Теріскейде тыңғылықты тірліктер көп

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы іске қосылған болатын. Аталған бағдарлама негізінде Қазақстанның киелі орындарының географиясының тізімі жасалғаны да белгілі. Сол тізімде қарт Қаратаудың батысында орын тепкен ежелгі Созақ қалашығы енгізілген. Қасиетті қаланың бұлайша қастерленуі тегін емес. Себебі ол Қазақ хандығының тұсында халықтың әлеуметтік саяси өмірінде ерекше мәнге ие мекен болған. Бүгінде осы қалашық орын тепкен Созақ ауданы да облыс тұрмақ, еліміз үшін үлкен әлеуметтік-экономикалық мәнге ие аумақ болып табылады. Өйткені бұл жерде уран өндірісі өркен жайған. Соның негізінде одан түсетін салық түсімі облыс бюджетін нығайтуда. Экономикасы қуатты аудан облыс бойынша жер көлемі жағынан ең ірі аумақ ретінде де ерекшеленеді. Қазақ хандығының тұсында халықтың әлеуметтік саяси өмірінде ерекше мәнге ие болған теріскейда соңғы жылдары көптеген салалар бойынша бірқыдыру жетістіктер орын алуда. Жуырда Түркістан облысы, Созақ ауданында болған іссапарамыз кезінде аудан басшысы Салыхан Полатовтың 2018 жылдың 7 айында атқарған жұмыс есебімен таныса отырып, оған анық көз жеткіздік.

Өндірілген өнім көрсеткіші өскен

Ауданда ағымдағы жылдың 7 айында 129 млрд. 629 млн. теңгенің өңірлік өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 9 млрд. 919 млн. теңгеге артық. Есепті кезеңде бюджеттің контингент бойынша жоспары 5 млрд. 434 млн. 617 мың теңгені құрап, ол 103,1 пайызға артығымен орындалып, 2017 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 103,3% немесе 171 млн. 304 мың теңгеге көтерілген.
Оның ішінде жергілікті бюджетке 3 млрд. 883 млн. 888 мың теңге қаржы түсіп, жоспар 103,7 пайызға орындалды. Есепті кезеңде бюджеттің шығыс бөлігі 7 млрд. 597 млн. 247 мың теңгені құрап, қаржы 100 пайызға игерілген.


Шетелден 78 млн.-нан аса инвестиция тартылған

Естеріңізде болса, өткен жылдың тамыз айында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аудан әкімдеріне деген талапты күшейтіп, олардың жұмысы сыртқы инвестиция тартумен бағаланатынын баса айтқан болатын. Арнайы селекторлық жиында айтқан оның бұл тапсырмасы талай әкімді ширатты десек артық айтқандық емес. Осыған байланысты облыстағы аудан, қала басшылары қандай да бір істі ілгерілету үшін қаржы құятын инвесторларға жағдай жасауға барын салды. Нәтижесінде бірнеше аудандарда осы мақсаттағы жұмыстар бойынша ілкімді істер орын алды. Мәселен, 2018 жылдың 7 айында Созақ ауданы экономикасына 18 млрд. 855 млн. 400 мың теңге инвестиция тартылып, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 110% немесе 1 млрд. 709 млн. 800 мың теңгеге артқан. Тартылған инвестициялардың сараласақ, жергілікті бюджеттен – 601 млн. 400 мың теңге, кәсіпорындардың, ұйымдардың және халықтың өз қаржысы есебінен – 18 млрд. 106 млн. 800 мың теңге, банктердің кредиттері, шетел инвестициясы – 78 млн. 400 мың теңге, қарыз қаражат көлемі – 68 млн. 800 мың теңгені құраған.

Индустриалды аймақта бес жоба жұмыс істеуде

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша елімізде индустриалды аймақтар құрылған болатын. Мемлекет тарапынан жеке кәсіпкерлік субъектілеріне өнеркәсіп нысандарын орналастыру және пайдалану үшін берілетін, инфрақұрылыммен, коммуникациялармен жабдықталған бұл аймақтарда өндірістің өркен жаюы ел ырысын тасытып, берекесін молайта түсетіні белгілі. Қазіргі таңда Созақ ауданының индустриалды аймағында жалпы құны 1 млрд. 204 млн. теңгені құрайтын 5 жоба бойынша қарқында жұмыс жүруде. Аталған жобалар негізінде индустриалды аймақта 644,7 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, аудандық бюджетке 41 млн.нан аса қаржы түсті. Бұл жетістікпен тоқтап қалмай, одан ары қарай алға жылжу үшін жыл соңына дейін ауданның индустриалды аймағында тағы 3 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Ол «Тағай ата» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тұз өңдеу цехын іске қосу, «ЮКСЭС-50» ЖШС-нің «Күн электрстанциясының» құрылысын жүргізу мен «Централ Азия Мининг» ЖШС-нің «Асыл металлдар өңдеу зауыты» жобалары болып табылады.
Келешекте аудан экономикасының өсуіне оң ықпалын тигізетін тағы 2 жоба жүзеге аспақ. Бұл туралы аудан әкімі Салыхан Полатов:
– «Теріскей» ЖШС «Асыл металл өндіру» жобасын қолға алмақ. Оның жалпы құны 18 млрд. 500 млн. теңге. Жобаны 2020 жылға дейін іске қосу жоспарлануда. Егер ол жүзеге асса, келешекте 400 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Бұдан бөлек біз 2019 жылға дейін Созақ жерінде құны 1,5 млн АҚШ долларын құрайтын «Стандарт Угле Хим» ЖШС-нің «Таскөмірсай» кен орнынан «тас көмірді өңдеу» (Фенол, бензол, толуол, ксилол, нафталин) жобасын іске қосу жоспарлануда. Бұл үшін Ресей елінде арнайы бизнес жоспары жасалуда. Ол іске қосылса бұл жоба 100 адамға тұрақты жұмыс бермек,-дейді.

Ауызсудың азабын тартып отырғандар азаяды

Дәл бүгінгі таңда Созақ ауданы бойынша 35 елді мекеннің 23-не орталықтандырылған ауыз су құбырлары жүргізілген. Аталған елді мекендерде қоныс тепкен тұрғындардың саны аудан халқының 79,2 пайызын құрайды. Олардың басым көпшілігінде (17) жергілікті халық ауыз суды тәулік бойы тұтыну мүмкіндігіне ие болса, қалғандарында тіршілік көзі шекті көлемде беріледі. Атқарушы орган орталықтандырылған ауыз су құбыры жүргізілген елді мекендердің барлығында бұл көрсеткіштішті 24 сағат бойына қамтуды межелеп отыр. Теріскейдегі су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында бүгінде Сарыжаз, Балдысу, Қарабұлақ және Басбұлақ елдімекендердегі жерасты суларына зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Оның қорытындысы жыл соңына дейін дайын болмақ. Бұдан бөлек, қазіргі күні аудандағы 6 елді мекенді орталықтандырылған ауыз су құбырына қосу жұмыстары қызу жүруде. Бұл үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп қойған. Егер жұмыс белгіленген мерзімде тындырылатын болса, Созақта сапалы ауыз сумен қамтылған халықтың саны 82 пайызға жететін болады.
Аудан орталығының аумағы ұлғаяды

Жуырда Созақ ауданындағы Балдысу елді мекенінде салынып жатқан 100 орындық орта мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Құмкент ауылындағы қайта құру жұмыстары жүргізілген спорт комплексі мен қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигон ел игілігіне берілмек. Ал аудандық маңызы бар 5 шақырым Қарабұлақ-Балдысу автомобиль жолын жөндеу жұмыстары толығымен аяқталады.
Құрылыс саласы бойынша осындай көзайым жаңалықтардың куәсі болғалы тұрған Созақта бұдан өзге де қарқынды құрылыс жұмыстары орын алуда. Атап айтқанда, аудандағы Ақсүмбе, Балдысу, Шаға, Раңата ауылдарында 4 медициналық пункттің, Созақ ауылында №1 кәсіптік колледждің, Шолаққорған, Созақ ауылдық округтерінде бюджеттік қызметкерлерге арналған қызметтік тұрғын үйлердің құрылысы және демеушілер есебінен Сызған ауылдық округінен 13 шақырымды құрайтын «Шұқырой» каналының лотоктарын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қызу жүргізілуде. Қарақұр, Жартытөбе ауылдық округтерінде саябақтың құрылыстары басталды. Шу, Қыземшек, Таукент сынды ауылдардағы 3 мәдениет нысандары күрделі жөндеуден өтуде.
Жуантөбе, Сызған ауылдық округтерінде жарықтандыру жұмыстары қолға алынса, Шолаққорған ауылдық округінде 2 саябақ қайта құрылымдаудан өтуде.
Аудан орталығы Шолаққорғанның халқын ауқатты, жерін абатты ету үшін алдағы жылдар бедерінде ол аумақ құрылыс алаңына айналатын болады. Аудан әкімі Салыхан Полатов Шолаққорғанның қазіргі аумағы 1500 гектар болса, келешекте оған 700 гектар қосылып, жалпы аумағы 2200 гектарға ұлғаятынын мәлімдеуде.
Соған орай орталықта спорт
сарайы, 1, 2, 3 қабатты тұрғын үйлер, бірнеше мектептер салынбақ.

Білім, денсаулық, әлеуметтік салалар басты назарда

Ауданда 2017-2018 оқу жылында мектеп табылдырығын бітірген түлектердің саны 705-ті құрады. Олардың 501-і ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырып, нәтижесінде аудан көрсеткіші 70,1 балды құрады. 41 оқушы «Алтын белгі», 21 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Мектеп жасындағы өрендердің жазғы демалысын қала сыртындағы лагерде өткізуін жолға қою мақсатында аудандық бюджеттен 42 млн. 700 мың теңге қаржы қаралды. Көрсетілген қаржыға аудан мектептерінен 500 бала тегін, 900 бала ақылы жолдамамен барлығы 1400 өрен жазғы демалыстарын бес ауысым бойынша лагерде өткізген. Алдағы уақытта аудандағы Ақсүмбе елді мекенінен мектеп салынбақ. Бірқатар білім ұяларының жанынан қосымша ғимараттардың құрылыстары іске аспақ.
Ауданда 3-6 жастағы балалардың балабақшамен қамтылуы 90 пайызды құрап отыр
Денсаулық сақтау саласы бойынша алаңдатарлық мәселе ол диспансерлік есепте тұрған адамдардың ахуалы болып тұр. 2018 жылдың 7 айындағы көрсеткіш бойынша қазіргі таңда аудан бойынша 12021 адам диспансерлік есепке қойылған. Олардың ауруларына қарай 6 мыңға жуық адам тегін дәрімен қамтамасыз етілуде. 2018 жылдың І-жартыжылдығында тегін дәріге жалпы 35 820,6 млн. теңге қаржы қаралған.
Есепте кезеңде ауданда 702 бала дүниеге келген. Олардан 1 жасқа дейінгі бала өлімімен 5 жағдай тіркелген. Нәресте өлімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5-жағдайға төмендеген.
Бұдан бөлек ауданның әлеуметтік саласы бойынша жыл бойына 2552 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, есепті 1348 адам нақты қамтылып, жылдық жоспар 52,8 пайызға орындалды. Сондай-ақ «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» шеңберінде жеке ісін ұйымдастыру және кеңейтуге 25 адам 103,6 млн.теңге несиемен қамтылды. «Жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» бойынша 2018 жылға 796 жалпы жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, ағымдағы жылдың 7 айында 773 жаңа жұмыс орны ашылып, жылдық жоспар 97,1%-ға орындалды.
Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жаңа жұмыс орындарына 120 адамды жолдау жоспарланса, есепті мерзімде 109 адам жұмысқа жолданып, жылдық жоспар 90,8%-ға орындалған.

Қора қойға, шара майға толып тұр

Созақта есепті мерзім ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 6 млрд. 257 млн. 800 мың теңге болып, өткен 2017 жылдың 7 айымен салыстырғанда 861 млн. 700 мың теңгеге артып немесе 116 пайызға орындалып, нақты көлем индексі 102,9 пайызды құрады.
Аудан бойынша 13 мың 100 га егістік жерді игеру межеленсе, 13 мың 120 га алқапқа егіс егілді. Есепті кезеңде «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 2070 бас тұсақ қой, «Құлан» бағдарламасы бойынша 197 бас аналық жылқы, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауданға 837 бас мүйізді ірі қара малы алынды. Жыл аяғына дейін олардың саны әлі арта түсетін болады. 2018 жылдың 7 айындағы жағдай бойынша ауданда 35 093 бас мүйізді ірі қара, 15 581 бас жылқы, 11 273 бас түйе, 336 088 бас қой-ешкі, 28 688 бас құс өсірілуде. Ауданда төрт-түлік малдың барлық түрлері бойынша 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 104-106 пайыз өсім бар.

С. НҰРАЙ.