Ордабасы – ортақ мақсат мекені


Өткенінен сабақ алып, келешекке нық қадам басқан тәуелсіз Қазақстан бүгінде рухани жаңғыру жолына түсті. Әлем сәт сайын құбылып тұрған мына заманда даму үдерісінен кенже қалмау үшін әр азаматқа сана сілкінісі керек-ақ.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстандықтарға «Қазақстандықтардың әл-аухатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» дәстүрлі Жолдауын жариялағаны, онда агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру арқылы ілгерілеудің жаңа сатылары белгілегені баршаңызға мәлім.

Осы жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бірқатар ауқымды шаралардың бастамашысы болып үлгергенін де білеміз.
Оның бір парасы ретінде облысымызда бұрын соңды өткізілмеген «Қауын фест», «Қымызмұрындық» туризм әлеуетін арттырудағы «Шардара сафари» іс-шараларын атап өтсек болады.
Бұл бағытта Ордабасы ауданында да тиянақты тірліктер тындырылып, облыстың дамуында өзіндік орны белгіленіп келеді.
Ордабасы ауданы – кезінде бар қазақты бауырына жиған алқалы құрылтайымен тарихта қалған, бірліктің төлсипаты ретінде танылған киелі мекен. Бүгінде де барша жұртқа өнегелі ісімен танылуда.
Ортақ мақсатқа жұмылған Ордабасылықтардың ел жетістігіне қосар өзіндік үлесі, өзгеге үлгі боларлық игіліктері жетерлік.
Бұл ауданның экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші – ауылшаруашылық саласы.
Сол себепті де Ордабасыдағы диқандар мен шаруалардың мерекесі – «Алтын күз» жылдағыдан ерекше тойланды.
Жыл басынан бері 2 млрд. 711 млн. теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба іске қосылып, ауданның экспорт әлеуеті артты.
Келер жылғы ауылшаруашылық саласында өнім көлемін 47 млрд. 066 млн. теңгеге жеткізе отырып, 59 000 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру, облыс орталығы Түркістан қаласына жақын орналасқан Төрткүл ауыл округінен агроаймақ құру жоспарлануда.
Міне, жылды осындай жетістіктермен қорытындылаған аудан еңбеккерлеріне «Алтын күз» мерекесінде аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев алғысын жеткізіп, арнайы «Алғыс хат» табыстады. Жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра білген ауыл округі әкімдері де құрметтен тыс қалмады.
Ал, аудан тұрғындары асыл тұқымды мал, агроөнеркәсіп өнімдерінің, ауылшаруашылық техникасының көрмелерін тамашалап, жәрмеңкеден жергілікті көкөніс пен жеміс-жидектерді базар нарығынан төмен бағада саудалап жатты.
Жеңісі де, жемісі де ортақ Ордабасының жетістігі мұнымен шектелмейтіні аян.
Ел бірлігі мен ортақ мақсат әлі талай рет Ордабасы өлкесінің жақсы атын шығаратыны анық.

Жайна БОЛАТҚЫЗЫ.