Сайрамның алар асуы әлі алда

Еңбекқор халқы бар сансыз баптар мекені Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып келеді. Бірлігі мен тірлігі жарасқан аудан тұрғындары тынымсыз еңбекпенен ертеңінің еңселі болуына негіз қалауда. Соңғы жылдары аудан экономикасына тартылған инвестиция шағын және орта бизнес саласына тың серпіліс беруде. Жаңа өндіріс орындары іске қосылды. Жобасы заман талабына сай әзірленген әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы қарқынды жүруде.

Ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі ағымдағы жылдың 9 айында 122,6 млрд. теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 14,2 млрд. теңгеге немесе 13,1 пайызға артық. Ауданда жан басына шаққандағы өнім көлемі 575,0 мың теңгені құрады. Өндірілген өнімдердің 47,1 пайызы ауыл шаруашылық өнім көлемін құрайды. Бұл негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің 23,3% құрайды. Жыл қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемін 147,7 млрд. теңгеге жеткізу межесі тұр.
Өнеркәсіп саласы аудан экономикасына серпін беретін негізгі салалардың бірі. Осы бағытта есепті кезеңде 17,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Өнеркәсіп өндірісі бойынша ауданымыздың үлесі облыс көлемінде 4,7% құрап, V орынға тұрақтады.
Аудан көлемінде «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына» жалпы инвестиция көлемі 12,2 млрд. теңгені құрайтын 16 жоба енген. Оның ішінде 3,4 млрд. теңгелік 6 инвестициялық жоба атап айтқанда, «Қайып ата», «Керемет сапа», ЖК «Рахманкулов», «Белла Мебель», «Бірлік-4», «АК-СУ», «Нұрым Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жобалары іске қосылып, өнім өндіруде. Ал, құрама жем шығаратын «ЖК Абдукадиров» «Құрама жем шығаратын зауыт» жобасын ағымдағы жылдың қараша айында іске асыру жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда ауданымыздағы ірі кәсіпорындар қатарына сұйық газ сақтайтын кешен ретінде «Gas Standart System», ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін цех «Южанка-5», сүт өнімдерін өңдейтін «Даут» серіктестіктерін қосуға болады. Сонымен қатар өндіріс жұмысшыларына арналған арнайы формалар, әскери киімдер мен төсек орын жабдықтарын тігетін «АХБК», сусындарға арналған пластикалық ыдыстар шығаратын «Артезия» серіктестіктері өнімді еңбек етіп келеді.
Шағын және орта кәсіпкерлік аудан экономикасының дамуына зор үлесін қосуда. Бүгінде аудан халқының 10,0%, яғни, 23,4 мың адам осы салада ырыздығын табуда. Ал, белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 16237-ге жетіп, өткен жылғыдан 10,6%-ға өскен. Нәтижесінде, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 48,8 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 8,6%жеткен. Жыл басынан бері 356 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, онда 800-ден астам жұмыс орны ашылған.
Ауданда қарқынды дамыған ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан бері 57,8 млрд. теңгегенің өнімі өндіріліп, өсім 3,6 пайызды құраған. 2018 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 55,7 млрд теңге болған. Оның ішінде мал шаруашылығы саласы бойынша 30,1 млрд. теңгенің өнімі, егін шаруашылығы саласы бойынша 27,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Осы бағытта ауданның облыстағы үлесі 12,9% құрады. Салаға ағымдағы жылдың 9 айында 5,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Ал, 2019 жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 72,4 млрд. теңгеге, өсімін 14,0% жеткізу жоспарланған.
Аудан аумағындағы 42 елді мекеннің 41-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Құтарыс ауыл округі «Қызылжар» ауылы тұрғындары құдық суын тұтынса, 4 ауылға тіршілік нәрі шекті көлемде берілуде. Осы 4 елді мекенді ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Манкент елді мекенінің екінші бөлігін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен былтырғы жылы 971,5 млн. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. 2019 жылға 454,6 млн. теңге қарастырылған, нысан 12.06.2019 жылғы №37 мемлекеттік қабылдау актісімен пайдалануға қабылданған.
Қарабұлақ елді мекенінің ауыз су жүйелері құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін су резервуары және су ұңғылары орналасқан жер телімдеріне мемлекеттік акті алынуда.
Нұржанқорған, Қожақорған елді мекендерінің жер асты су қорына зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Құдық суын пайдаланып отырған «Қызылжар» елді мекенін орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу мақсатында ауыз су жүйелері құрылысына 2019 жылға аудандық бюджеттен 143,6 млн. теңге қарастырылып, құрылыс жұмыстары басталған.
Сонымен қатар, осы жылы 7 елді мекеннің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізуге аудандық бюджеттен 25,8 млн. теңге бөлінген.
Жалпы, аудан бойынша сумен жабдықтауға және су жүйелерін дамытуға барлығы 598,2 млн. теңге бағытталған.
Ауданда 42 елді мекеннің 19-ы немесе 45,2% табиғи газбен қамтылған. Даму концепциясына сәйкес 2018-2021 жылдар аралығында 23 елді мекен тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етіп, 100%-ға жеткізу жоспарланған. Осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде 2018 жылы облыстық бюджеттен 2,1 млрд. теңгеге 12 елді мекенге газ құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілді
Көлкент ауыл округіндегі Шапырашты және Теспе елді мекендерін табиғи газбен қамту үшін құрылыс жұмыстарына аудандық бюджеттен 55,1 млн. теңге бөлінген.
Биыл көгілдір отын келмеген Қарабұлақ, Ақарыс, Оймауыт, Көлкент, Береке елді мекендеріне газ құбырын тарту құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қажетті қаржы қаралып отыр.
Жалпы газ тасымалдау жүйесін дамытуға аудандық бюджеттен 73,5 млн. теңге бағытталған.
Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінің бірінші бастамасы аясында аудан халқының баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін аудан бюджетінен 15,0 млн. теңгеге Қарасу ауылдық округі аумағынан 300 пәтерлі 5 тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаты дайындалып, ол республикалық бюджетке ұсынылды.
Ауданда жол жөндеу, көріктендіру, абаттандыру, білім беру, әлеуметтік, мәдениет және спорт салаларында алға жылжу бар.
Бүгінде ауданда 30 мәдениет ошағы халыққа қызмет етіп келеді. 2019 жылдың 9 айында жоспарланған 125 мәдени іс-шара өз деңгейінде өткізілді. Республикалық, облыстық байқаулардан аудан таланттары жүлделі орындарға ие болуда.
Ауданда қолға алынған игі істердің біреуі – мұражай құрылысы. Бұл жобаны қолға алудағы мақсатымыз – тарихы тереңде жатқан құнды жәдігерлерді, тарихтан сыр шертетін түрлі бұйымдарды бір жерге шоғырландыру. 2018 жылы Ақсукент ауылында аталған мұражайдың құрылысына 34,5, 2019 жылы нысанды аяқтауға 14,9 млн. теңге қаралды. Бүгінгі таңда нысан пайдалануға қабылданған.
Ауданда 368 спорт нысаны тіркелген. Сондай-ақ, 4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі дене шынықтыру саласын дамытуға жұмыс жасауда. Аудан халқының 30,5%-ы немесе 64866 адам спортпен шұғылданады. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі 250 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 34321 адам қатысқан.
Биыл Қарасу ауылында спорт кешені құрылысының жобалық сметалық құжатын әзірлеуге бюджеттен 4,0 млн. теңге қаралды.
Ауданда тіркелген 4 аймақтық партиялар жүйесінің филиалдары, 26 үкіметтік емес ұйым, 8 ұлттық этно-мәдени орталықтардың және 111 діни бірлестіктердің өкілдері жұмыс істейді. Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизм мен терроризмнің, кереғар діни ағымдар мен секталар іс-әрекетінің алдын алу бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізілуде.
Жыл басынан бері 28,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл былтырмен салыстырғанда 2 есеге көп. Тартылған инвестицияның 29,0%-ы мемлекеттік, 53,7%-ы меншікті, 17,3 %-ы басқа қаражат көзі болып табылады. Облыс көлемінде ауданымыздың үлесі 11,4% немесе 2 орында. Ал, 2019 жылдың соңына дейін инвестиция көлемін 29,1 млрд. теңгеге, өсімін 1,4 есеге жеткізу жоспарланған.
Егін шаруашылығында биыл 53 мың га егістік жерге (2018 жылы – 52288 га) ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Атап айтқанда, 16463 га жерге күзгі бидай, 3563 га жерге арпа, 7740 га жерге мақсары, 3138 га жерге картоп егілді. Жалпы жоспарланған дақылдар толық егілді.
Жұмыс істеп тұрған жылыжайлар көлемі 35,7 га құрап, саны 125 бірлікті құрайды. Жылыжай шаруашылығында жаңадан 10 гектар өндірістік жылыжайды іске қосу жоспарлануда. Жоба Қарамұрт ауыл округінде шетелдік инвестиция есебінен түтіні түзу шығып жатқан «Ecoinvest S.A» ЖШС тарапынан жүзеге асады. Жобаға сәйкес жылыжай құрылысына 29 гектар жер телімі рәсімделіп берілген, техникалық шарттар толық алынған. Жобаның құны 7,5 млрд. теңге.Бүгінде қажетті жабдықтар толығымен жеткізіліп, құрылыс жұмыстары басталған. Жылыжай 2020 жылы іске қосылады.
Сонымен қатар, аудан көлемінде ағымдағы жылға жоспарланған 125 гектар қарқынды баудың 32 гектары (25,6 %) егілді, негізгі бөлігі Қайнарбұлақ ауыл округінде «Dala Fruit.kz» ЖШС есебінен егіледі.
Ауданда үй іргелік қосалқы шаруашылықтар есебінен 100 гектар жерге жүзім отырғызылды.
Мал шаруашылығында 22,0 мың тонна ет, 95,0 мың тонна сүт, 12,0 млн. дана жұмыртқа өндірілген, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім бар.
2019 жылға 200 тонна қой етін экспорттау жоспарланса, 9 айда 1065,8 тонна ет сыртқы нарыққа шығарылған. Ірі қара мал етін экспорттау бойынша жылдық тапсырма 4300 тонна болса, 9 айда орындалғаны 3731,1 тонна болған.
Жыл басынан бері 56 бірлік 10-15 бастық шағын мал бордақылау орны, 31 жанұялық сүт ауласы ашылған. Жалпы 989 мал бордақылау алаңдарында бір мезетте 40-42 мың мал бордақылануда.
Сайрам ауданы бойынша жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 1205,3 шақырымды құраса, оның 43,8%-ы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Осы жылы 67,0 шақырымды құрайтын 67 көшені орташа жөндеуден өткізуге 810,8 млн. теңге қарастырылды. Оның ішінде облыстық бюджеттен бөлінген 123,7 млн. теңгеге 3 ауылдық округтегі 9,6 шақырымды құрайтын 11 көшеге, аудандық бюджеттен қаралған 686,8 млн. теңгеге 6 ауылдық округтегі 57,4 шақырымды құрайтын 56 көшеге орташа жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде.
Сондай-ақ, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен бағдаршамдарды күтіп ұстау жұмыстарына аудандық бюджет есебінен 29,8 млн. теңге қаржы қарастырылған.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында аудандағы білім беру мекемелеріне 2018-2019 жаңа оқу жылынан бастап бірінші сыныпқа оқушы қабылдау автоматтандырылған тәртіппен іске асыру қолға алынды. Нәтижесінде 2019-2020 жаңа оқу жылы қарсаңында 5829 оқушы mektep.sitcen.kz сайты арқылы бірінші сыныпқа электронды түрде қабылданды. Jumys.sitcen.kz жүйесі іске қосылғаннан бастап 258 адам жұмысқа орналасты. Электронды журнал іске асыру мақсатында аудандағы барлық 74 мектеп kundelik.kz сайтына қосылған.
Бұл салаға 2019 жылы барлығы 24,5 млрд. теңге қарастырылған.
Оның ішінде аудандық бюджеттен 257,3 млн. теңге 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарына, 32,9 млн. теңге 5 мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарына бағытталды .
Сонымен қатар, биыл 8 білім беру нысанының құрылысына барлығы 3,7 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде 1,8 млрд. теңге 2 мектеп құрылысына, 1,9 млрд. теңге 6 мектеп құрылысы мен 1 мектеп құрылысын қоса қаржыландыруға,
17,9 млн. теңгеге 4 мектеп құрылысының жобалық сметалық құжатын әзірлеуге қарастырылған. Биыл Ақбай ауылындағы №28 Ақбай ЖОМ пайдалануға тапсырылса, қалған 7 мектеп құрылысы келесі жылға өтпелі.
Аудан бойынша 12 мемлекеттік, 3 мектеп жанындағы шағын орталық және 84 жекеменшік барлығы 99 балабақша жұмыс істейді. Онда 14529 бала тәрбиеленуде, яғни қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткен.
Бұдан бөлек, 2019 жылы аудан көлемінде мемлекеттік жекеменшік әріптестік арқылы Манкент ауылынан 280, Қарасу ауылынан 280 орындық барлығы 560 орындық екі балабақша пайдалануға беріліп қызмет жасауда.
Бүгінде ауданның өзекті мәселесі – көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды атаулы әлеуметтік көмекпен қамту. Бұл бағытта ауданда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Тиісті органдардың ақпараттық жүйелері біріктірілуіне байланысты, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың тұрмыстық жағдайы туралы мәліметтер ауылдық округтерде «Е-халық» ақпараттық жүйесіне енгізілуде. Көпбалалы және аз қамтыған отбасыларды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтуға осы жылға 4,5 млрд. теңге қарастырылса, бүгінге дейін соның 3,9 млрд. теңгесі төленді. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен осы мақсатқа 921,0 млн. теңге қосымша бөлініп отыр.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды үйлестіру және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында 2019 жылы 6305 адамды жұмыспен қамтудың белсенді іс шараларына тарту жоспарланған. Ағымдағы жылдың 9 айында бағдарламаға 4431 адам тартылған. Бағдарламаның І-ші бағыты еңбек нарығындағы сұранысқа ие біліктіліктер мен дағдылар бойынша 385 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда 185 азамат оқуға жолданды.
Бағдарламаның ІІ-ші бағытында «Бастау-бизнес» жобасы бойынша 129 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 119 адам 448,4 млн. теңге шағын несие алды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асырған 100 кәсіпкерге 47,4 млн. теңге гранттар берілді.
Бағдарламаның ІІІ-ші бағыты аясында «Жастар практикасына» 721 азамат, 325 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 350 адам қоғамдық жұмыстарға жолданса, 1799 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылды.
Сондай-ақ, 2019 жыл «Жастар жылы» деп аталуына байланысты 2479 жасты жұмыспен қамтудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына тарту жоспарлануда. Бағдарламаның белсенді іс-шараларына 5473 адам жүгінсе, оның ішінде 2541-і жұмыссыз жастар. Осы жастардың ішінен бүгінгі таңға 1891 адам бағдарламаға қатысты.
Ауданымыздағы барлық 11 ауылдық округтің кіреберіс шекараларына қақпалар орнатылып, елді мекендердің төлқұжаты жазылды. Аудан орталығы Ақсукентке де орталықтың дерегі жазылған заманға сай арка қойылды. Ел мерейін өсіру үшін ерекше еңбек пен табандылық әрқашан әр азаматқа серік болуы тиіс.
«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жұмысқа жұмыла кіріскенде ғана алынбайтын асу болмайды.
Сайрам ауданының халқы межелі мақсаттарды межелейді. Бұл ретте аудан әкімі Бақтияр Мамаевтың іскерлігін, халықпен жұмыс жүргізе алатын қырының да ықпалы зор екенін айта кеткен абзал. Жергілікті жердегі тіршіліктің сан саласында оң динамиканың байқалуы соның жарқын мысалы. Алдағы уақытта да аудан экономикасын дамытуда өндірісті, ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамытуға басымдықтар беру жалғасын таба беретін болады.

Аудан бойынша
тамшылатып суғару әдісі 555,2 га
жерге ендірілген.
Жыл басынан
154,2 га
жерге тамшылатып суғару әдісі ендіріліп, жылдық
жоспар 102,8% орындалған.

М. ӘБДІРАЙЫМ.