ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ЕЛШІСІ

Қаратау ортақ, нар ортақ, қараша үшін бәрі ортақ. Осы арыстан жалды, алып тұлғалы, жалаңаш қара тасты, қара тау қазақтың алтын қазығы. Қаратау сенің жон арқалы жотаң болмаса күнгей мен теріскей атанып, екі ел болып қатар жараса жатар ма едік!?
Түркістан мен Созақ жаратқанның егіз етіп жарата салған жаратылысындай бірінсіз бірі аталмай қалмайды. Ысқақ баб әулие мен Қожа Ахмет Иассауи бабалар арасындағы сан жылдық тылсым байланыс мәңгіліктің үзілмес жібек секілді. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдары да қаншама Созақтың тас түлектері Қаратау арқылы асып Түркістан арқылы майдан даласына аттанды. Соншамасы Созағына жете алмай сонда қалса, біршамасы Түркістан арқылы түпкі мекен Теріскейіне оралады.
Рахманқұл атамыздың бабаларының да Созақта туылуы, өзінің мәңгілік Түркістанда тыныстауы да құпия дүниенің кілті іспетті. Бүгінде Теріскей мен Күнгейдің төл перзенті саналатын ардақты азаматтың есімі Қаратаудың құзар басын иеленді. «Рахманқұл шыңы» байыпты көзбен байтақ далаға көз салғандай болады. Кешегі алты алаштың ардағы, Қандөздің қара баласы, кеңес өкіметінің шегеленген терезесін шығыс әлеміне аша білген, сәулесін елге шаша білген Алланың адал құлы, қазақтың қайратты ұлы Нәзір Төреқұлов ар- рухты Түркістанның атын түркі әлеміне шығарған қоғам қайраткері. Кеңес өкіметі құрылған жылдарда бүкіл дүние жүзіне дипломатиялық үрдістің қазақы мәдениетін өзінің түр тұлғасымен, терең білімімен, қазақ ұлтына тән тектілігімен, бекзаттылығымен, өзге ұлттардан қазақ ұлтының таза қанды, талғампаз, талантты халық екенін өз бейнесі арқылы паш еткен Нәзір Төреқұловтың сүрлеулі соқпағымен келе жатқан, ісі мен еңбегін жалғастырушы, Егемен елдің сыртқы саясаттағы өрісті дамуына зор үлесін қосып жүрген жерлесіміз Бағдад Құлтайұлы Әміреев болатын.
1986 жылыАлматы қаласына аяқ артып, арман қанатына мініп оқуға аттандым. Сол уақытта бергі нағашыларым деп Жәмила апамның үйінде еркін жатып емтиханыма дайындалып жүрдім. Жәмила апамыз көпті көрген, көп нәрсені көкірегіне түйген, көзі ашық, санасы ояу, келісті де келбетті жан болатын. Сол жылдары алпыстың ол жақ бұл жағында болса да ажарын бермеген, ай келбетті ашаң жүзді, тартымды кісі еді. Қазақта «мінезіне көркі сай» дейтін теңеудің өзі Жәмила апама арнап айтылғандай еді. Жәмила апам ылғи ұл-қыздарынның немерелернің тілеуін бір Алладан тілеп отыратын. Бағдад ағамыздың шет ел елдерде жүріп түскен суреттерін, видео түсірілімдерін көріп, ағамыз сияқты елдің азаматы болуды арман тұттық. Қарапайым ғана ұстаздар отбасынан шығып қараша қазағын бүткіл дүние төріне таныстырған, Елбасымыздың қасында жүріп егемен еліміздің жарқын болашағы жолында тарихи мәселелерді шешуге ат салысып жүрген айбарлы да ардақты азаматымызбен мақтанамыз, мақтаныш тұтамыз. Қаншама елдердің төріне шығып, келелі кеңестерде, алқалы бас қосуларда ұлттың кемел келешегі жолына өз үлесін қосты. Шолаққорғанда туылып Ыбырай Алтынсарин мектебінде білікті ұстаздардан білім, ауылдастары мен ағайындары ортасында қазақы тәрбие, ата-анасынан ақ бата алған азаматтың өнегелі өмір жолынан созақтық жерлестері хабардар болғаны да жөн. Бағдад Әміреев 1959 жылы 1 наурызда Шолаққорған ауылында туылған. Ол 1982 жылы Душанбедегі Тәжік мемлекеттік университетінің шығыстану факультетін бітірген. Студент кезінде, яғни, 1980-1981 жылдары Иемен Халық Демократиялық Республикасында араб тілінің аудармашысы, оқуын бітірген соң 1982-85 жылдары Дамаскідегі КСРО елшілігінде,1985-88 жылдары Әль Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінде араб тілі мен әдебиетінің ұстазы, 1988-91 жылдары Бағдадтағы КСРО елшілігінде, 1992-1994 жылдары ҚР Сыртқы Істер Министрлігінің Таяу Шығыс (Араб мемлекеттері және Израиль) мемлекеттері басқармасының басшысы, 1995-96 жылдары ҚР Сыртқы Істер Министрлігінің Таяу Шығыс (Араб мемлекеттері және Израиль), Орта Шығыс (Түркия, Иран, Ауғанстан) және Африка мемлекеттері басқармасының басшысы, 1996-2002 жылдары ҚР Сауд Арабия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі, одан Кувейт мемлекетіндегі, Бахрейн корольдігіндегі, Оман Сұлтанатындағы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының ИКҰ-дағы тұрақты өкілі қызметтерін атқарды. Бағдад Құлтайұлы Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, одан Иордания Хашимиттік корольдігіндегі, Ливан Республикасындағы, Марокко корольдігіндегі, Социалистік Халықтық Ливия Араб Джамахириясындағы , Африка мемлекеттеріндегі елшісі қызметтерін абыройлы атқарып, Елбасы сенім артқан биіктерден көріне білген қайраткер. Бағдад Әміреев Ислам ұйымындағы білім, ғылым, мәдениет мәселелері бойынша тұрақты өкілі болды. 2008-2011 жылдары біздің елдің Түркия Республикасындағы, кейін Албаниядағы Төтенше және өкілетті елшісі болып жұмыстар атқарды. 2011 жылдан Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі ҚР Премьер –Министрдің кеңесшісі. Сонымен қатар, осы жылдар ауқымында негізгі елшілік қызметіне қосымша дипломатиялық өкілдіктерде біршама қызметтерді де қоса атқарып жүрді. Атап айтар болсақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері сьезінің концепциясы мен құжаттарын дайындау жұмыс тобының төрағасы, ҚР-ның Ислам конференция ұйымы арнайы тұрақты өкілі, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі ретінде әлемдік сауда ұйымындағы арнайы өкілі, ҚР Халықаралық энергетикалық форумымен жұмыс атқару мәселелері бойынша арнайы өкілі, Астана кандидатурасын ЭКСПО-2017 көрмесіне жылжыту мәселелері бойынша арнайы өкілі, ҚР Таяу Шығыстағы және Африка мемлекеттеріндегі арнайы өкілі сияқты бірқыдырым халықаралық шаралардың басында жүрді. Сонымен қатар, осы қызмет еткен жылдары ішінде 1999 жылы Буркино-Фасода , 2000 жылы Малайзияда, 2001 жылы Малиде ұйымдастырылған Ислам Конференциясы ұйымының министрлік конференциясында ҚР атынан қатысқан делегациялардың басшысы, 2007 жылы Иракпен тіл табысу конференциясында ҚР атынан қатысқан делегациялардың басшысы міндетін бедел биігінен көріне атқара білген саясаткер азамат.
Бағдад Әміреев сондай-ақ қазақ тілін қоса алғанда орыс, араб, ағылшын, түрік, және парсы тілдерін жетік меңгерген, «Казахстан и Саудовская Аравия», «Монархий Персидского залива», «Восток и Запад: Вызовы глобализаций», «Современный отношения Казахстана и Турция и Тюркский мир», түрік тіліндегі «Восток и Запад» кітаптарының авторы.
-Бұл жарыққа шыққан кітаптар Қазақстан мен Сауд Арабиясының сыртқы саяси қарым-қатынасына арналған. Жалпы мұсылман халықтарының түпкі тамыры бір. Ел болғаннан кейін ел мен ел арасында саяси-экономикалық, достық байланыс болады. Тәуелсіздік жылдарынан кейін сол қарым қатынасымызды қайта жандандырдық. Сол жандандыру барысы қалай жалғасуда, өткен жылдар ішінде қандай маңызды қадамдар жасадық деген мәселелер сөз болады. Ал екінші кітапта Қазақстанның Парсы шығанағындағы елдермен қарым-қатынасының тарихы жайында айттық. Ең қиын соғыс жүріп жатқан аймақтың саяси ахуалын, глоболизацияның әсері, модернизацияның деңгейі қандай? Осындай мәселелер жөнінде толығырақ мәлімет беруге тырыстық» деген еді елші Бағдад Құлтайұлы республикалық басылымдарға берген бір сұқбатында. Елшілік қызмет дегеніміз өте жауапты, салиқалылықты, шапшаң шешім шығаруды, тығырықтан жылдам шығуды, шешендік, тапқырлық, тарихи тереңдік, көп тілді білу сияқты сан қырлылықты талап ететін сала екені анық. Сондай сан тарау кәсіби шеберлігімен егемен еліміздің тұрақтылығы мен ынтымағы, әлеуетінің артуы мен болашағы жолында еңбек етіп жүрген Бағдад Әміреевке ел тілегі көл көсір.
Халқымызда елдестірмек елшіден» деген ұлық тәмсіл бар. Сол себепті де жер жүзіндегі өзі елшілік еткен мемлекеттермен ынтымақ пен бірлікте, тіл табысушылық пен татулықта еткен сан жылдардағы ерен еңбегі үшін, өркениет диалогіне қосқан жемісті үлесі үшін «Бенедикт ХVІ Рим папасы» медалімен, Түрік кеңесінің ашылуына қосқан еңбегі ескеріліп «Тюрксой» медалімен және Қазақстан Республикасының «Құрмет», «Парасат» сияқты көптеген орден-медалдарымен марапатталған. Жеңгеміз Ардақ Қуантайқызы екеуі отбасында Мөлдір, Құдыс, Әміре есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп, еңселі егеменді еліміздің нағыз отаншыл азаматтарын қатарымызға қосуда.
Мақсат Қарғабай