ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ШЫМКЕНТТІКТЕРДІҢ ЖАНЫН ШҮБЕРЕККЕ ТҮЙГІЗДІ

Арыста орын алған апаттан кейін әлеуметтік желілерде «Арыста радиациялы оқ-дәрілер атылып жатыр. Енді оның залалы Шымкенттің ауасына да тез тарайды» деген ақпар тарады. Осыған байланысты еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ол жерде ешқандай радиактивті оқ-дәрі мен снарядтар сақталмағанын, ешқандай радиация қаупі жоқ екенін алға тартты.
Желіде желдей ескен тағы бір сөз ол Арыстағы жарылыстан кейінгі өртті сөндіру үшін «Бөген су қоймасының ашылатындығы, салдарынан тұтас қаланы су басады» деген қауесет болды. Тиісті мамандар оның да шындықтың ауылынан алыс екенін ескертті.
Мұнымен қатар, «Арыстағы оқ-дәрі сақтайтын қоймада қуаты күшті бомба жарылып, оның дүмпуі Шымкентке жетеді» деген ақпарат та елді әжептеуір дүрліктірді.
Өз кезегінде шымкенттіктердің жанын шүберекке түйгізген бұл ақпараттардың жалған екенін құзырлы орган өкілдері ресми түрде мәлімдеді. Ал «бомба жарылады» деген ақпаратты таратып, онсызда есеңгіреп жүрген жұрттың жүйкесіне салмақ түсірген азаматтарды Шымкенттің тәртіп сақшылары ұстады. Қазіргі таңда оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.