Көркем гимнастика құлашын кеңге жайып келеді
Соңғы күндері Шымкент түрлі халықаралық іс-шаралардың орталығына айналды. Бұл үшінші мегаполистің 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы ретінде болатыны дұрыс қабылданған шешім екенін тағы бір аңғартатындай.
Өткен мамыр айында Халықаралық Триатлон Одағының (ITU) бастамасымен үшінші мегаполисте триатлоннан Азия Кубогі болып өткені белгілі. Қазақстандық спортшылармен қатар, дөңгеленген дүниедегі 14 елден келген барлығы 45 сайыпқыран қатысқан тартысты турнир сол сөзіміздің жарқын мысалы. Жоғары деңгейде өткізілген триатлоннан соң, араға көп уақыт салмай, қаламызда тағы да Қазақстан теннис федерациясы Халықаралық теннис федерациясымен бірлесіп теннис ойыны бойынша халықаралық турнир өткізу басталып кетті. Ол 16-маусымға дейін жалғасатын болады. «Shymkent ATP Challenger» Халықаралық теннис турниріне қатысуға 25-тен астам елден 100-ге жуық кәсіпқой ойыншы тапсырыс берген. Ұйымдастырушылар жарыстың жүлде қорын 50000 АҚШ доллары екенін алдын ала жариялады.
Жуырда дәлірегі 5-маусымда Шымкентте көркем гимнастикадан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Әлия Юсупованың жүлдесіне арналған VIII-халықаралық турнир басталды. Қатарынан 4 күнге жалғасқан жарыста 100 спортшы қыз қызылды-жасылды лентаны ұршықша иіріп, допты саусағында айналдырып жеке дара өнер көрсетіп, өзара бақтары мен баптарын сынады. Өз кезегінде Әзірбайжан, Беларусь, Израиль, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина және Қазақстан гимнастшылары Юсупованың жүлдесі үшін сайысқа түскен бұл жарыстың ашылу салтанатына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов арнайы қатысты. Ол:
– Халықаралық турнирдің Шымкентте өтіп жатқаны зор мақтаныш. Сайысты ұйымдастырушыларға өз алғысымды айтамын. Бұл турнирдің жылдан жылға ауқымы кеңейе бермек. Қаламызға көркем гимнастиканың жұлдыздары келіп отыр. Ол да жас спортшыларға серпін береді. Қатысушыларға жетістік, сәттілік тілеймін, — деді.
FIG санатындағы халықаралық бұл турнир төрт жас категориясы бойынша өтті. Ересектер арасында 17 спортшы бақтарын сынады. Солардың ішінде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болып қазақстандық Роза Абитова жеңіс тұғырынан көрінді. Ол жеңіс тұғырынан көрінуіне бапкерінің сіңірген еңбегі зор болғанын айтып, бұл үшін қуанышты екенін жасырмады. Бас жүлдені алған ол барлығы 74,55 ұпай жинады. Жарыс нәтижесі бойынша 70,8 баллмен күміс медалды беларусиялық Анна Каменщикова алды. Өзбекстан атынан шыққан Наргиза Джуманиязова 63,6 ұпай иемденіп, қола медаль иегері атанды.
Жыл сайын қанатын кеңге жайып келе жатқан турнирді Әлия Юсупова өте әділ өткенін айта келе, алдағы күнгі жоспарларымен де бөлісті. Өз сөзінде ол:
– Өте қуаныштымын. Халықаралық турнирде Әнұранымыз шырқалды. Мұның өзі кеудеге мақтаныш сезімін орнатып қана қоймай, қанаттандыра түседі. Жуырда Азия чемпионаты өтеді. Құрамадағы Роза Абитова, Даяна Әбдірбекова, Астанадан Адилья Тілекенова, Айдана Шәкенова есімді төрт қызымыз осы ойынға қатысады,-деді.
Шымкент төрінде өткен осы жарысқа Лондон және Рио Олимпиадасының чемпионы, ресейлік Анастасия Близнюк, әлемнің он дүркін чемпионы Ольга Капранова, төрт дүркін әлем және Еуропа чемпионы Дарья Кондакова және тағы басқалар құрметті қонақ ретінде шақыртылды.
Сөз соңында Әлия Юсупованың көркем гимнастикадан Азияның абсолютті чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, 2004 жылғы Афины Олимпиадасында төртінші, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында бесінші орын иеленгенін айта кетейік. Бүгінде ол көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері.