«ЖОЛ БЕР – ӨМІРДІ САҚТА»
Шымкентте дәл осындай атаумен акция өтті. Бұл шараны «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, қалалық полиция департаменті және қалалық денсаулық сақтау басқармасы бірлесе ұйымдастырды. Мақсат айқын – жол қозғалысы кезінде темір тұлпарын тізгіндеген азаматтардың кез келген уақытта жедел жәрдем көлігіне жол беруін жолға қою. Себебі, әр секундтың өзі науқастар үшін маңызды рөл ойнайтыны анық.
Мамандар көп жағдайда жеке көлік жүргізушілері жедел жәрдем қызметінің шақыртылған жерге жедел жетуіне айтарлықтай кері әсерін тигізетінін жасырмауда. Мұндай олқылықты болдырмауға «Жол бер – өмірді сақта» акциясы оң әсерін береді деп күтілуде.
Шара кезінде тәртіп сақшылары жедел жәрдем көлігіне жол бермеген жүргізушілерге ескерту жасады. Ал қасақана жол бермегендерге әкімшілік хаттама толтырылды.
Жалпы жәдел жәрдем қызметі шақыртылған жерге аурудың дәрежесіне қарай белгіленген мерзімде жетуі тиіс. Ең жылдам келу уақыты 10 минут, келесі орташа уақыты 15 минут, одан кейінгісі 30 минут.
С. НҰРАЙ.