ШЫМКЕНТКЕ ҚР ВИЦЕ-ПРЕМЬЕРІ Б. САПАРБАЕВ АРНАЙЫ ІС-САПАРМЕН КЕЛДІ
Кеше 24 қазанда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкімет мүшелерінен құралған жұмысшы топ Шымкентке келді.
Топ құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, мәдениет және спорт вице-министрі Үркен Бисақаев, ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин болды.
Сапардың негізгі мақсаты — ҚР Президентінің Халыққа арнаған Жолдауын түсіндіру.
Үкімет мүшелері жұмыс сапарын қаладағы №65 мектепке барып, мұғалімдермен кездесуден бастады.
Кездесу барысында тараптар ұстаздардың мәртебесі, білім саласының сапасы, материалдық-техникалық базалардың жаңаруы және басқа да өзекті мәселелер жайында сөз қозғады.
Өз сөзінде Бердібек Мәшбекұлы мемлекет тарапынан әлеуметтік салаларға қолдау көрсетіліп жатқандығын жеткізді.
«Біз білімді ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Елбасымыз және Мемлекет басшысы бұл мәселені ерекше назарда ұстауда. Бүгінде «Мұғалімнің мәртебесі» жөніндегі заң жобасы Парламентте қаралуда. Мұғалімдердің құқықтары қорғалатын болады» деді вице-премьер.
Сонымен қатар, Б. Сапарбаев өскелең ұрпақтың руханиятына да аса көңіл бөлу қажеттілігін айтты. «Жастардың қолы бос болмауы керек. Олар спортпен, өнермен айналысуы тиіс. Өнегелі ұрпақ дегеніміз міне, осы» деп өз сөзін қорытындылады.
Сондай-ақ, кездесу барысында оқушылар ақпараттық технологияда жеткен жетістіктерімен таныстырды.