ТЫҢ ЖОБАНЫҢ ЖЕМІСІ КӨП БОЛМАҚ

Түркістанда тың жоба қолға алынды. Енді мемлекеттік мекемелерде «Ашық бюджеттік интерактивті картасы» болады. Бұл картадан азаматтар нақты уақыт режимінде әлеуметтік нысандарды салу, жөндеу және күтуге бөлінген бюджет қаражаты туралы толық мәліметпен таныса алады.
Сондай-ақ, бұл сервис бюджеттен бөлінетін қаражатты жариялау және бақылау, шағымдарды, пікірлерді жинау және ақпаратты талдауға арналған мәліметтер жалпыға қолжетімді болмақ. Мұндай ашықтық қоғамның сыздауық жарасы болған сыбайлас жемқорлықтың орын алуын алдын алмақ.

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен жиында айтылды. Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселесі талқыланған басқосуда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірдегі өкілдері, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысқан бұл отырыста Өмірзақ Естайұлы жобаның мақсатын былай деп атап өтті.
– Біз ең таза өңір болуымыз керек. Осы бағытта жұмыс істейік. Басшылықта отырған азаматтар бұл мәселені өз бақылауында ұстап, күнде қадағалап отыратын болсын. Сұрау сіздерден. Біз нағыз еңбекқор, таза ниетті жандар мекен еткен қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Жемқорлықпен күресу үшін әркім өзі таза болуы керек. Оған жол бергендерге қатаң шара қолданатын боламын. Ашықтық – басты міндет, басты ұстаным.

С. НҰРАЙ.