ЕЛОРДА ТОЙЫ – ЕЛДІҢ ҚУАНЫШЫ

Биыл Елбасының бастамасымен Ақмола қаласының тәуелсіз Қазақстанның астанасы болып таңдалуы туралы тарихи шешімнің жүзеге асқанына 20 жыл толып отыр. Сол шешім негізінде 1997 жылдың қарашасында мемлекеттік рәміздерді Алматыдан Астанаға алып келу сынды рәсім шаралар өткізіліп,  Президент Әкімшілігінің, Парламенттің, Үкіметтің жұмыстары жаңа астанада басталып кеткен еді. Міне содан бері арада 20 жыл өтті.

Осы уақытта Сарыарқа төсіне қоныстанған Астана сәні мен салтанаты жарасқан қалаға айналды. Сәулет өнерінің ғажап үлгісі болып табылатын әсем ғимараттар мен түрлі тұғырлар бой көтеріп, Елорданың көркін көз тоймайтындай дәрежеге көтеріп тастады. Бұл ретте «Ақорда», «Астана триумфы», «Хан Шатыр», «Бәйтерек» сынды айналаға айдындана қараған ғимараттарды тілге тиек етуге болады.
Ел кіндігі – Арқа төсіндегі ару қала Астананың осынау аз уақыт ішінде тек Қазақстанның ғана емес, төрткүл дүниенің толғақты проблемаларын талқылап, тиімді түйіннің шығарылуына сеп болатын жаһандық орталыққа айналды. Бұған Астанада ЕҚЫҰ саммитінің, VII Қысқы Азия ойындарының, Ислам конференциясы ұйымы форумының, Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерінің өткізілуі сол сөзіміздің құрғақ еместігін аңғартады. Былтыр ел төрінде «Астана «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің өтуі де Елорданың ертеңі еңселі қала екенін тағы бір қуаттай түседі.
Ендеше 20 жыл ішінде қаншама биік-биік белестерді бағындырған бас қаламыздың торқалы тойын ел-жұрт болып атап өту үлкен мәнге ие болып отыр.
Дүниежүзін тамсандырып, таңдай қақтырған шаһардың 20 жылдық мерейлі мезетін атап өту үшін республикалық бюджет есебінен 19 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінетіні белгілі. Еліміздің мәдениет және спорт министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі ел қазынасынан бөлінетін бұл қаржы торқалы той үшін әзірленген арнайы шаралар үшін бөлініп отырғанын, және ол санаулы күнмен шектеліп қалмай, бірнеше айға жалғасатынын мәлімдеп отыр. Бүгінгі таңда осы республикалық мерекеге орай 645 шара өткізу белгіленген. Олардың ішінде Мария театрының гастрольдік сапары, халықаралық Канн кинофестивалі – 2018 аясындағы қазақ киносының апталығы, Нью-Йоркте болатын Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік музей қорындағы картиналардың көрмесі, Voise of Astana эстрада әндерінің халықаралық фестивалі, «Қазақстан барысы» республикалық қазақша күрес турнирі, XIV халықаралық «Еуразия» фестивалі, I халықаралық Wide World театрлар фестивалдерін өткізу белгіленген. Мұнымен қатар, The Spirit of the Dance этностық музыка мен халық биі фестивалі, халықаралық ақындар айтысын ұйымдастыру да мақсат етілген.

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ.