ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫН ӨРГЕ СҮЙРЕЙДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың наурыз айында өңір әкімдерімен өткізген кеңес кезінде оларға инвестиция тарту ісін қамтамасыз ету туралы тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық аймақтарында инвестиция тарту ісі басты назарда. Себебі инвестиция – ел әлеуетін көтереді.
Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Францияның Алматыдағы Бас консулы Алексис Шахтахтинскиймен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Франция арасындағы сауда экономикалық байланыс пен инвестициялық ынтымақтастықты арттыру мәселесін де қаузады. Екі елдің арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту жайына да тоқталып өтті.
Сонымен қатар, қала басшысы бас консулға Шымкенттің экономикалық әлеуетін таныстырып, қаланың түрлі бағыттағы жобаларды жүзеге асыру алаңы ретінде қандай мүмкіндіктерге ие екенін де атап өтті. Ол кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы салалары мен туризм индустриясын дамыту Шымкент экономикасын алға бастыратынын нақты мысалдармен келтірді. Миллионнан аса тұрғыны бар қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін шеткі аумақтарда агро-индустриялық аймағы салынып, ауылшаруашылық саласын дамыту көзделіп отырғанын мәлімдеді.
Ерлан Қуанышұлы Бас консулға осы және өзге де жоба-жоспарларды жүзеге асыруда франциялық инвесторларды тартуға ықпал етуін сұрады. Өз кезегінде Францияның Алматыдағы Бас консулы Алексис Шахтахтинский өзара ынтымақтастықты кеңейту үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.
С. НҰРАЙ