Кәсіптік білім ордасы шаңырағын қайта тіктеді
Ұлы Жібек жолының бір тармағы болған, қазақтың тұңғыш хандығының туы тігілген, көне де жаңарған Созақ кентінде кәсіп пен нәсіптің оқу ордасы – «№1 колледж» МКҚК-ның жаңа оқу ғимаратының ашылу салтанаты болды. Бұл ашылу рәсімі тарихы көл-көсір оқу орнының 60 жылдық мерей тойымен тұспа тұс келді. Бұл тарихи сәтте аудан әкімі Салыхан Полатов, аудандық мәслихаттың хатшысы Бегімбет Байғараев, кәсіпкерлік палата аудандық филиалының директоры Ғабит Елбергенұлы құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ шараға мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары, аудан, ауыл тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ашылу салтанатында аталмыш білім ордасының директоры Бақдәулет Қордашбектов колледж тарихы мен оның жеткен жетістіктері туралы қысқаша хабарлама жасады. Сонау елуінші жылдардың соңында майда ұжымшарларды ірілендіріп кеңшарлар құрыла бастағанда, ауыл шаруашылығына қажетті механизаторлар мен кәсіпқой жұмысшы кадрларын дайындау мақсатында жер – жерлерде Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің шешімімен ашыла бастаған ауыл шаруашылығын механизацияландыру училищелерінің бірі Созақ ауданының географиялық жағынан дәл орталығы болып табылатын Созақ ауылында «УМСХ – 134» болып 1959 жылдың 27 желтоқсанында ашылған еді.
1963 жылы СПТУ – 134 болып өзгертілсе, 1978 жылдың қыркүйегінен ТУ – 51 болды, ал 1984 жылдың қыркүйегінен СПТУ – 22 болып өзгертілсе, 1996 жылдың тамыз айынан ПТШ – 23 (кәсіптік техникалық мектеп), 2007 жылы сәуір айынан «№1 кәсіптік лицей», 2013 жылдың қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін «№1 колледж» МКҚК болып аталып келеді.
Содан бері аты бірнеше рет өзгерсе де, жүйелі түрде ауыл шаруашылығы мен өндірістерге қажетті «Автомобиль жүргізушісі», «Кең көлемді тракторшы-машинист», «Малшы–механизатор», «Комбайыншы», «Дәнекерлеуші», «Ағаш ұстасы», «Сыршы–сылақшы», «Есепші», «Тігінші», «Дүкенші», «Аспазшы», «Электромонтер», «Бір ожаулы эксковатор машинисі», «Токарь» мамандықтары бойынша 60 жыл ішінде 13 мыңнан аса жұмысшы кадр дайындалды.
Өндіріске қажетті мамандарды аудан азаматтарынан дайындау мақсатында Таукент поселкесінен Созақтағы «№1 кәсіптік лицей» жанынан филиал ашылып, 2008 жылдың күзіне дейін уран өндірісіне қажетті мамандықтар бойынша 500-ден аса ауыл жастары білім алып, қазіргі таңда өндірісте еселі еңбек етіп жүр. Қазіргі таңда сол филиал ауданымызда «№24 колледж» болып өз алдына бөлініп жұмыс жасауда. «№1 колледж» МКҚК-ның 200 орындық жаңа оқу ғимараты мен шеберхана құрылысы 2017 жылы облыстық бюджет есебінен басталып, оны «Ел құрылысы тобы» ЖШС-гі жүргізді. Жаңа ғимарат пайдалануға 2019 жылдың 1 қыркүйегінде берілді. 60 (алпыс) жылдан бері қол жеткен заманауи оқу орны ендігі жерде жас жеткіншектердің дұрыс білім алуына қызмет ете беретін болады. Енді алдағы ең үлкен жоспарымыз жаңа жатахана жайын салдыру. «№1 колледж» МКҚК заман ағысынан қалмай, мамандық беруді мемлекеттік стандартқа сай жүргізіп келеді. Бұл талапты әрі қарай жалғастыру осы мекеменің педагогикалық және жұмысшы қызметкерлерінің басты міндеті болып табылып, оны қазіргі таңда іс жүзіне асырып келеді. Қазіргі таңда колледжімізде 14 топта әртүрлі мамандықтар байынша 348 студент білім алуда. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары. Олар ерекше қамқорлық пен көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл жастарға білім мен тәрбие беруде 48 инженер – педагог қызметкерлер өз білімі мен тәжірибелерін олардың бойына сіңіруде. «№1 колледж» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны 1959 жылы 27 желтоқсанда Созақ совхозының базасында УМСХ-134 (училище механизаций сельского хозяйства) болып құрылған. Осы 60 жылдың ішінде колледждің атауы бірнеше рет өзгерді. 1963 жылы СПТУ-134 (№134 селолық кәсіптік техникалық училище), 1978 жылы ТУ-51 (№51 техникалық училище),
1984 жылы СПТУ-22 (№22 орта кәсіптік техникалық училище), 1996 жылы ПТШ-23 (№23 кәсіптік техникалық мектеп), 2002 жылы №1 кәсіптік мектеп, 2008 жылы «№1 кәсіптік лицей», 2013 жылдың қаңтарынан «№1 колледж» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны. Колледж әкімшілік басқару аппаратында 9 адам бар.
Колледж бойынша 48 инженер – педагог кадрлар жұмыс жасайды. Оның ішінде әкімшілік қызметкерлері – 7, өндірістік оқыту шеберлері – 20, арнайы пән оқытушылары – 6, жалпы білім беретін пән оқытушылары – 12, тәрбиешілер – 2, кітапханашы – 1. Колледждің әкімшілігі барлық жұмысшы қызметкерлермен еңбек келісім – шарттарын түзген. Колледждегі барлық оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері сабақты мемлекеттік тілде жүргізеді.
Колледждің материалдық – техникалық базасы мамандықтар бойынша сапалы кәсіптік білім беруге толық жеткілікті. Студенттердің білім сапасына ерекше көңіл бөлініп бітірушілерді іс – тәжірибеден мекемелерге келісім шарттар мен сұраныстарға сәйкес еңбекке орналасады. Қазіргі күні мамандықтар бойынша тапсырыс берушілер қатары көбейген. Олар мемлекеттік және мемлекеттік емес, әртүрлі шаруа қожалықтары, өндіріс орындары мен шағын жеке кәсіпорындары. Колледждің ұжымы көп жылдан бері аудан көлеміндегі көптеген кәсіпорындармен өндірістік іс тәжірибелерді өткізіп келеді.
Колледжде қоғамдық негізде 1 көркемөнерпаздар үйірмесі, 6 спорт секциясы, 1 әскери – спорт клубы, 1 техникалық шығармашылық үйірмелері жұмыс істейді.
Колледждегі оқу-әдістемелік жұмыс Қазақстан Республикасы Білім туралы заңына, техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының әдістемелік жұмыстарын ұйымдастыру туралы Ережеге, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігінің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі №384 және 553 бұйрықтарының қосымшалары негізінде модульдік бағдарламасында белгіленген міндеттерге сәйкес жүргізіледі.
«№1 колледж» МКҚК-ны студенттерінің жалпы ұлттық құрамында 215 қазақ, 129 өзбек, 2 орыс, 1 қырғыз, 1 әзірбайжан ұлты бар. Асқаралы алпыс жылдық мерейтойын жаңа ғимаратта атап өтіп жатқан №1 колледж ұжымына шығармашылық табыстар, ауданымыздың дамуы мен өркендеуіне қосып жатқан сүбелі үлестері арта беруіне тілектеспіз.
Мақсат Қарғабай.