ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ ЖӘНЕ ТАЙҚАЗАН
Бүгін қазақтың Өзбекәлі Жәнібековінің туған күні!
Төрткүл дүниеге аты мәлім, түркі жұртының ортақ шаңырағы — Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Тайқазанның Санкт-Петербургтің Эрмитаж музейіндегі көрмеден елге оралғанша қаншама тар жол тайғақ кешуді бастан өткергені белгілі.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесін музей етіп құруда, Тайқазанды елге қайтарып, қайта орнына орнықтыруда сол кезде мәдениет саласында қызмет атқарған, белгілі қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф ғалым Өзбәкәлі Жәнібеков ағамыздың сіңірген еңбегі ерекше орасан.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қорында Жәнібеков есімімен байланысты біршама жәдігерлер бар. Ол 1978 жылдан бастап қорық-мұражай қорына өткізген Қабіржапқыш, Қоңырат кілем, Шұғыла кілем, бөлме жиһазы (Асадалға ұқсас жасалған), кесене тарихы мен осы өңірдің тұрмыс-тіршілігіне, жағрафиясына қабысатын т.б. жәдігерлерді Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражайынан алдырып, қорық-мұражай қорына табыстады. Соңғы жылдары көз майын сарқып «Алтынай», «Адырна» фольклорлық ансамбль қызметкерлеріне ұлттық нақышта тіктірген көйлегі, немересі Әзелге Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесіне орай тіктірген қазақы көйлегі (1989 жыл), сондай-ақ тұтынған заттары жинақтала бастады.
Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы 28 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Сарықамыс ауылында қарапайым жанұяда дүниеге келіп, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы нәтижесінде жоғары білім алған. Еңбек жолындағы қызметін шәкірт тәрбиелеуден бастап, бойындағы тума талантының арқасында саяси қызметте аудандық комсомол комитетінен Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің Хатшысына дейінгі қызметті атқарған. Ө.Жәнібековтің өмір жолына қарап отырсаңыз қызмет бабымен Қазақстанның қай өңіріне барса да ел басқарудағы ерекше қасиеттері халқымыздың қазынасы-ұлттық өнер, салт-дәстүрді дәріптеудегі өнегелі істері ұшан теңіз. Сондықтан да халқымыздың біртуар ұлы Ө.Жәнібековті туған жері, тек оңтүстік өңірі ғана емес барша қазақ мақтан тұтады.
Бүгін, яғни 28 маусым күні, сағат 10:00-де Түркістан қаласы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің нұсқауымен Тайқазанды Түркістанға қайтару жолында аянбай еңбек еткен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бұрынғы директоры, қазіргі ардагер, Түркістан қаласының Құрметі азаматы Мұхтархан Назаров, музей жанашырының еңбек жолын зерттеушілер мен тарихшы-ғалымдар және туыстарының қатысуымен кесенеде арнайы кездесу өтеді. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар Отырар ауданы Шәуілдір ауылындағы Ө.Жәнібеков кесенесіне арнайы барып құран бағыштайды.