7 жоба қолдау тауып, олар 311 млн. теңгеге қолжетімді несиеге ие болған.
Коммуналдық сала бойынша көрсеткіштер алдыңғы жылдармен салыстырғанда көш ілгерілей түскен. Аудан халқының 90,3 пайызы құбыр суымен қамтылған. Қазіргі таңда 17 елді мекен тіршілік көзін құдықтан тартып ішеді. Елді мекендердің құбыр суымен қамтылуын 100 пайызға жеткізу үшін былтыр 7 нысанның жобалық-сметалық құжаты әзірленген. Соның негізінде биыл Боралдай, Арыстанды, Жусансай елді мекендері ауыз сумен қамтылатын болады.
Қазіргі таңда ауданда 818 көше болса, соның 268-і асфальт жабындысымен қапталған. Ал 386-сы тас жол, 164-і топырақ жол. Былтыр 50-ден астам көшелер жөнделген. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстарға биыл да басымдық берілетінін жеткізді.
Есеп беру жиыны әдеттегідей халықтың талап-тілек айтуымен жалғасын тапты. Әкімнің жылдық есебін ұйып тыңдаған аудан тұрғындары Әліпбек Шәріпбекұлына шағым емес, керісінше оның халықты оң істерге ұйыстыра алатын басшы екеніне көз жеткізгендерін ашық айтып, алдағы ісіне сәттілік тіледі. Өз кезегінде ел ағалары Әліпбек Өсербаев әкім болған бірнеше ай ішінде жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан біраз жұмысқа нүкте қойылғанын, соның бірі Темірланға газдың келуі екенін атап өтті.
Жиында әртүрлі қоғамдық шараларда билік басындағы азаматтар мен құзырлы орган өкілдеріне Ордабасыдағы өзекті мәселелерді көтеріп, оның шешілуін талап етіп жүретін Әріпбай Қойшыбай да сөз алды. Ауданның құрметті азаматы Әріпбай Қойшыбай «Біз соңғы үш жылда әкімсіз жүргендей болдық. Тіпті ауданымыз «Ұйықтап қалғандай» еді. Әліпбек Өсербаев басшы болып келгелі бері сол ауданды «оятты» десек те болады»,- деді. Және де ол облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке «Темірланды қала деңгейіне көтеріп, түрлендіргенге дейін Өсербаевты орнынан алмаса екен» деген халықтың ұсыныс-тілегін жеткізді.
Өз кезегінде аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев аудан әкімінің жұмысын оң бағалады. Десе де ол шешілуі тиіс шаруа бар екенін атап өтті. Ол ауданда құнарлы жерді кәдеге жаратпай жатқан азаматтардың жетіп артылатындығы. Осыны баса айтқан Өмірзақ Естайұлы аудан әкіміне суармалы жерді тиімді пайдаланудың барлық тетіктерін қарастыруды тапсырды.

uakit.kz