«ЦИФРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН» – ДАМУҒА БАСТАЙТЫН ДАРА ЖОЛ

Айшылық алыс жерлерде ауқымды
арналар
таратылады

Елбасы бекіткен «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасының басты мақсаты – көптеген салаларды барынша дамыту болып табылады. Осы бағытта еліміздің бірқатар салаларын цифрландыру процесі ырғақты жүргізіліп жатыр. Өз кезегінде бұл телекоммуникация нарығына да үлкен өзгерістер әкелуде. Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі эфирді цифрлы телерадио хабар таратуға көшіру жұмыстарын бастап кетті. Соның негізінде ауыл мен қала халқының телерадиолардан хабар алу алшақтығы айтарлықтай азая түспек. Аталған министрлік осы жылдың өзінде еліміздегі үш облыс цифрлы хабар таратуға ауысатынын мәлімдеп отыр. Олардың қатарында Маңғыстау, Жамбыл облыстарымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысының болуы көңілге қуаныш ұялатып отыр.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Оңтүстік Қазақстан облысының цифрлық телевизиямен қамтылуы жергілікті жұрттың ақпараттарды жоғары сапада қол жеткізуіне зор мүмкіндік тудырып тұр. Айталық егер облысымыз цифрлық телевизияға көшірілсе орталықтағы аумақтар 30 арнаға дейін, ал шалғай ауылдағы көрермендер бұрынғыдай 3-4 арнаны місе тұтпай, бас-аяғы 15 телеарнаны тамашалай алады. Таралымы ауқымды әрі қазіргіден бірнеше есе көп телеарналар үшін халықтан қаржы талап етілмейді. Яғни, телеарналарды тамашалау абонеттік өтемақысыз жүзеге аспақ.
Бүгінде осы бағытта нақты іс-шаралар жоспары бекітілген. Соның негізінде республикада 800-ден астам радио және телевизия стансасын салу және жаңғырту жоспарға енгізілген. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі дәл қазіргі таңда 356 станса салынғанын, жыл аяғына дейін тағы 292 стансаның құрылысын бітіру межеленіп отырғанын алға тартты. Мұның өзі ел халқының 90 пайыздан астамын сандық технологияға негізділген телевизиямен қамтылуына кең мүмкіндік беретінінен хабар береді. Алға қойған ауқымды шара бойынша қалған стансаларды модернизациялау 2019-2020 жылдары толықтай аяқталып, пайдалануға беру жоспарланған.
Стансаларды жаңарту ақпараттық өнімнің сапасын едәуір арттыра түспек. Соның негізінде көк жәшіктегі көріністер мен дыбыстардың сапасы барынша арта түспек. Қала халқы мен ауыл жұртының арасындағы ақпараттық алшақтықты айтарлықтай азайта түсетін сандық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толықтай көшуге ең алғаш Маңғыстау облысы қол жеткізетін болады. Бұл ағымдағы жылдың қазан айында жүзеге асады. Ал Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының цифрлы телевизиямен қамтылуы үстіміздегі жылдың желтоқсан айында іске асады.
Төрткүл дүниедегі көптеген мемлекеттерде қолға алынып жатқан мұндай жүйеге Қазақстанның кезең-кезеңімен толықтай көшуі 2020 жылға дейін іске асады.

Сандық жүйе
саннан сапаға
көшіреді

Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Ол цифрлы технологияның көмегімен кез келген қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін айтарлықтай арттыруға ерекше серпін береді. 2017 жылдың желтоқсанында бекітілген бағдарлама «Экономика салаларын цифрландыру», «Цифрлы мемлекетке көшу», «Цифрлы Жібек жолын іске асыру», «Адами капиталды дамыту», «Инновациялық экожүйені құру» сынды бес негізгі бағыт бойынша жүзеге асатыны белгілі.
Кешенді бағдарламаның «Цифрлы мемлекетке көшу» бағытының басты межесі –азаматтардың мемлекеттік қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарына сабылмай-ақ электронды портал көмегімен қол жеткізуі болып табылады. Соның негізінде қолға алынған нақты жұмыстар нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысында ауыз толтырып айтарлықтай тірліктер түзіліп келеді. Нәтижесінде халыққа қызмет орталықтарының жұмыс жүктемесі едәуір азая түскен. Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының еліміз бойынша 341 фронт офисі (ХҚО) азаматтарға 621 мемлекеттік қызмет түрлерін ұсынатын болса, соның ішіндегі 452 қызметті азаматтардың электрондық үкімет порталы арқылы алуларына мүмкіндік жасалған. Аймақтағы халыққа қызмет көрсету орталықтары жергілікті жұртқа екі жыл ішінде 10 миллионнан астам қызмет түрлерін көрсеткен. Оның 7 миллионы электрондық нұсқада іске асқан. Осы негізде штаттық кестенің тиімділігі мен мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын артыру үшін ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап облыстағы 29 фронт офистің қызметі тоқтатылған. Олардың 4-уі Шымкент қаласында, қалғандары Сайрам, Бәйдібек, Қазығұрт, Мақтарал, Сарыағаш, Ордабасы, Созақ, Түлкібас, Шардара аудандары мен Кентау, Арыс қалаларында болғанын айта кетейік.

Жаңашылдықты жұрт жылы
қабылдауда

Мемлекетімізде «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясының» құрылғанына биыл екі жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде ол өзінің тиімділігін толықтай дәлелдей алды. Мәселен, жыл басынан бері облыстағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында 1 миллион 600 мыңнан астам қызмет көрсетілсе, оның көпшілігі, дәлірегі 1 миллионы электронды нұсқада жүргізілген.
Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Еркебұлан Әлсейітов мәлім етті.
Сонымен қатар, ол үстіміздегі жылдың ақпан айында халыққа цифрлық қызмет көрсету орталықтары ашылғанын да айтып өтті. Соған орай азаматтарға ыңғайлы болу үшін өзіне өзі қызмет көрсету секторының жұмысы жолға қойылғанын айта кетейік. Мамандар бұл сектордың адамдар үшін өте ыңғайлы жоба екенін алға тартуда. Себебі екі жыл ішінде «Connection point» яғни, өзіне өзі қызмет ету секторы жүйесі аясында 1 млн. 800 мың қызмет көрсетілген.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бағдар етілген бес негізгі бағыт аясында 17 нақты міндет пен 120 жоба жасалған болатын. Соның негізінде түзілген пилоттық жобалар да жұрт талғамынан шығып отыр. Оған бір реттік пароль қызметі, түнгі халыққа қызмет көрсету орталығы, есту және сөйлеу қабілетінің бұзылуы бар азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету жобалары жатады. Мұнымен қоса дүние есігін енді ашқан сәбилерге туу туралы куәлікті «sms» арқылы алуды аймақтағы 3-мыңнан астам ана сәтті қолдана білген.
Халықтың цифрлы сауаттылығын көтере түсетін мұндай ауқымды шараларды нәтижелі іске асыру алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Жаңа жүйе Жер Ананы емдейді

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының игілігін барлық салада тиімді пайдалану кезек күттірмес мәселе. Осы бағытта еліміздегі «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының жер кадастры құрылымы ауқымды жобаны жүзеге асыруды қолға алудыбастап кетті. Өз кезегінде олар мемлекеттік жер кадастрын өзекті мәліметтермен қамтамасыз етуге белсене кіріспек. Соның негізінде республикамыздағы жер ресурстарының табиғи және шаруашылық ахуалы туралы деректер базасы іске қосылмақ. Мемлекеттік тапсырыс аясында іске асып жатқан бұл зерттеу жұмыстары туралы толық ақпарат «Жер кадастрлық сызбасы» сервисі арқылы www.aisgzk.kz сайтындағы бірыңғай мемлекеттік жер реестрінде тіркеледі. Ол жерде тіркелген жер телімдерінің кадастрлық нөмірі, құқықтық түрі, сапасы мен орналасқан жері тез әрі дәл анықталатын болады. «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жер кадастры департаменті айналысып жатқан бұл жұмысты еліміздің кез келген азаматы, әсіресе ауылшаруашылық ісімен айналысатын адамдар өз игілігіне жарата алатын болады. Егер диқандар шаруашылық жүргізуді мақсат еткен жер телімінің генетикалық құрылымымен хабардар болу арқылы, ол аумаққа нендей дақылдың тез тамыр тартып кете алатынын, қайсыбір өнімнің бітік шықпайтынын дәл білетін болады. Бұл мемлекет үшін де диқан үшін өте тиімді екені айдан анық. Бұдан корпорация атқарып жатқан жер кадастры ғылыми өндірістік жұмыстарының маңыздылығының жоғары екенін айқын аңғаруға болады.
Бүгінде Қазақстанның жер аумағы 272,4 млн. гектарды құраса, оның 81,3 пайызы ауылшаруашылық алқаптары болып табылады. Корпорация мамандары жасап жатқан кешенді жобада сол алқаптағы топырақтың құрамы мен құнарлылығы түгел тұтас елек-екшеліп, ол арнайы құрылған деректер базасына ендіріледі. Қазірдің өзінде арнайы жүргізілген зерттеу негізінде топырақтанушы, геоботаник мамандары 630 мың гектар егістік алқабының тұзданып, сор топыраққа айналғанын анықтаған. Соған сәйкес ол жер телімдерінің иелеріне жердің тұздануына қарсы күресті күшейту туралы ұсыныстар берілген.

С. НҰРАЙ.