МАҚТА БАҒАСЫН БЕКІТУ МҰҢ БОЛДЫ
Биыл Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында 38 мың гектардан аса жерге мақта шиті себілген. Былтыр ауа-райының қолайсыздығы мен мақта зиянкестерінің көп болуына қарамастан, ауданда 96 мың тонна ақ алтын өнімі жиналған еді. Сол кезде орташа өнімділік 25 центнерге әрең жеткен болатын. Аудан әкімдігі осы жылы 100 мың тоннаға жуық өнім жинап алуды көздеуде.
2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 96 мың тоннадан астам ақ алтын келіп түскен. Бүгінде бірінші терім аяқталып, екінші терім жүруде.
Дегенмен мақтааралдық диқандардың көңілі алаң. Ала жаз бойы Жер-анадан мақта өнімін баптап өсірген олар, өнген еңбектерінің өтемі қандай болмағын білмей дал. Қазіргі таңда ауданда шаруалардың дені мақта терімін жиып үлгерген. Алайда қамбаға түскен өнімнің бағасы әлі бекітілмеген. Жиналған ақ алтынның бағасы әлі бекітілмесе де, зауыттар мақтаның әр тоннасы үшін шаруаларға 100 мың теңге көлемінде аванс үлестірген.
Жуырда еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың Мақтаарал ауданына жасаған сапары кезінде диқандар қауымы лауазым иесіне осы мәселені алға тартты. Өз кезегінде Сапархан Кесікбайұлы айтылған ұсыныстарды қолдайтынын, мәселеге Үкіметтің назарын аудартып, түйіткілдің түйіні тарқатылатынын жеткізді. Ауданға ведомства басшысымен бірге облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев те барған. Аймақ басшысы да шитті мақта бағасы алдағы күнде тұрақтайтынын, шаруалардың сұраныстары бойынша өнімге тиімді баға бекітілетінін айтып, сендірген.
Сондай-ақ, сапар кезінде олар Атакент кентіндегі «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-інде ауданның мақта өңдеу зауыттарының басшылары және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу жиынын өткізді. Жиын барысында облыс экономикасының ең маңызды саласының бірі – мақта шаруашылығының өзекті мәселелерін талқылады.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан деректерге сүйенсек, биыл Түркістан облысында 131 мың га алқапқа мақта егіліп, 340 мың тоннадан астам өнім жинау жоспарланған. Оның 320 мың тоннасы жиналған. Өнімнің басым көпшілігі мырзашөл өңіріне тиеселі екені белгілі.
Алайда ала жаз бойы еткен еңбек пен төккен тердің дәл осылай өтеліп жатқаны диқандар көңілін күпті ететіні сөзсіз. Нақтылық пен дәлдік болмаған соң олардың арқаны кеңге сала алмай жүргенін сезіну де қиын емес.
Естеріңізде болса министрдің ауданға жасаған сапарынан біраз бұрын Түркістан облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров Атакент және Мырзакент ауылдарында болған жұмыс сапары кезінде қоғамдық қабылдау өткізген. Сол кезде облыстың қадағалаушы органы басшысына Мақтаны зерттеу институтының директоры Ибадулла Үмбетаев та қаншама диқанның көкейінде қашаннан бері көлкіп тұрған осы мәселені алға тартады. Яғни ол, сол кезде ауданда 84 мың тоннаға жуық мақта жиналса да, оны қабылдау бағасы бекітілмегенін жеткізеді. Осыған орай облыс прокуроры Н. Әбдіров жергілікті атқарушы органға ауданда кәсіпкерлік іспен шұғылданатын азаматтардың қадамын алшаң басуға ықпал етуді тапсырған. Содан кейін аумаққа министр келгеннен соң да осы мәселенің тағы да күн тәртібінде тұрғаны прокурор пәрменінен ешқандай нәтиже болмағанын айқын аңғартады.
Ауыл шаруашылығы министрі мен облыс әкімінің Мақтааралға жасаған сапары кезінде зауыт басшыларының мақта бағасын бекіту үшін үш күн мерзім беруді сұрағанын аудан әкімдігі ресми түрде жариялаған. Алайда үш күннен соң мақта бағасының бекітілгені туралы ақпарат айтылмады.
Бұл мәселе желі қолданушыларының ішінде біраз талқыланған. Бір азаматтар өз жазбасында Ауыл шаруашылығы министрінің ат арылтып келіп, мәселеге нүкте қоя алмағанына қарны ашып, қынжылғанын ашық айтқан. Ал келесі бірі зауыт басшыларының бағаны бекітуді осылай созбалаңға салынуын салық төлеуден жалтару әрекеті деп болжаған. Сондай-ақ, «мақта зауытының басшылығы облыс әкімінен де жоғары болып тұрғаны ғой» деп кекесін танытқандар да кездеседі.
Шынында қаншама халықтың ырыздығын айыруға келгенде соңғы сөздің зауыт басшылығына тиесілі болуы қаншалықты дұрыс? Бұған себеп болып отырған жәйт не? Жергілікті билік аумақтағы «алпауыттарға» тіс батырып, талап ете алмайтындай деңгейге түсіп отырғанының соңы неге апарады? Мақта егудің мәнісін осылай бұза берсе, алдағы жылдары алқапқа шитті мақтаның тұқымын себетін диқандардардың қарасы некен-саяқ болып қалмасына кім кепіл береді? Қазір шіреніп жүрген зауыт басшылары сол кезде күңкіл айтып, қапыда қалуы да ғажап емес. Мұндай бумерангқа тап болмаудың қамын бүгіннен бастап ойлап, нақты әрекет жасаған дұрыс сияқты.
С. ЖҮНІСБЕКОВ.