ТҮРКІСТАН: 1 МЫҢ ГЕКТАРДАН АСТАМ СУАРМАЛЫ ЖЕР ЖАҢАДАН АЙНАЛЫМҒА ЕНДІ

Бұл туралы Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында хабарлады. 2018 жылы салада атқарылған жұмыстарға есеп бере кеткен өңіріміздің бас агрономы соңғы екі жылда жергілікті бюджеттен 2,6 млрд. теңге қаржы бөлініп, 52 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді. Нәтижесінде, 45,5 мың гектар жердің ағын сумен қамтамасыз етілуі және мелиоративтік жағдайы жақсарып, 1 мың гектар жаңадан айналымға енген.

«Халықаралық қайта құру және даму банкінің қаржыландыруымен «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 3-ші кезеңінде 57,3 мың гектар жерді қалпына келтіру жоспарланған. Республикалық меншікке өткізілуі тиіс 57,3 мың гектар суармалы жердегі су нысандарының 90% республикалық меншікке өткізілді», — деді Н.Бадырақов.
Баспасөз өкілдерімен кездесуде саладағы өзге де оңды өзгерістер тілшілер назарына ұсынылды. Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 542,8 млрд. тг. құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 60,4 млрд. тг. артып, Республикада 2 орынға қол жеткізілді. Республикада жалпы өнім көлемі бойынша облысымыздың үлесі 12,4%-ды құрап, 2 орынды иеленді. Ауыл шаруашылығы экспортының көлемі 180,9 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 12,6% немесе 20,2 млн. АҚШ долларына артты.
Облыста ауыл шаруашылығы негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 43,8 млрд. тг. жетіп, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 111,4% құрады. Республика бойынша тартылған инвестиция көлемі бойынша Түркістан облысы 4 орында.
Бас агроном былтыр 181,3 гектар аумаққа жылыжай салынып, оның облысымыздағы көлемі 1344 гектар болғанын (2017 жылы 1162 гектар) да баян етті. Осылайша, жылыжай ісін өркендету бойынша Түркістан облысы республикамызда 77 пайыздық үлеске жетті. Биыл, 2019 жылы да аймақта 180 гектар жылыжай салу жоспарланып отыр.

Түркістан облысы әкімінің
баспасөз қызметі.