АРДАГЕРЛЕР КИЕЛІ ОРЫНДАРДЫ АРАЛАДЫ
Төлеби ауданы басшылығының бастамасымен ұйымдастырылған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында Ұлы тұлға Төле би Әлібекұлының 355 жылдығына орай, ауданымыздың ардагерлері, зиялы қауым өкілдері 28-ші қыркүйек күні Ташкент қаласына Төлеби бабамыздың кесенесіне барып, құран бағыштап, Ташкент қаласындағы тарихи орындарды аралап қайтты.
Орталық алаңда мәдениет үйінің қызметкерлерімен салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өткізіліп, ауданымыздың батагөй ақсақал қариясы Оңғаров Құдайберген атамыз сапарымызға ақ жол тілеп, елімізге аман-есен оралайық деген ниетпен ақ батасын берді. Шекарадан жасыл дәліз арқылы өтіп, Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласына жол тартты.
Алдымен Төлеби бабамыздың ұстазы қазіргі Ташкенттің орталығында Әлішер Навои, Шайхантохур және Абдулла Қадирдің қалыптасқан көшелерінде төртбұрышта орналасқан, Ташкенттің маңызды сәулет ескерткіштерінің бірі болып табылатын, Шейх Ховенди-Тахур кесенесіне бет бұрдық.
Ары қарай, ұлы жүздің бас биі — Қазыбек, Айтеке бидің қолдауымен үш жүзге төбе би болып сайланған, Ташкенттегі Шайқантәуір зиратына жерленген Төле би бабамыздың басына барып, құран бағыштап, зиярат жасадық. Ел мүддесі үшін теңдессіз еңбек еткен, Төлеби Әлібекұлын еске алу, ұлықтау, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында бабамызға арнап «Лавзак» мейрамханасында ас берілді.
Астан кейін, Қазақ ұлттық мәдени орталығында Өзбекстан Республикасының Жазушылар Одағының мүшелерімен және зиялы қауыммен достық қарым-қатынастағы кездесу болып өтті. Кездесу барысында Төле би жайлы кітапты өзбек тіліне аудару бойынша ой бөлісіп, екі елдің ынтымақтастығының, бірлігінің арқасында басшыларға ұлттық шапандар берілді. Өзбекстандағы қазақ этно-мәдени орталығының кітапхана қорына 7 томдық «Төле би» атты кітап жинағынан 6 жинақ, Әсет Кембаевтың «Тарих өткелдеріндегі Төле би» атты кітабынан 20 дана сыйға тартылды.
Ауданнан барған делегация орталықтан шығып, Ташкенттің ескі қалашығында орналасқан Хазірет-Имам діни орталық алаңын аралап,оның тарихымен танысты. Орталық алаңында Барак-Хан медресесі, шығыс қолжазбаларына бай кітапхана және кітапхананың арнайы бөлмесінде әлемге танымал Халифа Османның Құран кітабы сақталған екен. Бұл қасиетті кітап VII ғасырда жазылған және де өзіндік тарихы бар, көптеген елдер мен қалаларда болған екен. Осындай қасиетті құран кітаптың түпнұсқасын көріп, қолымен ұстауға мүмкіндік туды.
Діни орталықтан кейін «Шымыр ата» мавзолей кешеніне жол түсті. «Шымыр ата»этнониміне келетін болсақ, шығу тарихы шамамен 14 ғасырда өмір сүрген рубасы есімімен тікелей байланысты болған.Шымыр ата жайлы халық аңызында сақталған. Шымыр ата бұрынғы Ташкент ауданында өмір сүрген, мавзолей кешені Ташкент қаласы, Олмазор ауданында Фараби көшесінде орналасыпты. Кешеннің ішінде мешіт пен мавзолей бар екен.
Міне, осындай есте қаларлықтай керемет дүниелерді көруді бұйыртып, елдің батасын алған аудан басшылығы ардагер аталарымыз бен апаларымыздың, зиялы қауым өкілдерінің батасын алып қайтты. Ақсақал қарияларымыздың ізгі-тілектері қабыл болсын демекпіз.
Төлеби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі