АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ӘЛСІЗ БОЛУ ҮШІН ЕМЕС, АЯҚТАН ТҰРУҒА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІК
Осы аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы әлеуметтік көмек алу үшін түрлі қитұрқы әрекеттерге жол бергендерге тойтарыс беріп, шара көру қажеттігін қадап айтты. Президент мемлекет есебінен берілетін мұндай жәрдемге қол жеткізу үшін азаматтардың теріс пиғылды әрекеттері ешкімге жұмбақ болмай қалғанын қынжылыспен жеткізді.
Ол өз сөзінде «өтірік ажырасу, жұмыстан шығу, өз мүлкін басқаға жазу арқылы табысын азайтып көрсету, малын сойып тастау деп кете береді. Жобаны тиімсіз жүзеге асыру халықтың кей бөлігінің масылдық күйге түсуіне әкеп соқты» дей келе, мұндай келеңсіздіктің көрініс табуына Үкіметтің «жеті рет өлшеп, бір рет кес» қағидасын қаперіне алмауы яғни, шала жұмыс салдарынан орын алып жатқанын ашық айтты.
Ел президенті атаулы әлеуметтік көмек шын мұқтаждарға берілуі керектігін шегелеп, олқылықты реттеу үшін Үкіметке қажетті шараларды қолға алуды тапсырды.
Қазіргі таңда Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 33 823 отбасыны құрайды. Оларға тиісті төлемдер жасалу үшін бюджеттен 9 млрд. теңге бөлінген. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы АӘК алушылардың арасында 47 мыңнан астам адам еңбекке қабілетті азаматтар болып табылатынын мәлімдеуде. Осы еңбекке қабілетті азаматтардың ішінде 12 794 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жатқызылса, 13 067 адам өз бетінше жұмыспен қамтылғандар санатын құрайды. Өз бетінше жұмыспен қамтылғандармен әлеуметтік келісім-шарттар түзу процесі қолға алынған. Соған сәйкес, 1157 азаматпен әлеуметтік келісім-шарт жасалған. Мұнымен қатар, 1035 адам қысқа мерзімдік оқуды бітіріп, екі қолға бір күрек тапқан. Қысқа мерзімдік кәсіби оқытуға шілдеде 1000, қыркүйекте 900-ден астам адам жіберілетін болады. Бұл шаралардың барлығы масылдық пен мұқтаждықтың аражігінің анықталуына сеп бермек. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында мемлекет тарапынан Еңбек адамына жасалынған қамқорлықты пайдалана білу маңызды екенін баса айтқаны белгілі.
Мемлекет әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тек атаулы әлеуметтік көмекке иек артып, күн көрісін жақсарту үшін артық қадам жасамай масылдық психологияға бой алдырмауының барлық мүмкіндіктеріне ден қоюда. Жуырда Шымкентте «Әйел, мүмкіндіктер және бизнес» тақырыбында семинардың өткізілуі соған дәлел. Қалалық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткізілген жиында кәсіпкерлік саласына бет бұрғысы келетін қыз-келіншектер бизнесті дамытуға жауапты мамандардың кеңесіне ден қойды. Бұл басқосуға қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев қатысты. Ол атаулы әлеуметтік көмектің отбасылық бизнесті дамытудағы маңыздылығын түсіндірді. Басқарма басшысы атаулы әлеуметтік көмек халыққа масылдыққа бой алдыру үшін емес, керісінше отбасылық жағдайын түзеп, аяқтан тұрып кету үшін берілген мүмкіндік деп қарастыруды алға тартты. Ғалымжан Талғатұлы қазіргі таңда Шымкентте атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген 42 отбасы кәсіп ашып, ісін ілгерілетіп алғандығын әуелде айтылған сөзінің тұздығы ретінде тілге тиек етті.
М. Әбдірайым