«БАСШЫЛАР АЗАМАТТАРДЫҢ АЛДЫНА БАРУҒА ҚОРҚАДЫ»

Мұрат ӘБЕНОВ, қоғам қайраткері:

Біз бүгінге дейін «алдымен экономика содан соң саясат» деп келдік. Қазір бұл жүйе жұмыс істеп жатқан жоқ. Себебі, саяси өзгерістер жасамасақ, экономика ілгері баспайды. Бұрындары Парламентте «заң шығарайық. Жұртты шулатпай, өз жұмысымызды орындайық» деген ұстаным болды. Бірақ заман өзгерді. Қоғам өзгерді.
Қазіргі таңда қоғам өте белсенді. Сауатты. Әрқайсысы заңды біледі. Қаржылық мәселелерді де қағады. Үндемейтін халық жоқ қазір. «Басшылар қалай айтады сол болады» дейтін.
Мемлекет басшысының осы жылғы Жолдауында «қоғамды толғандырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс» деуінің себебі неде? Себебі, дискуссия Үкіметте емес, Парламентте емес, көшеге шығып кетті. Қоғам ортасында және әлеуметтік желіде. Әрине, ол дискуссия ресми алаңда болуы керек еді. Алайда халық пен билік арасындағы сенім азайып кетті. Мұны «Nur Otan» партиясы да, Президент те мойындап отыр. Енді оларды бір-біріне жақындатудың жұмыс әдісі күн тәртібіндегі мәселе.
Президент қоғамда болып жатқан мәселелердің барлығын бақылап отыр. Әлеуметтік желіде, қоғамда айтылған сындардың барлығын ескеріп, Жолдауда олардың шешілу жолдарының барлығын атап өтті деп ойлаймын. Ендігі кезекте, билік оны іске асыру үшін ең алдымен қоғамның өзгергенін түсіну керек. Қарапайым халыққа жоғарыдан емес, тең деңгейде қарауы керек.
Қазір қоғам өзгерді. Қоғам ақылды. Сол себептен билік қоғамды құрметтегені жөн. Оған сенуі қажет. Оның пікіріне құлақ асқаны абзал. Әсіресе қандай да бір шешім шығарар кезде. Көп шешімдер асығыс қабылданады. Биліктің халықтың пікірін ескермей, өзімбілермендікке салынуының нәтижесінде шешімдер сапасыз болады.
Көп басшылар қоғам алдына шығып, ойын ашық айта алмайды. Азаматтардың алдына баруға қорқады. Менің ойымша, батылдық жасап шындықты айту керек.

«Ашық алаң» ток-шоуында
айтқан ойы.