ШЫМКЕНТТЕ 148 МЕКТЕПТЕ «ЭКО-САҒАТ» КЕҢ КӨЛЕМДІ АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Кеше Шымкент қаласының барлық мектептерінде «Эко-сағат» кең көлемді акциясы басталды. Жаппай республика көлемінде бастау алған акция шеңберінде қаладағы №89 мектеп-лицейінде ұйымдастырылған іс-шараға қала әкімі Ерлан Айтаханов арнайы барды.
Табиғат — адамның күнкөріс көзі екенін айтқан қала басшысы жасөспірімдерге қоршаған ортаны қорғау керектігін айтып түсіндіріп, оқушылармен бірге ағаш отырғызды.
«Балаларды еңбек ету тәсілдеріне баулу қажет. Бұл бағытта жылыжайды оқу-тәжірибелік учаскесі ретінде пайдаланып, биология, табиғаттану, еңбек пәндерінде практикалық сабақтар өткізу дұрыс деп санаймын. Табиғат қамқоршысы бола білген халқымыздың дәстүрін танып білу, олардың ісін әрі қарай жалғастырушы бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнеге ету ұстаздардың басты борышы»,-деді Ерлан Қуанышұлы.
Іс-шара аясында әкім мектеп-лицейдің «Флора&Фауна» жаратылыстану пәндері лабораториясының және мектеп жанынан құрылған жылыжаймен танысты. Сонымен қатар, оқушылардың табиғи қалдықтардан жасаған бұйымдар көрмесін тамашалап, мектеп оқушыларының бақыт гүлі (хризантема) және қызанақ өсіру технологиясы туралы жасаған ғылыми жобаларымен танысты.
Акцияға мегаполистегі 148 мектеп пен онда білім алатын 200 мыңға жуық оқушы қатысты. Бұл күні аталған мектептерде жалпы 5000 ағаш көшеттері егілсе, экологиялық бағытқа бейімделген №89 мектеп-лицейінде 80 түп ағаш отырғызылды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.