Созақтық Жанділдаев жүлдегер атанды
Қыркүйек айының 2-8 аралығында Қырғызстанның Шолпан ата курорттық аймағында III Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті.
Байрақты бәсекеге ел намысын Созақтың тумасы, аудандық балалармен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Мақсат Жанділдаев қатысып, күрестің екі бірдей түрінен тұғырдың биік сатысынан көрінді. Олар: тәжіктің ұлттық спорты – белбеу күресінен (Гуштини милли камарбанди) және татар ұлтының – белбеу күресінен үшінші орын алды. Тағы бір жерлесіміз Айдос Құлманбетов қырғыз ұлттық спорты – алыш күресінен үшінші орынды иеленді.
Біз қоржынға олжа салған Мақсат Жанділдаевты құттықтап, одан жарыс туралы сұрадық. Өз кезегінде ол: «Қырғыз елі көшпенділер ойынын өте жоғары деңдейде ұйымдастырыпты. Ойынның алғашқы күнінде тәжіктің гуштини милли камарбанди күресінде бірінші тәжік палуанымен шықтым. Оны 6-0 есебімен тізе бүктірдім. Сосын ирандық балуанды жеңдім. Үшінші өзбек балуанының жауырынын жерге тигіздім. Тек түркімен балуанына ұпай санымен есе жіберіп алдым», – дейді.
– «Бір жарыста екі бірдей күрестің түрінен белдескен қиын шығар?», – деген сауалымызға ол: «Әрине, қиын. Себебі, екі түрлі күрес. Оның үстіне, физикалық, психологиялық тұрғыдан да шаршайсың. Белбеу күресінде де үш кездесуімді жеңіп, бұйырған қола жүлдені ұтып алдым. Күрестің екі түрінде де 91+ келіде күрестім», – деді Мақсат Жанділдаев.
Айта кету керек, көшпенділер ойындарына биылғы сайысқа 80 елден 3000-нан астам спортшылар 174 алтын, 173 күміс, 247 қола медальді сынға салды. Үшінші рет өтіп отырған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спортшылар Қырғызстанның курортты қаласы Шолпан атадағы спорт кешендерінде жарысты. Жалпы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – Қырғызстан тарапының бастамасымен жүзеге асты. Көшпенділер ойындарын өткізу шешімдері 2012 жылы Түркі мемлекеті елдерінің кеңесінде қабылданған. Содан бері ол екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. Биылғы көшпенділер ойынының ашылуына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия басшысы Режеп Ердоған, Татарстан президенті Рустам Минниханов және де Әзірбайжан, Ресей, Тәжікстан сынды бірқатар елден құрметті меймандар қатысты.
Бір аптаға созылған көшпенділердің байрақты бәсекесінде ел құрамасы 72 медальмен екінші орынға жайғасты. Біздің қоржында 18 алтын, 24 күміс, 30 қола медаль бар.
Ерлан Райымқұлов.