Орталық оң нәтиже береді
Шымкенттегі SANTO компаниясына қарасты «Химфарм» АҚ-да заманауи білім беру орталығы ашылды. Фармацевтикалық өнімдер шығаратын жетекші компаниядағы орталық соңғы жылдары өндіріске цифрлы технологияларды ендіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Соның негізінде өндіріске ІТ саласы бойынша білікті мамандар даярлау басты бағыттардың біріне айналып отыр. Осындай мақсатта іске қосылып жатқан орталықтың ашылу салтанатына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов пен Polpharma компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старк қатысып, нысанның лентасын қиды.
Айтулы сәтте сөз алған мегаполис мэрі жуырда өткізілген Үкімет отырысы кезінде еліміздегі жетекші кәсіпорындар қатарында SANTO компаниясының да аты аталғаны үлкен қуаныш екенін айта келе, өндірістің заман легіне сай жұмыс істеп, қала және ел экономикасының дамуына өзіндік үлес қоса беруін тіледі.
Дәрі-дәрмек өндіретін зауытта бұл орталықтың ашылуындағы негізгі мақсат –компания мамандарының бәсекеге сай болуын қамтамасыз ету, білім-білігін көтеру болып табылады. Онда тек компания мамандары ғана емес, сондай-ақ, IT технологиялар, автоматтандырылған метрология және технологиялық процестерді басқару саласындағы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері оқытылып, шыңдалатын болады.
Сонымен бірге зауыт аумағында «Болашаққа көзқарас» атауын иеленген жаңа ескерткіш ашылып, жиналған қонақтарға концерттік бағдарламалар ұсынылды.
Салтанатты шараның куәсі болғандар орталықтың Шымкенттегі фармацевтика саласының кең құлаш жаюына серпін беретінін алға тартты.
Бүгінде SANTO компаниясы еліміздегі дәрі дәрмектер мен медициналық препараттар шығаруда жетекші орынға ие кәсіпорын. Мұнда дәрілік заттардың 240-тан астам түрлері шығарылады.
Нарыққа ұсынылған компания өнімдері тек Қазақстандағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймайды. Өндірілген өнімдер
Ресей, Украина, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан елдеріне де экспортталады.