ХАЛЫҚТАН… ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ!?.
Кешірім сұрамақ түгілі орнын босатуы тиіс!
«Бізде бәрі де бола береді» деген мақалымды мақамдатып көп айтушы едім… Сол бекер болған сияқты… «Жындының сандырағы келеді» деген рас болды…
Арыстағы төрткүл дүниені дүр сілкіндірген төртінші жарылыстың дауысы басқа-басқа, осы апатқа тікелей жауапты Қорғаныс министрін ұйқыдан оята алмапты..
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев «Арыстағы апат үшін Қорғаныс министрлігінің кешірім сұрауына негіз жоқ. Бұл қару-жарақтардың жарылуы табиғи құбылыс»-деп соғыпты.. Үш адамның өмірін қиған, жүздеген адам жараланған, ал Арыс қаласының үйлері қирап, адамдары түгел көшірілген алапат апатқа кешірім сұрамаған Қорғаныс министрі кімге керек? Өзге, өзін-өзі сыйлайтын дамыған елдерде мұндай оқиғаның жүзден бірі болғанның өзінде қорғаныс министрі өз еркімен отставкаға кетеді.
О заманда, бұ заман атамзаманнан Арыстың іргесінен аулаққа әкетілмей жатқан қоймалардағы әскери қару-жарақ әскерилердің жауапсыздығынан жарылып кеткен адам айтқызыз алапат апатты «табиғаттың ісі» деп Құдайға аудара салған министрді кім көрген?!. Балаларын арқалап, қырға жалаңаяқ, жалаңбас жаяу қашқан аналар, әке-шешесінен айырылып қап шырылдаған балалар, жауып жатқан оқтан қашамын деп шаршап-шалдыққан шал-кемпірлердің күйзелісі мен үш адамның өлімі сонда қорғаныс министріне шыбын шаққан ғұрлы әсер етпей тұр ғой. Сол бомбадан қашқан халық ар жағы сонау Жетісайға, Шардараға дейін, Ермекбаевтың туған жері Келеске дейін барып паналағанын біле ме екен бұл министр?
Қазақстанның Қорғаныс министрі xалықтан кешірім сұрау үшін енді қандай жарылыс, қанша адам қаза табуы керек?!.
Ермекбаев мырзаның xалықтан кешірім сұраудың орнына xалықтан қашқан мына тірлігіне, мынадай масқара сөзіне қарағанда бұл мырза Халықтан қорғаныс министрі болып істейтін болуы керек…
Кешірім сұрау, орнынан кету былай тұрсын, Арысқа – қалың қазақтың ішіне барып, ашынып отырған xалықты одан сайын күйдіріп Ресей тілінде сөйлеген министр Ермекбаевты жауапқа тарту керек деп жатқандар толып жатыр….
Ана жылы Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс министрі болғанда мен бір-ақ сөйлемнен тұратын мақала жаздым. Имекеңнің үлкен суретін бастым да: «ЕНДІ ТЫНЫШ ҰЙЫҚТАП, АЛАҢСЫЗ ОЯНАТЫН БОЛДЫМ!» – дедім.
Енді Қорғаныс министрі Ермекбаевтың ермекке айта салған мына қорқынышты сөзінен кейін де, бір-ақ сөйлеммен сөзімді аяқтаймын:
– ЕНДІ ҚАЛАЙ ТЫНЫШ ҰЙЫҚТАЙМЫЗ?!.
Қазыбек ИСА.