Суханбердиева неге істі болды?
Осы аптаның сәрсенбісінде Білім және ғылым вице-министрі
Элмира Суханбердиева күдікті ретінде екі айға қамауға алынды. Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы білім және ғылым вице-министріне қатысты сотқа дейінгі тергеу
жұмыстарын бастап кетті.
Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының мамандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Эльмира Суханбердиеваға қатысты екі айға қамауға алу шарасын қолдануға шешім шығарғанын, оны қамауда ұстау мерзімі 2019 жылдың 2-тамызына дейін белгіленгені туралы мәлімдеме жасады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы оған қандай айып тағылып отырғанын бірден ашып айтпады. Тек келесі күні, яғни, 6-маусымда ұлттық бюроның ресми өкілі Жанна Бастарова білім және ғылым вице-министріне қатысты лауазымдық өкілеттіліктерін теріс пайдалану, пара алу, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын, оған сот санкциясымен күзетпен ұстау шарасы қабылданғанын, тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол, қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін де атап өтті.
Естеріңізде болса өткен мамыр айында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарамағындағы қызметкерлері жемқорлық жасаса, мемлекеттік орган басшылары қызметімен қош айтысуы тиістігін қадап айтқан болатын. Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесінен кейін қол астындағы қызметкері үшін беті қызарған министрлер көбейіп жатқандай ма қалай өзі?!
Осыдан біраз бұрын Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың қарамағындағы қызметкері атап айтқанда, кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Асланбек Жақыпов алаяқтық бабы бойына шатылған еді. Сол кезде азық-түлік бағалары бойынша базарда «барлау» жүргізетіндігімен көзге түскен Дәленовке мемлекет басшысының айтқан сөзі бойынша, алдағы уақытта қандай шешім шығаратыны тұрғысындағы сұрақтар қарша борағаны белгілі. Сол кезде ол «сот үкімі күшіне енген кезде ғана отставкаға шығамын» деп кесіп айтқандай болған еді. Сот 29-мамыр күні А. Жақыповты үш жылға бас бостандығынан айырды. Содан бері Дәленовтың «отставкаға кетемін» дегенін көрмедік те, естімедік те…
Енді жұрттың назары Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиноваға ауа түсті. Осыған орай оған да әлгіндей Дәленовке қойылған сұрақтар бағытталғанда К. Шәмшидинова «әзірге ештеңе айтпаймын, уақыт көрсетеді. Бірақ президенттің соңғы жолдауын ескерсек, онда бұл мүмкін шығар» деп жауап береді.
Қ. ҚАЛИЕВ.