Құтқару қызметі қысқа дайын
Шымкентте қыс мезгілі кезінде жолдарды қалың түскен қардан тазарту мен көктайғаққа қарсы инертті материалдар себу жұмыстарына 151 техника мен 1181 жеке құрам жұмылдырылатын болады.
Оқыс оқиғаларды алдын алатын мұндай жұмыстарға «ЛТД Тұрмыс», «Байтерек ЛБ», «Югдорсервис», «NURTAU servis» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізеді. Аталған 4 мекеме тиісті жұмыстарды 25 бағыттағы ұзындығы 2976,6 шақырымды құрайтын 225 көшеде жүргізетін болады. Қазіргі таңда ол жұмыстарға тартылатын техникалардың барлығы тізгіндеуге дайын. Инертті материалдардың қоры да жеткілікті. Қазіргі таңда қорда 19307 метр куб құм, 1738 тонна тұз бар.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Ерғали Бахаев мәлімдеді.
Сондай-ақ ол, қыс мезгілінде төтенше жағдай орын алған кезде құтқару жұмыстарына едел-жедел кірісетін 297 адамнан тұратын жеке құрам мен 49 техника бірлігі бар екенін айта келе: «Оның ішінде «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесінен 30 техника және 200 маман, жедел-құтқару жасағынан 17 техника және 90 адам, медицина апаттары орталығының филиалынан 2 техника және 7 адам бар»,- деді.
Шымкент аумағынан өтетін республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының ұзындығы 34 шақырымға жалғасқан. Сала мамандары қыстың көзі қырауда аталған жолдарда жедел түрде медициналық көмек көрсететін 3 жол медициналық-құтқару пункті орналасқанын мәлімдеді. Құтқару пункттері жол- көлік апаттары кезінде жедел түрде құтқару жұыстарын атқаратын болады. Сонымен қатар, ауа райы нашарлаған жағдайда қалалық полиция департаментінің инспекторлары Шымкент-Алматы, Шымкент-Ташкент және Шымкент-Қызыл-орда сынды үш бағыт бойынша жол қозғалысын тоқтататын болады.
Осы деректерді алға тартқан Ерғали Бахаев мегаполисте қыс мезгілінде төтенше жағдайлардан зардап шеккен халықты қабылдау үшін 129 жиналу эвакуациялық пункті дайындыққа келтірілгенін хабарлады.
Ж. АРМАНОВА.