ӨҢІР ПРОКУРОРЛАРЫ ЖЫЛДЫҚ ЖҰМЫСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫН САРАЛАДЫ
Шымкент қаласының криминогендік ахуалы ушықпаған.
Қала прокуратурасы мұны осы жылы тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың
2018 жылмен салыстырғанда 16,1 пайызға төмендеуімен тұжырады.
Былтыр Шымкентте қасақана адам өлтіру дерегі 2018 жылмен салыстырғанда 38,7%, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі 40,8%, тонау 35,5%, есірткінің заңсыз айналымы деректері 28,3 % азайған. Қылмыстардың ашылуы 73,3% құраған. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 70,1% болған. Тіркелген қылмыс салдарынан келтірілген шығынның 42 пайызы өндірілген.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қала прокурорының бірінші орынбасары Манас Сабаншиев мәлімдеді.
Бұдан бөлек жиынға қала прокурорының үкімдердің орындалуын қадағалау және апелляциялық саты салалары бойынша орынбасары Берген Ержаппар мен қоғамдық мүдделерді қорғау саласы бойынша орынбасары Бахтияр Мұхамеджан да қатысты. Өз кезегінде олар өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Атқарылған жұмыстар бойынша нақты сандарды сөйлетті.
Бес мың мұғалімнің жалақысы қайта саналды
Қадағалаушы орган өкілдері келтірген кейбір деректер жаға ұстатарлық десек те болады. Соның бірі бес мыңға жуық мұғалім жалақысының дұрыс есептелмегені. Яғни, мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқытқаны үшін көптеген мұғалімдерге тиісті төлем жасау өз деңгейінде іске аспаған. Сонымен қатар, жүздеген мұғалім өздерінің ғылыми дәрежесі үшін берілетін сомадан да қағылып отырған. Бұл кемшіліктер прокурорлардың ықпалымен анықталғаннан соң, мұғалімдер пайдасына қосымша 64 млн. теңге өндіріліп, әділдік салтанат құрған.
Прокуратура құқыққорғау мен атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп жыл бойына 136 рейд ұйымдастырған. Іс-шара барысында түнгі уақытта 3000-ға жуық жасөспірімнің ересектердің бақылауынсыз бейсауат жүргені анықталған. Олардың бірқатары ойын-сауық орындарында тентек суды татып алып жүргеніне де көз жеткізілген. Жүйелі тексеру жұмыстарының нәтижесінде құқықбұзушылыққа бейім 297 жасөспірім мен тұрмысы нашар отбасындағы 172 ата-ана әрдайым профилактикалық жұмыстарды жүргізу мақсатында арнайы есепке алынған.
Қадағалаушы орган өкілдері осындай шараларды жүйелі жүргізудің нәтижесінде есепті мерзімде жасөспірімдер арасындағы қылмыс алдыңғы жылмен салыстырғанда 25 пайызға төмендеп, 130 мың баланың құқы қорғалғанын айтады.
Жазатайым жағдайлар үшін басшылар жауапқа тартылды
Сонымен қатар, былтыр арнайы қызмет көрсету орталығының әкімшілігі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін жәрдемақы сомасын түгел тұтас бермей, азаматтарға берілетін ақшаны заңсыз ұстап отырғаны да анықталған. Прокурорлардың араласуымен заңсыз ұсталған 4,8 млн. теңге көлеміндегі жәрдемақы сомасы өз иелеріне қайтарылып, нәтижесінде 300-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтың құқы қорғалған.
Былтыр Шымкент қаласы прокуратурасының ықпалымен жұмысшылардың еңбек құқын қамтамасыз ету мақсатында жалақы бойынша берешектің көлемі 10 есеге төмендетіліп, 253 млн. теңгеден 25,2 млн. теңгені құрады. Қадағалаушы орган өкілдерінің тексерулерінің нәтижесінде шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған 300-ден астам рұқсаттың күші жойылды. Кәсіпорында тіркелген 14 жазатайым жағдай бойынша уәкілетті органның басшылары жауапқа тартылды.
Коммуналдық қызметтер бойынша табиғи монополия субъектілерінің келісім шарттар мен түбіртіктерде тұтынушыларға қойған кейбір талаптары алынып, нәтижесінде 400 мыңнан астам абоненттің құқы қорғалды.
Дәрі дауы – тергелу үстінде
Өткен жылы медициналық қызметпен қамтамасыз ету бағытында берілетін жалпы сомасы 7,7 млн. теңгені құрайтын тегін дәрі дәрмектердің ұрлануы анықталды. Оның ішінде былтыр Өзбекстан Республикасынын табылған инсулинде бар. Сонымен қатар, былтыр жалпы сомасы 83 млн. теңгені құрайтын дәрілер сақталған көлеңкелі қоймалар анықталған. Онда сақталған дәрілер Қазақстан Республикасында тіркелмеген. Қала прокурорының қоғамдық мүдделері қорғау саласы бойынша орынбасары Бахтияр Мұхамеджан бұл мәселе бойынша былай деп мәлімет келтіреді.
– Өзбекстан Республикасынын табылған инсулиндер бойынша іс экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды. Жалпы сомасы 7,7 млн. теңгені құрайтын ұрланған тегін дәрі-дәрмектер Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы бес ауруханадан медициналық қызмет алатын азаматтарға тиесілі болғаны анықталған.
Тергеу барысы кезінде Өзбекстан Республикасынан табылға инсулиндер бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Олардың ішінде тек бір қылмыстық іс өткен жылдың қыркүйек айында аяқталды. Ол медбике үстінен қозғалған іс болатын. Яғни ол, келтірілген 835 мың теңге залал көлемін толық өтеді. Қалған іс бойынша тергеу-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін толық мәлімет айтылмайды.
Кезінде осы іске қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында Өзбекстанда табылған инсулиндер Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдарға тиесілі деген ақпарат айтылды. Ол мерзімінен бұрын айтылған тұжырым. Себебі, тиісті мекеме Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдарға жеткізіліп келген инсулиндердің дәрілік сериясы Өзбекстанда табылған 900 дана инсулиннің дәрілік серияларымен сәйкес болғанын анықтаған. Осыған байланысты осы төрт аймақта аудит жұмыстары басталған,-деді.
Қаржыға қатысты қитұрқылық бойынша орын алған жағдайлар осымен шектелмейді. Былтыр мемлекеттік сатып алу конкурстарының нәтижесін қайта қарау бойынша 2 млрд. теңге бюджет қаржысының негізсіз жұмсауының алдын алынған. Сондай-ақ, 6,5 млрд. теңге салықтан жалтару мақсатында «бір күндік фирмалар» арқылы жалған шот-фактураларды жүзеге асырумен айналысқан қылмыстық топ құрықталған. Бұл іс бойынша мемлекетке 88 млн. теңге шығынды өндіру қамтамасыз етілген.
Атқарушылық өндіріс саласында прокурорлық актілермен мемлекет пайдасына 1,4 млрд. теңге, жалақы өндіру бойынша 45,5 млн. теңге өндірілді. Алимент төлеу бойынша жыл бойына 10 акция мен рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Нәтижесінде 300-ден астам әйел құқықтық көмек алды. Алимент бойынша 83 млн. теңге өндірілді.
Мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды
Қазіргі таңда Шымкент қаласының прокуратурасы жергілікті әкімдікпен бірге кезінде Түркістан облысынан қала территориясына қосылған аумақтардағы 2000-ға жуық тұрғынның заңдастырылмаған жер учаскелерін құжаттандыру шарасын жүргізіп жатқаны белгілі. Аталған үйлер осыдан бірнеше жыл бұрын ешқандай меншік құқын растайтын құжатсыз азаматтардың өз еркімен салынған. Қадағалушы орган өкілдері мұндай шара біржолғы екенін, алдағы уақытта қайталанбайтынын қадап айтады.
– Бұл әкімдікпен бірлескен біржолғы шара. Бұл шара тек 1806 тұрғын жайға қатысты беріліп жатқан мүмкіндік. Ол жер телімдерінің астынан ешқандай коммуникациялық желілер жүргізілмеген. Біз азаматтардың материалдық жағдайын қиындатпас үшін әкімшілікпен бірлескен іс-шара жоспарын түздік. Соның шеңберінде аталған тұрғын үйлерге құқықтар рәсімделіп жатыр. Осы шараны пайдаланып, өзге адамдар да алдағы уақытта мемлекет меншігіндегі немесе өзге біреудің жер телімін заңсыз басып алатын болса, бәрібір де ол жерлер бастапқы қалпына келтірілетінін қатаң ескертеміз. Азаматтар ондай қадамдарға баратын болса, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, артық шығынға батады. «Мемлекет барлығын заңдастырып береді» деген теріс пиғыл қалыптаспауы қажет, -дейді прокурорлар.
Осы шара аясында қазіргі таңда 1806 тұрғын үйдің 1048-і құжаттандырылды. Қалған жер телімдерін заңдастыру шарасы жүргізіліп жатыр. Құжаттандыру жұмыстары бойынша тиісті тексерулер жүргізіледі. Егер де үйдің астынан су, жарық, газ және тағы басқа инженерлік жүйелер жүргізілген болса, оларға меншік құқы берілмейді.
Бұдан бөлек прокурорлар былтыр 1 мың гектардан астам пайдаланылмай отырған жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады.
Отыз мыңнан астам тұлғаның конституциялық құқы қорғалды
Шымкент қаласының прокуратурасы былтыр 231 тексеру мен талдау нәтижесінде 36854 тұлғаның конституциялық құқын қорғаған.
Брифинг барысында қадағалаушы орган өкілдері қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтардың да құқын қорғау басты бағыттарының бірі екенін де екшеп өтті. Бұл туралы қала прокурорының үкімдердің орындалуын қадағалау және апелляциялық саты салалары бойынша орынбасары Берген Ержаппар:
– Былтыр 1832 азаматқа қатысты 1536 іс қылмыстық іс сотта қаралды. Оның барлығына прокурорлар қатысты. Прокурлорлардың араласуымен сотталған 567 азамат бас бостандығынан айырылып отыр. Конституциялық құқықтардың сақталуы үшін заңсыз ешкімнің сотталып кетпеуіне шара көрілді. Ол тек соттың ғана құзырына берілген жауаптылық емес. Бұл біздің де басты міндетімізге кіретін іс-әрекеттер. Сондықтан да тиісті жазаларын қылмыскерлер алып жатыр. Заңсыз жауапкершілікке тартылу жәйттері өте сирек. Бізде 9 ғана жәйт болды. 1832 азаматтың 11-нің жауапкершілігі ақталу үкімімен аяқталған. Қалғандарының барлығына заңды үкімнің қабылдануына ықпал етіп отырған жағдайымыз бар.
Шымкентте қылмыстық атқару жүйелеріне тиісті бес мекеме бар. Олардың режимдері әртүрлі. Солардың жұмыстарын қадағалауды атқару барысында былтыр бізде сотталған азаматтарға заңсыз әрекеттер жасауға жол берілмеді. Алдағы уақытта да қинауға, зомбылыққа салуға жол берілмейді, — деп атап өтті.
Салтанат ИБРАГИМОВА.