АБЗАЛ АЗАМАТ
Теріскейдің төл перзенті, ішкі істер саласының ардагері, запастағы полковник Әділхан Берікқараевпен таныс-білістігіміз сонау кеңес өкіметі жылдарының алпысыншы жылдары, нақтырақ айтқанда 1965 жылы студенттік, бозбала жастық оты алаулаған жылдары басталған еді. Одан соң, араластығым жанұялы болып, өмірдің суығын, қызығын, қуанышты жазы мен күзін бірге өткерген кезіміз десек болады.
Әдекең Алматыдағы С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, республикалық ішкі істер министрлігіне қарасты Алматы қалалық ішкі істер басқармасында отыз жылдай елге қызмет етті. Сол уақыттағы астанамыз Алматы қаласында қатардағы милиция кіші лейтенанты қызметкерінен полковник дәрежесіне дейін жеткен Әдекең ішкі істер саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып дегендей, бірсыпыра қызметтерді абыроймен атқарды.
Әділхан Сызған ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келді. Атасы Берікқара жұртының сөзін сөйлегені үшін «халық жауы» атанып, ұсталып сол кеткенен хабарсыз кетеді. Әкесі Нұрмахан өмірден өткенінше ұстаз болып, елдің балаларын оқытып тәрбиелеген жан. Әділхан жастайынан зерек, өмірге құштар, болашақтан үлкен үміті бар жеткіншек болып өсіпті. 1963 жылы Созақ ауданына қарасты Жуантөбе ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті бітіріп, алғаш еңбек жолын «Сызған» совхозында екі жылдай қара жұмысшы болып бастайды. 1965 жылы Алматыға артына-тартына келіп КазГу-дің заң факультетінің кешкі бөліміне оқуға түсіп, Алматыда түрлі құрылыс алаңдарында құрылысшы, бетоншы, қалалық наубайханада жүкші сияқты түрлі жұмыстарды істей жүріп оқуын өз тәмамдайды. 1969 жылы Алматы қалалық ішкі істер басқармасына қарасты Фрунзе аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор қызметіне қабылданып, осы қалада әртүрлі басшы қызметтерді атқарып, 1999 жылы 53 жасында еңбек демалысына шықты.
Ішкі істер саласында жүргенде дивизион командирі, Алматы қалалық ішкі істер басқармасында бөлім басшысы, қаланың орталығы саналатын Совет ауданында (қазіргі Алмалы ауданы) ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, бірінші орынбасары болды. 1992 жылдан ішкі істер министрлігінің аппаратында, департаментінде, республикалық білім көтеру курсы орталығы директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Ішкі істер органынан кейін «Алматықұрылыс» материалдар тресінің кірпіш зауытының вице-президенті, ішкі істер министрлігі қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Жеке күзет» фирмасының президенті, директоры қызметтерін 15 жылдай абыроймен атқарған азамат. Қазір құрметті еңбек демалысында.
Әдекең — өмірде өте қарапайым, қызметіне таза азамат, жора-жолдас, ағайын-туыстарына бауырмашыл жан. Әдекеңнің Алматы қалалық полиция қызметінде жүрген кезіндегі жастарға, әсіресе студент жерлестеріне деген қамқорлығы айрықша еді. Жора-жолдастарына, жерлестеріне, таныстарына, жалпы көмек сұрап келген азаматтарға жасаған жақсылығын, қамқорлығын өз көзіммен көрдім. Үлкеннің де, кішінің де қөңіл кілтін тауып сөйлесуіне, қандай жоғары лаазымда жүрсе де өзін қарапайым ұстайтын кішіпейіл жүрісіне қатар жүрген жора-жолдасы ретінде қызығатынбыз. Ауданның милиция басшысының орынбасары бола жүріп көптеген азаматтарға, жастарға, әсіресе теріскейлік жерлестеріне, қол ұшын созып, олардың оқуға, жұмысқа орналасуына бәйек болып жүретін. Өмір болған соң, кездейсоқ милицияға түсіп қалатын, ауылдан келген жастар орысша тіл білуі кем, қаланың тәртібін, ой-шұқырын біле бермей қателікке ұрынып қалатын жайттар да болып қалады дегендей, әртүрлі жағдайлар болмай тұрмайды; міне осындай кездерде ол ағалық ақылын, көкелік кеңесін айтып көмек көрсетіп жүретін. Тікелей азаматтарды қалаға тіркеу (прописка), үй алу кезегіне тұру, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа тұрғызу ол уақытта қиынның қиыны болса, сол мәселелерді қолынан келгенше, шешіп беруге жанын аямайтын, ауылшыл, қазақы мінезді азамат ретінде көріне білді.
1986 жылдары елімізде асыра сілтеушілік орын алғанда, Созақ жастарына көмек көрсетем деп, партиядан шығып, қызметінен босап қалуға дейін барып, басын бәйгеге тіккен кездерін білемін. Оған мысалдар да көп, сол кездегі жайдайды сол уақытта оқыған, Алматыда жүрген жерлестерінің барлығы біледі. Көбісі бас қосқан жиын-тойларда болсын, арнайы БАҚ беттерінде ризашылығы мен алғыстарын айтып жүрген азаматтар әлі арамызда жүр.
Біз қатарлы сыйлас, дәмдес, дастархандас достарымыздың ішінен бірініші болып 1970 жылы кішігірім баспана алып, қоныс тойын жасаған да Әділхан болатын. Құтты болсын айтып барып, кейін Әділханның үйінің бір бұрышын қатарластары болып иеленіп алғанымыз бар. 1976 жылы кеңдеу баспанаға ие болды. Ол заманда баспана алу қиынның қиыны еді. Құт қонған баспанасы елден келіп-кететін мейманнан, ағайын-туыстан бір күн де босамайтынына куә болып жүрдік. Әдекеңді арнайы елден іздеп келіп, оқуға түсіп, оқып, диплломын алып, бітіріп шыққан жерлестерін де көрдік. Әрине, мұның барлығы Әдекеңнің жұбайы ауыл Созақтың қызы Ырысалдының арқасы болатын. Ол үйге келген қонақтарының көңілін аулап, жағдайын жасап жақсы жеңге бола білді.
Әдекеңнің туған жерін өте жақсы көретіні сонша жылына бір рет ғана берілетін еңбек демалысында министрліктің берген жолдамасымен Совет Одағының түкпір-түкпіріндегі санаторий, курорттарға барып дем алуға мүмкіндігі бола тұра еш жаққа бармай, тіке қарт Қаратау-Теріскейіне тартып кететін. Отбасымен туған жері Қаратаудың қойнауындағы Қозмолдағына барып, жора-жолдас, ағайын-туыс, құда-жекжат, ата-анасының шаңырағына барып өткізуші еді. Ол мақтануды, мақтангершілікті, кісілікті, өзімді осындаймын деп көрсетуді ұнатпайды. Созақ ауданында біздің білуімізше, кеңес кезінде милиция полковнигі шенін алған осы Әдекең деп естиміз.
Ішкі істер саласында жүргенде, арагідік «Алматы ақшамы», «Социалистік Қазақстан» газеттеріне там-тұмдап мақала жазып тұрды. Кейін милиция органынан заңды демалысқа шыққасын атамекен, туған өлке, киелі жерлер тарихымен айналысып жүр. Оның үстіне жұбайы Ырысалды да кітапхананың сирек кітаптар бөлімінде қызмет атқаруы да қызығушылыған арттыра түскен болу керек. Қашан барсаң да көзәйнегін киіп алып шұқшиып әлденелерді жазып отырады.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағытында туған өлке тарихын зерделеп республикалық «Айқын», «Оңтүстік Қазақстан», «Созақ үні» газеттеріне көлемді мақалалар жариялады. Биылғы жаз айында қасына тарихшы, этнограф ғалымдарды ертіп Созақ жеріндегі «Саңғыл би» кесенесіне зияраттап келіп қайтты. «Саңғыл би» кесенесін еліміздің киелі нысандар тізіміне енуіне де айтарлықтай еңбек сіңірдіҚазір осы кесенені
туристік маршруттар картасына енгізуге әрекет жасап, еңбектеніп жүр.
Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, жүрегі де, тілегі де ел деп тұратын азаматтың әлі де тұғыры биіктей береріне сенімдіміз.
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,
ҚР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының және Халықаралық Айтматов Академиясының академигі.