ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ СОТҚА ҚАШЫҚТЫҚТАН ҚАТЫСА АЛАДЫ

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында елімізде сот отырысын қашықтықтан өткізудің тағы бір тиімді түрі ойлап табылды. Енді азаматтар «True Conf» мобильдік қосымшасы арқылы сот процестеріне қашықтықтан қатыса алады. Мобильді қосымша бұл әрбір смартфон иелері үшін қолжетімді. Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу соты жыл басынан бері дәл осы қосымшаны қолдана отырып, 300-ден астам істі қарап үлгерген.
Мамандар «True Conf» мобильдік қосымшасы іске қатысатын азаматтардың уақыты мен қаржысын үнемдеуге зор мүмкіндік беріп отырғанын айтады. Яғни, сотқа талап-арыз түсірген адвокат немесе талапкер басқа қалада тұратын болса, ол алыстан арып-ашып сот залына келмей-ақ, «True Conf» мобильдік қосымшасы арқылы онлайн режимдегі бейнеконференциямен сот төрелегіне қол жеткізеді.
Сөз соңында «True Conf» мобильдік қосымшасын PlayMarket және AppStore қызметтері арқылы жүктеуге болатынын айта кетейік.

С. НҰРАЙ.