ТҰРАШБЕКОВ МЫРЗАХМЕТОВКЕ ҮЙ САЛЫП БЕРДІ

Түлкібаста тұтас елге үлгі боларлық баянды іс орын алды. Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековтың бастамасымен ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметовке туған жері Майтөбе ауылынан шығармашылық үйдің кілті тарту етілді.

Қазақтың қайталанбас тұлғасы атақты ақын Абай Құнанбаевтың, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ұрпаққа аманат еткен бай мұраларын терең зерттеуде өлшеусіз еңбек еткен мерейлі Мекемтас Мырзахметовке жасалған бұл тосынсый жерлестерінің атынан табысталды. Демеушілер есебінен бой көтерген үй бес бөлмеден тұрады. Оны салу кезінде заманауи талаптардың барлығы ескерілген. Сонымен қатар, баспананың үй іргелік аумағы да толықтай қоршалып, абаттандырылған.
Бүгінде тоқсан жастан асқан абзал ағамыз қазақ ғылымының дамуына, әдебиетіміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан жан. Сонымен қатар ол қашанда сүбелі сөз бен құнды ойдың кені ретінде танымал. Осыдан бірнеше ай бұрын отандық БАҚ Мекемтас ағамыздан «Абай Құнанбаевтың іліміндегідей «Толық адам» қандай болуы керек?» деген сауал қояды. Оған М. Мырзахметов «Абайдың «Толық адамы» – ақылды адам. Ақылы нұрлы ақыл болуы керек. Қазақ мінезін одан ары құрдымға кетірген – бүгінгі капиталистік қоғам. Капиталистік қоғамда бай одан сайын қоңдана береді. Ал кедейдің сіңірі шыға береді. Бұл сондай опасыз қоғам. Испанның бір ғалымы «бай мен кедей арасындағы осы қашықтықты қалай жоямыз?» деген сұраққа бар өмірін арнапты. Сол ғалым бір ғана жол тапқан. Қалай дейсіз бе? Ол «Байлардан алынатын салықты көтеру керек. Түскен салықтың белгілі бір бөлігін кедейлер мен орта шаруаларға бөліп беру керек. Сонда ғана гармония болады», – деп жауап береді.
Өзінің жылдар бойғы еңбегінің арқасында абырой мен құрметке кенелген азаматқа шығармашылық үйдің кілтін аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов салтанатты жағдайда табыс етті.

А. САТЫБАЛДЫ.