АЙТАХАНОВТЫ АЛАҢДАТҚАН МӘСЕЛЕ НЕ?

Таяуда Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов күнгейдің зиялы қауым өкілдерімен жүздесті. Осы қауышу кезінде ол көкейінде кептеліп тұрған бірқатар мәселені тілге тиек етті. Ол дербес қала болған Шымкент пен Түркістан облысының қарым-қатынасы көңіл тоғайтарлық деңгейде емес екенін алға тартты.
Қала басшысы «Шымкенттің республикалық қала мәртебесіне ие болуы, Түркістанның облыс орталығы атануы – олардың арасына жік салу үшін жасалған жоқ, керісінше, оңтүстік өңірін заман талабына сай дамыту үшін жасалған қадам екенін жете ұғынуымыз қажет»,-дей келе, «Рухани байланыс — өте нәзік мәселе. Бұл тұрғыда жіберілген кішкентай қателіктің өзі кешірілмейді. Бұдан былай еліміздің дамуына серпін беретін шараларды түркістандық ағайынмен бірлесе өткізейік» — деді.
Сонымен қатар ол, шайқалған руханияттың зардабымен күресу, құлдыраған экономиканы қайта қалпына келтіруден әлдеқайда қиын екенін баса айтты.
Мегаполис басшысы күнгейде орын тепкен қос өңірдің арасында біте қайнасқан байланыс орнату үшін қандай шараларды жүзеге асыру қажеттігіне де тоқталып өтті.
Бұрындары Шымкент облыс орталығы болған кезде аптаның демалыс күндерінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілетін. Шымкент дербес қала атанғаннан бастап, бұл шара тоқтап қалды. Оны қайта жандандыру керек. Себебі шымкенттіктер оңтүстік диқандарының өнімін сағынды. Ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі тек төмен бағадағы өнімдерге қол жеткізетін алаң емес, халық көңілін серпілтетін шара.
Осылай деген қала басшысы Түркістан облысының диқандарына қарата «ала жаздай еңбек етіп, күтіп баптап өсірген өнімдерін тұрғындарға тиімді бағада ұсынатын күнгей диқандарын Шымкенттен көргім келеді. Сондықтан да Түркістан облысының шаруаларын үшінші шаһарға қайта шақырамын. Келіңіздер, табан ет, маңдай термен өсірген өнімдеріңізді бізге де саудалаңыздар. Бұдан екі жақ та ұтады», — деді.
Бұдан бөлек, Ерлан Қуанышұлы келер жылы ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай өткізілетін шараларды төрткүл дүниенің «екінші ұстазы» болған ойшылдың туған өлкесі Түркістан облысында өткізу жоспарланып жатқанын, дана әрі дара тұлғаның құрметіне орай болатын мерекелік жиындарды түйіндеуді Шымкентте өткізу туралы ұсыныс білдірді.
Сондай-ақ ол, келер жылы Шымкенттің ТМД елдерінің мәдени астанасы атануына орай өткізілетін жиын-тойлардың тиісті деңгейде өткізілуіне түркістандықтардың атсалысуы жақсы нәтижеге бастайтынын жеткізді.
Айтахановтың бұл айтқандары іске асып, дегендері орындалып жатса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Қ. ҚАЛИЕВ.