АРНАЙЫ МОНИТОРИНГТІК ТОП КОЛЛЕДЖДЕ БОЛДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауындағы «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» жөніндегі тоғызыншы міндетінде көрсетілгендей жемқорлықпен күресу жалғасын таба береді, сол үшін мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде халық пен бизнестің қарым қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады. Қарапайым халық өз үйінен шықпай-ақ электронды цифрлы қол таңба арқылы өз өтініштерін тиісті органдарға тастай отырып, оның орындалуы жөнінде бақылау жүргізе алады.
Бұған дейін де Елбасымыз «Жемқорлықтың – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінететін және ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп екендігін»,- атап көрсеткен болатын. Сыбайлас жемқорлық ұлтымыздың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, сонымен қатар еліміздің халықаралық беделіне де және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына да елеулі нұқсан келтіретін аса қауіпті құбылыс екенін де айтқан. Ол орын алған жерінде біртіндеп әдетке айналып, қоғамда кеңінен қанат жайып кетуі мүмкін екенін мойындамасқа болмайды. Мұндай жағдай мемлекеттік аппараттың беделіне зор нұқсан келтіреді және оған сенімсіздік тудырады. Бұл үлкен материалдық та, моральдық та залал келтіретін жай екені айтпаса да түсінікті. Мемлекеттік билік құрылымдарында тез тарауға бейім тұратын мұндай зиянды жағдайларға жол беруге мүлде болмайды.
Президентіміздің өзі атап көрсеткеніндей әкімшілік реформа сыбайлас жемқорлықпен күресуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйелерін күшейтуге бағытталып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы нәтижелі тосқауыл қою үшін азаматтық қоғамымыздың барлық институттары болып бірге тізе біріктіруіміз қажет. Бүкіл халық болып оған қарсы бітіспес күрес жүргізуіміз қажет. Тек сонда ғана біз нәтижелі жетістіктерге қол жеткізетін боламыз. Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» атты тоғызыншы міндетін қоғам арасында түсіндіру үшін Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен барлық мақсатты топтар арасында осы уақытқа дейін бірнеше кездесулер өтті.
Соның айғағындай жұма күні арнайы мониторингтік топтың Созақ ауданындағы мүшелері Гүлсара Әлімбекова, Ролан Әлжанов, Мақсат Қарғабай алдын ала бекітілген кестеге сай Созақ ауылында орналасқан арнаулы оқу орындарының бірі №1 колледжде болды. Арнайы топ мүшелері колледж ге түсіп, студент атану үшін өздерінің құжаттарын тапсырып жатқан талапкер жастармен кездесті. Кездесуде колледж директоры Бақдәулет Қордашбеков, колледж ұстаздары, жас талапкерлер, ата-аналар комитетінің төрағалары қатысып отырды.
Іс-шара барысында алдымен олардың өздері қалаған мамандықтары бойынша кәсіп иелері атануларына тілектестік білдірілді. Одан кейін бекітілген іс-шаралар жоспары негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық баяндаманы талқылап, оған ұсыныстар енгізу, аумақтық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру мәселелері бойынша ақпараттарын тыңдау, қарау және жастардың білім саласына қатысты ұсыныстарын білді.
Сондай-ақ, жас талапкерлерге сыбайлас жемқорлық фактілерімен, мемлекеттік қызмет көрсету сапасының және мемлекеттік қызметшілермен Әдеп кодексі талаптарының сақтамауына куә болған жағдайда республикалық 1424 call-орталығына, Департаменттің 51-51-51 сенім телефоны мен 8775 8692121 WhatsApp нөміріне хабарласуға болатындығын жеткізді.
Шара соңында жастарға оң бағыт бере отырып, шараға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар берілді.

Мақсат Жеңісұлы