ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ ШАРАСЫНА 43 МЫҢНАН АСТАМ ОҚУШЫ ҚАТЫСТЫ
Бүгін Білім күні мерекесінде Жетісай ауданындағы 70 мектепте 43 мың 159 оқушының қатысуымен алғашқы қоңырау соғылды. Оның 3100-і 11-сыныптың, ал 9 мыңдайы 1-сыныптың табалдырығын аттап отыр. Сондай-ақ, 5634 педагог оқу-тәрбие жұмыстарына кірісті. Ендігі міндет – шәкірттерге сапалы ілім беріп, жан-жақты білім иесі етіп тәрбиелеу. Бүгін бұл туралы Қызылқұм ауылдық округі Ақтөбе ауылындағы 300 орындық №126 жалпы орта мектебінде өткен алғашқы қоңырау салтанатты жиынында Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті.
Бүгін ақтөбелік ата-аналар «Жаңадан салынған мектебіміз аудан тарихында қалатын болды» деп ерекше қуануда. Айтатындай-ақ бар. Аталған білім ұясының лентасын 24-тамыз күні Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев кессе, бүгінгі алғашқы қоңырау шарасына аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың өзі арнайы қатысты. Ақтөбеліктердің қуанышына ортақтасқан аудан басшысы жаңа мектеп ұжымына артылар сенім де зор екенін ескертті.
«Баршаңызды тамаша мереке – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ел келешегі — жас ұрпақты жан-жақты білім иесі етіп тәрбиелеудің маңызы зор. Заманауи осындай керемет ғимаратта білім алу – оқушылар үшін үлкен бақыт. Ендеше оқу жылының соңында аталған мектептің шәкірттері үздіктер қатарынан көрініп, сенімді ақтауы тиіс. Ол үшін тыңбай ізденіп, талмай оқу қажет. Осы ретте ұстаздар қауымына да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр», — деді Жамантай Қанайұлы.
Жаңа мектептегі оқу күні «Қазақстаным – жүрегім, Түркістаным – тірегім» атты ашық сабақпен бастау алды. Ашық сабаққа аудан басшысы да қатысып, оқушылармен тілдесті.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Жетісай ауданында білім бөліміне қарасты 70 мектеп жұмыс істейді, оның 69-ы жалпы орта, 1-уі негізгі орта мектеп саналады. Соның 63-і типтік, 7-уі ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Аталған 70 мектептің 65-і екі ауысымда, 4-уі 1 ауысымда білім береді. Ал бұған дейін үш ауысымда білім беріп келген Жаңаауыл ауылдық округіндегі Ынтымақ ауылында орналасқан Тұрар Рысқұлов атындағы жалпы орта мектебіне 600 орындық жаңа ғимарат салынып, алдағы желтоқсан айында ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Ауданымыздағы 70 мектептің 28-і табиғи газбен, 41-і қатты отынмен (көмірмен) 1 мектеп сұйық отынмен жылытылады. Биылғы жылы тағы да 6 мектеп табиғи газға қосылуы тиіс.
Аудан бойынша 2018-2019 жылдардағы жылу беру маусымының дайындығын қамтамасыз ету мақсатында барлық білім беру мекемелерінде гидравликалық сығымдау жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде ақауы анықталған 15 мектепте жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасуда. Аталған ағымдағы жөндеу жұмыстарына 26 млн 925 мың теңге қаржы қаралған болатын.
Сондай-ақ, бүгінде ауданымыздағы барлық мектеп толығымен жаңартылған білім беру мазмұнындағы оқулықтармен толық қамтылды. Бұл мақсатқа 420 млн. 109 мың теңге бөлініп, 70 мектепке 330 742 дана оқулық сатып алынған.
(с) Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі