АШХАБАДТА ШЫМКЕНТТІҢ ЖАҢА ЖОБАЛАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Кешегі аптада Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Ашхабадта өткен ТМД-ға мүше елдердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің XIV форумына қатысты. Форум барысында Шымкент қаласы «Достастықтың мәдени астанасы 2020» бағдарламасының тұсаукесері өтті.
Басқосуда Шымкенттің 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болып жариялануы үлкен мәртебе екенін айрықша айтқан Ғабидолла Әбдірахымов жыл бойы үшінші мегаполистің ауқымды мәдени бағдарламалар мен кездесулер өтетін алып алаңға айналатынын жеткізді. Қала әкімі, сонымен қатар, қала аумағында жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталды. Оның айтуынша, Шымкент қаласы əуежайында жаңа жолаушылар терминалының құрылысы басталған. Жобаның инвестициялық құны 50 миллион АҚШ долларын құрайды. Жаңа терминалдың іске қосылуы нәтижесінде әуежайдағы жолаушылар ағымы 10 есеге артатын болады. Сонымен қатар, қаладағы теміржол вокзалына жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарына сәйкес күніне 9 мыңға жуық жолаушыны қабылдай алады.
Бұдан бөлек, Шымкентте 3 мың орынды заманауи «Конгресс-орталық» салу мен 20 мың орынды орталық стадионды қайта жаңғырту жоспарлануда. 2200 жылдық тарихы бар шаһарда «Ескі қалашық – Цитадельді» қайта жаңарту мен Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары басталды. “Цитадель – Шымкенттің бірегей мәдени-тарихи аймағы. Қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл нысан тек мегаполистің ғана емес, бүкіл Қазақстанның жарқын туристік брендіне айналатын болады”, деді әкім.
Заманауи инфрақұрылымның жоғары халықаралық стандарттарына сай 400 гектар аумақта салынып жатқан «Shymkent City» қалашығы туралы айтқан қала әкімі «Хеппилэнд» отбасылық ойын-сауық кешені де бой көтеретінін мәлімдеді. Сөз соңында Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттің келісті келбетімен, жылылығымен, қонақжай қалпымен, игі дәстүрімен және тәлімді тарихымен мақтана алатынын жеткізді.